Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мақсатым – жазғы Олимпиада! - АРҚА АЖАРЫ

Мақсатым – жазғы Олимпиада!

Өзінің туған елі мен туған жерінің намысын қорғап жүрген әр спортшы үшін жаңа жылда жаңа табысқа жетіп, спорттық жетістіктерін молайта түсу басты мақсаты болса керек. Мен де күні кеше 2018 жылға осындай оймен қадам басқан едім.

Енді міне, арада он екі ай өте шыққанда, сол діттеген межеме жеткеніме қуанышты екенім айтпасам да түсінікті. Ең алдымен айтарым, бұл жыл да мен үшін шаршы алаңда табысты өнер көрсету тұрғысынан алып қарағанда, тынымсыз тер төккен ізденісті жылдардың бірі болды. Кез-келген басқа саладағыдай, спортта да барыңды салып, өз-өзіңді алға жетелемесең, жеңістің ауылы алыс. Бұл әркім аңсайтын биікті тек бойында күш-жігері барлар ғана ойдағыдай еңсере алады. Ал, ондай мықты боксшылар өзім де бір мүшесі болып табылатын біздің Қазақстан ұлттық құрамасында аз емес. Олар Қайрат Ералиев, Абылайхан Жүсіпов, Асланбек Шымбергенов, тағы басқа да жігіттеріміз. Соған қарамастан әрине, Қазақстан бокс федерациясы биылғы маусымның қорытындыларын шығарғанда, 2018 жылдың үздік боксшысы деп мені танығаны өзім үшін үлкен бір күтпеген оқиға болғанын жасыра алмаймын. Содан бері спорттағы достарым мен жанкүйерлерім де осы қуанышыммен үздіксіз құттықтап жатыр. Жаңа жыл алдындағы бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, бәріңізге де сол үшін шын жүректен мың да бір алғысымды білдіремін. Әрине, бұл арада мені осындай биікке көтерген еліміздің бокс федерациясына көп рахмет.
Бұл орайда, федерация менің бұған дейін Қазақстан боксына қосқан азды-көпті үлесімді де, яғни, 2013 жылғы Азия біріншілігіндегі жеңісімді, сондай-ақ, 2015 жылы «Astana Arlans» командасының сапында Бүкіләлемдік бокс сериясының жеңімпазы болғанымды да ескерген болуы керек. Қалай дегенде де, 2018 жылы еліміздің ең үздік боксшысы атануым өз басыма үлкен жауапкершілік жүктейтіндігі әрі жаңа жеңістерге жетелейтіндігі айқын.
Шынын айтқанда, 2018 жылдан үмітім бұдан да зор еді. Алдымен, Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өткен Азия ойындарында алтын үшін күресемін деп барып едім. Бірақ, «бап шаба ма, бақ шаба ма?» дегендей, жолым болмады. Сондықтан, биыл тек ел чемпионаты мен Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогын ғана ұтып алдым. Сосын «Astana Arlans» командасымен Бүкіләлемдік бокс сериясының финалына жеттім. Сол ақтық сында өз салмағым бойынша қарсыласымнан басым түскенім және соңғы біріншілікте Қазақстанның бес дүркін чемпионы атағына қол жеткізуім биылғы табысымның негізін қалады деп білемін.
Жалпы, осы арада ерекше атап өтетін бір жай, 2018 жылы еліміздің бокс федерациясы Ақмола облысы бокс өкілдеріне бұрын-соңды болмаған жоғары баға берді. Атап айтқанда, менің жеке бапкерім Қуанышпай Қоқышев «2018 жылдың үздік жаттықтырушысы» аталымы бо-
йынша жеңімпаз атанды. Қуанышпай аға шынында да, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, елімізге танымал талай былғары қолғап шеберін тәрбиелеп шығарған бесаспап маман. Соған орай, осы спорт түріндегі қажыр-қайраты да лайықты бағасын алып отыр. Тағы бір қуаныш, өтіп бара жатқан жылдың бокстан үздік төрешісі болып тағы да Ақмола облысынан AIBA-ның халықаралық дәрежедегі төрешісі Арман Бүркітбаев танылды. Ағалар жолын лайықты жалғастырып, осы үштіктен көріну мен үшін де әрине, үлкен абырой.
Сонымен, осындай жетістіктерімізден кейін 2018 жылғы тақа өкпе болмағанымен, көңілде кейбір әттеген-айлар да жоқ емес, бар. Оның бірі – жоғарыда айтқандай, жолым болмаған Азия ойындары. Сол сияқты, Бүкіләлемдік бокс сериясында да финалдық кездесуде командалық жеңіске жете алмағанымыз. Енді міне, осы жарыста талай рет атой салған сол «Astana Arlans» тарайын деп жатыр. Талай жыл осы команда да өнер көрсеткендіктен, бұл жайсыз хабардың да оңай соқпай отырған жайы бар.
Сонда да сөзімізді көңілді райға бұрсам, маған Қазақстанның бес дүркін чемпионы атануыма тәртіп пен еңбексүйгіштігім көмектесті. Мұндайда әр жарысқа тыңғылықты дайындалмасаң болмайды. Әрине, сәттілік те кейде көмектесуі мүмкін, дегенмен, істі шешетін тәртіп пен спорт режимін сақтауың және жаттығуда көп тер төгуің.
Әлі де болса, өз салмақ дәрежемде 2020 жылғы жазғы Олимпиадаға қатысуды армандаймын. Егер мен өнер көрсететін 49 келіге дейінгі осы салмақ дәрежесінде өзгеріс бола қалса, не істейтінімді ойламаппын. Алайда, бұл әзірше алып-қашпа сөз, сондықтан, Олимпиада ойындары бұрынғы ережемен өтетіндігіне сенімдімін. Осы салмақ дәрежесінде бокстасып келе жатқаныма көп болды, іс жүзінде барлық басты қарсыластарымды жете білемін. Сол себепті, алдымыздағы 2019 жыл мен үшін жазғы Олимпиадаға тағы бір қадам. Бұл жылы да бар мақсатым – барлық негізгі жарыстарға қатысып, бірінші орындарды жеңіп алу.
Менен көбі «кәсіпқой бокста өз күшіңді сынап көресің бе?» деп те сұрайды. Оны әлі білмеймін. Бірақ, кейде сондай ой туып қалады. Әуесқой бокс пен кәсіпқой бокс – екеуі екі түрлі нәрсе. Мәселен, кез-келген кәсіпқой боксшыны біз сияқты үш раундқа шығарса, шыдамауы мүмкін. Өйткені, бірден жоғары қарқын мен жылдамдық керек. Ал, әуесқойды кәсіпқой боксқа салса, 12 раундқа шамасы келмейді. Сондықтан, оған бара қалсақ, қосымша дайындық керек.
Өз басым қайда жүрсем де, Ақмола облысы бокс мектебінің өкілі екенімді мақтан тұтамын. Облысымызда спорт пен дене тәрбиесі жыл өткен сайын дамып, күш алып келеді. Лайым 2019 жылы да солай болсын. Оған өзім де лайықты үлесімді қосуымды жерлестерім алдындағы басты парызымның бірі деп санаймын.

Теміртас ЖҮСІПОВ,
бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар