Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Нысанбай ақынның «Кенесары-Наурызбай» дастанындағы тарихи шындық көріністері - АРҚА АЖАРЫ

Нысанбай ақынның «Кенесары-Наурызбай» дастанындағы тарихи шындық көріністері

Жалпы әдебиет пен тарих егіз. Егіз болатын себебі әдебиетке тарихтың қалың қатпарлы шындығы, қилы құбылысы сәулесін түсіріп,

ерекше болмысымен көрініс табады. Тарих шындығы суреткердің кестелі тілімен өзінше өрнек тауып,тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар болмысы жанды рухпен дәуірдің тарихи сипатын көркем шежіре ретінде жақсы аңғартады. Ағылшын жазушысы Валтер Скоттың тарихи романдарында ағылшын тарихының ортағасырлық кезеңі көлбең берсе,ал Бальзак, Гюго, Стендал, Теккерей, Диккенс романдарында оқырмандардың көз алдынан ХІХ ғасырдағы Еуропа тарихы тізбектеліп өтеді.

Орыс әдебиетіндегі А.С.Пушкиннің «Капитан қызы», Л.Н.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі», А.Толстойдың «Петр І»-і тарихи тақырыпқа жазылған ірі туындылар. Ал қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа түрен салған туындылардың қатарында М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан бастап, кейінгі буын жазушылар М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, С.Сматаев, Д.Досжанов, Х.Әдібаевтар т.б. тарихи тақырыпқа жазылған прозалық туындыларын атауға болады.
Өткен дәуір әдебиетін еске алсақ, бүкіл жыраулар поэзиясының өзегі – тұнған тарих. Тарихи жырлардың өзегінде де қатпарлы тарих сөйлеп қоя береді.
Көркем әдебиеттегі ерекше тақырыптардың бірі –
Кенесары тұлғасы, Кенесары қозғалысы. Бұл тақырыпқа барған ескілікті ақындар – Нысанбай, Досқожа, Жүсіпбек қожа, Жамбыл, Доскейлерді былай қойғанда, бертінде Мағжан, М.Әуезов, Қ.Бекхожин, І.Есенберлиндер Кенесары, Наурызбай тұлғаларын көркем бейне ретінде әдебиетімізде айшықтады.
Біздің әңгімеміздің өзегі – Нысанбай ақынның «Кенесары-Наурызбай» дастанындағы тарихи шындық көріністері болмақ. Нысанбайдың «Кенесары-Наурызбай» дастаны 1912 жылы Қазан қаласында Жүсіпбек қожа Шайхисламұлының құрастыруымен алғаш рет жарық көрген.1923 жылы Ташкент қаласында алаш ардагері Х.Досмұхаммедұлының құрастыруымен жеке кітап болып баспадан жарық көрген. Кітапқа жазған алғысөзінде Х.Досмұхаммедұлы былай дейді: «Кенесары, Наурызбайдың Алатаудағы соғысы туралы Нысанбай ақынның шығарған өлеңі бүтін қазақ арасына жайылулы. Дұрысталып тасқа басылып шықпаған соң, Нысанбайдың өлеңі өзгеріп, әр жерде әр түрлі айтылады. Әсіресе, Түркістан арасындағы қазақтардың айтып жүрген «Кенесары-Наурызбайында» көп жалған бар. Ел ішінде айтылып жүрген өлеңдердің көбі қырғызды жамандап, мұқатып, кемітіп, орынсыз қазақты мақтайды. Екі рудың арасына орынсыз алакөңілдік кіргізеді.
«Кенесары-Наурызбайды» қазақ-қырғыз білім комиссиясының шығарудағы мақсаты мынау болды:
1) Алатаудағы соғыс туралы Нысанбай ақынның шығарған сөзінің дұрыс нұсқасын беру; 2) Ел арасындағы Нысанбай сөзі аталып,сыңар езу сөйленіп жүрген сөздердің әсерін жою; Ел арасындағы Нысанбай сөзі аталып, сыңар езу сөйленіп жүрген сөздердің әсерін жою; 3) Мектептерде оқылатын ана тілі үшін тарихи поэманың үлгісін беру; 4) Ел әдебиетінен алынған сөздерді қалай етіп шығару туралы қолдан келгенше үлгі көрсетіп, жол салу. Нысанбай ақынның «Кенесары-Наурызбай» деген сөзін дұрыстап, 1896 жылы Әбубәкір Диваевқа берген Жүсіпбек Басығараұлы екен. Біздің естуімізше, Жүсіпбек сумұрын жаппас Ораз деген ақынға жаздырып алған. «Кенесары-Наурызбайды» баспаға берместен бұрын, бірқатар қырғыз туғандарымыздың оқығандарына көрсетіп, олардың сынына салдық, олар жағынан ешбір бөтен сөз болған жоқ».
Бұдан Нысанбай ақынның «Кенесары-Наурызбай» дастанына кезінде алаш арыстарының да аса мән бергені байқалады. Дастандағы тарихи шындықтың дәл берілуі, яғни, оның тарихилық сипаты жайындағы жоғары, зор бағаны ұлы жазушы Мұхтар Әуезов әділдікпен бере келіп, былай деп жазады: «Кенесары- Наурызбай жорығы туралы кейінгі талай ақын талай түрлі өлең шығарса да, дәл Нысанбай жеткен өріске жеткен емес. Нысанбай жырында оқушының көз алдында ағып отырған қандай қызулы, жанды шындық бар. Бұл өлең ақын қиялының еріккендегі ермегі емес. Барлық сөзінде сол жорықтың қуанышы мен қайғысын кеше ғана көз алдынан өткізген, көзі көргеннің жаңалығы бар. Көп қолмен бірге кешегі тарыққан қайғы, мұң, арманы бар. Өзі сол оқиғаның адамы. Сондықтан, әңгіме тізуінде жаңылмайтын сенімділік бар. Сонымен бірге, Нысанбай ел ақындығының дағдысынан да жаңылмайды. Әңгімелі өлеңге өзінің ақындық пішінін кіргізбейді. Өзі көлденең отырып айтқан айтушыдай бойын аулақ ұстап, шын істі жасырмай дәл айтады. Анда-санда аузынан шығып кететін өртті арман, жалын болмаса әңгіменің көп жерінде қырғыз бен қазаққа тең ақын болып сөйлейді».
Дастанның идеялық-көркемдік жетістігін, көркемдік құндылығын дөп басқан Мұхтар Әуезовтің осы пікіріне Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Әбділда Тәжібаевтың дастан жайындағы мына бір пікірін қоса кетейік: «Мұхтар Әуезов өте ірі тұлға және көреген ақын деп санаған Нысанбай ХІХ ғасырда өмір сүрген, көкшетаулық, Кенесары ханның ең жақын достарының бірі, оның сүйікті жырауы.
Нысанбай жырлаған Кене хан біздің дәуіріміздегі ең ірі тарихи дастандардың бірі және соңы деуге болады. Кене мен Наурызбайдың Набыт болған күндеріне дейін барлық трагедиялық қайшылықтарын түгел жеткізе суреттеген қазақ елінің сүйікті дастаны. Бұл дастан кейін Кене ханмен бірге жабылды, оны ауызға алу қылмыс саналды. Сол ғажайып дастанның күні бүгін туды. Жаңа ұрпаққа, талантты оқырман қауымға ұсыну керек».
Дастанда көптеген тарихи фактілер ізі өзгеріссіз алынады. Кенесары Қасымұлы қозғалысын алғаш зерттеген қазақ тарихшысы Е.Бекмаханов өзінің «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиялық зерттеу еңбегінде Кенесарының Мерке қамалын алуына байланысты мынадай фактіні келтіреді.
«Балқаш пен Іле аймағынан ығыстырылған Кенесары 1846 жылы Қоқанға қарсы күресті одақтарсыз, тек өзіне қосылған Ұлы жүз қазақтарының күшімен бастауға мәжбүр болды. 1846 жылы ол Әулие ата (қазіргі Тараз қаласы) ауданына басып кіріп, Мерке қамалын қоршауға алды. Сәл ғана қарсылықтан соң, «датқа» (қамал коменданты) өзінің гарнизонымен берілді және соның белгісі ретінде өзінің «Қызыл ауыз» атты сәйгүлігін Кенесарыға сыйға тартты. Датқа сонымен бірге Пішпек құсбегімен және қырғыз манаптарымен уақытша бітім туралы келіссөз жүргізуге де уәде берді». Осы оқиға дастанда былайша жырланады:
Кенесары-Наурызбай
Келтіріп жүр кертіне!
Шауып, жаншып, талатты,
Қырғызды қоймай еркіне.
Бір бөлек қырғыз қалмады,
Қашып барып беркіне.
Бақытты шауып тұрғанда,
Кене хан жетті сертіне.
Шауып алды тал түсте,
Аспара мен Меркені.
Он екі мың кісінің,
Көбі дулат халқы еді.
Егескенде мұқату –
Хан Кененің салты еді.
Меркенің тұтқан ұлығы,
Меделі деген сарт еді.
Ақауыз деген арғымақ,
Меделі берген ат еді.
Ауызға кіріп сөз болған,
Тұлпардан артық зат еді.
Бір айырмашылық, датқаның Кенесарыға сыйға тартқан сәйгүлігі тарихи зерттеуде «Қызыл ауыз» делінсе, дастанда «ақауыз» делінеді. Дастанда Кенесарының жанында болған негізгі қазақ батырлары аталады:
Он бес атты ап келді
Меңдібай, Дулат, Ағыбай
Он екі атты ап келді
Шәкір,Жәуке,Толыбай.
Он төрт ат бар қолында
Қабан менен Бұқарбай,
Құрбан келді төрт атпен,
Нөпірі шығып тұлпардай.
Кенесарыға опасыздық жасаған Рүстем төре мен Сыпатай батырдың қылығы тарихшы Е.Бекмаханов еңбегінде былайша келтіріледі: «Екіншіден, қазақ сұлтаны Рүстем және Сыпатай би Кенесары қозғалысына тоналудан қорқып қосылған адамдар еді. Шайқас болардың алдындағы түнде олар Кенесары жасақтарынан қашып кетті. Ол туралы Мәдбек Бекқожаев былай дейді: «Сыпатай мен Рүстем төре түнде өз жерлерін бөліп алып, Шу өзенінің арғы жағына өтіп, «Мықан суына» жеткен соң өткел іздеп, таң атқанша жүрді. Осы кезде оларды қырғыз әскері байқап қалып, шабуыл жасады. Артта жау, алда өткел бермес батпақ су, міне, осындай жағдайда қазақтар қырылып, бір бөлігі қолға түсті».
Сыпатай мен Рүстем көрсеткен қызмет ұмыт қалған жоқ. Кейіннен манап Жантай Қарабеков Сібір қырғыздары шекара бастығынан сұлтан Рүстемді наградтауды сұрай отырып, былай деп жазды: «Рүстем сұлтан мен Сыпатай Әлібеков би әскерлерін алып, кетіп қалды да менің Кенесарыны жеңуіме жағдай жасалды» Үшіншіден, Қоқан бектері өз әскерлерін Орман манаптың қарамағына берген-ді». Кенесарының жеңілуіне әкеліп соққан бұл жағдай дастанда:
Алты ай шауып жол болған
Шу мен таудың арасы.
Бұл сапарда қазақтың,
Болмады қабыл тәубасы.
Рүстем менен Сыпатай –
Дулаттың нағыз баласы.
Үндес болды қырғызбен,
Әне, ауыздың аласы!
Он екі мың дулатты,
Қашырды түнде, расы.
Жамандық қылған мұндардың,
Мойнына болсын жазасы.
Қазақтың көбі қырылды,
Қалды ма екен табасы?! –
деп берілген.
Дастанда қазақ жағынан Кенесары, Наурызбай, Бұғыбай, Байұзақ датқа, Меңдібай, Дулат, Ағыбай, Шәкір, Жәуке, Толыбай, Бұқарбай, Құрман, Құдайменді, Ержан, Рүстем, Сыпатай, Балқожа, Медеу, Қасым, Саржан, Есенгелді есімдері аталса, қырғыз жағынан Кәрібоз, Жанқараш, Жантай, Бидері, Ораз сияқты адамдардың есімдері аталады.
Нысанбай ақынның «Кенесары-Наурызбай» жырында Кенесары Қасымұлының Патшалы Ресейдің отаршыл әскерімен он жыл бойы күрескен оқиғалары, Қоқан, Хиуа хандықтарымен болған соғыс суреттері көрініс таппайды. Нысанбай жырында Кенесарының қырғызға аттанған соңғы жорығы ғана арқау болады. Кенесары опат болған Кекілік тауындағы соңғы шайқаста көңілін қайғы-мұң, зар басқан ақын көңілі мына жолдардан айқын байқалады:
Кенекем менің кеткен соң,
Заманым қалды тарылып.
Салтанатты хандардан
Жетім қалдым айрылып!
Екі бірдей қанатым
Топшыдан сынды қайрылып!
Балдағы алтын ақ берен
Тасқа тиді майрылып.
Кемшілік түсті басыма
Көрінгеннен қаймығып.
Сағыныш сарғайтқан көңілмен «Көп сарғайып келместей Кене хан саған не болды…» деп, «Кенекемді қалдырып көк бурыл саған не болды…» деп тоқтайды.
Дастанның көркемдік құндылығын, сұлу өрнегін Мұхтар Әуезов өте жоғары бағалаған. Ол былай деп жазады: «Кенесары жырындағы өлең тілі ерекше сұлу кестелі тіл, оқушыға ұғымды, артынан лепілдетіп ертіп отыратын құрыш қайратты қызу бар. Ақынның жанын салған қызумен, шын сезімін білдірген міні жоқ. Ұзақ қайғы өлеңі болып шығады. Өлең тілі құр ғана ұйқасы мен қызуын қуған сөз емес, сол заманның кестелі сұлу, шешен түрлерінен құралған сап алтындай жұмыр келетін кесек тіл. Өлеңдері ерекше отты келетін соғыс суреткері мен айтыс, талас сөздер. Соғыста еске алатын үлкен оқиғаның бірі қалмай, тізілген ақынның ірі суретшілдігін білдіретін өзгеше шеберліктері бір емес, әлденеше жерде келеді».
Бұл жыр кәсіби тарихшы маманға да кезеңнің тарихи болмысын бағамдауға зор септігін тигізері хақ. Нысанбай ақынның «Кенесары-Наурызбай» дастаны халқымыздың қайғылы да дүбірлі беттерінен сыр аңдатып, ұрпақ жадында мәңгі қалары даусыз.

Сәбит ЖӘМБЕК,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемелекеттік университетінің профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар