Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақтың ғұламалары - АРҚА АЖАРЫ

Қазақтың ғұламалары

Көрнекті қазақ ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, республика Ұлттық Ғылым академиясының академигі Манаш Қозыбаевтың өмірден өткеніне де он алты жылдан асыпты. Біздің мемлекетіміздің тарихына зор үлес қосқан небір белгілі тұлғалардың есімдерін біз осы ғалымның арқасында естіп білдік. Оның еңбектері қазақстандық патриотизм сезіміне тәрбиелеп, ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықтың нығаюына ықпал етеді. Манаш Қозыбаев 900-ден астам ғылыми еңбектің, соның ішінде 30 монография, 35 жинақ пен көптеген мақалалардың авторы. Көрнекті ғалымның еңбектері бүгінгі таңда Ресей, Қытай, Түркия, Корея, АҚШ, Иран, тағы басқа мемлекеттерде жарық көруде. Манаш Қозыбаев осы заманғы Қазақстанның жас ғалымдарының ғылыми мектебін құрудың басында тұрған тұлға. Сондықтан, «Арқа ажары» газетінің бетінде осы ғалымның «Тұлғалар тұғыры – Пьедестал личности» кітабын оқығаннан кейінгі өз ойларыммен бөліссем деп едім.

Кез-келген халық сияқты, қазақ халқының да айтулы батырлары мен тұлғалы ұл-қыздары аз емес. Көп жағдайда олардың тағдыры ауыр болып келеді. Бір ғана жиырмасыншы ғасырдың өзінде Алаштың ондаған ақылды, білімді ұлдары өз өмірлерін туған халқының мүддесі үшін қиғаны белгілі. Олардың арасында Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин және тағы басқалары бар.
Академик Ермұхан Бекмаханов докторлық диссертациясын 31 жасында қорғады. Кеңестік тоталитарлық режим шегіне жетіп тұрғанда ол қазақ халқының ханы және батыры Кенесары Қасымұлы туралы кітап жазды. Сол үшін 1952 жылы 25 жылға сотталып, итжеккенге айдалды. Академик А.М.Панкратованың арқасында бұл кітап 1954 жылы жарық көрді.
Республиканы Филипп Голощекин мен Левон Мирзоян басқарып тұрған жылдары қазақтың зиялы қауымы ауыр жаланың құрбанына айналды. Олардан кейін республика партия ұйымының бірінші хатшысы болып Жұмабай Шаяхметов сайланды. Ол Е.Бекмахановты Орталық Комитет аппаратына жұмысқа алды. Сөйтіп, оған Кенесары ханның өмірі мен күрескерлік жолын егжей-тегжейлі зерттеуді тапсырды. Ол үшін осы тақырып бойынша патшаның полковнигі Катанаевтың қолымен жиналған материалдар сақталған архив қорларына жол ашты. Мұнымен бірге, Ж.Шаяхметовтың өз өтініші бойынша Анна Михайловна Панкратова Бекмахановтың ғылыми жетекшісі болуға келісімін берді. Бекмахановты қаралаған адамдар Шаяхметовтың өзіне де ұлтшыл деп қара күйе жақты. Оның Н.Хрущевпен келіспеген тұстарын осы кикілжіңге пайдаланды. Іс Ж.Шаяхметовтың Қазақстан Компартиясы (б) Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босатылуымен аяқталды.
Сол тұста Орталық Комитеттің аппаратында қызмет атқарған халқымыздың көрнекті перзенті Ілияс Омаров өткен ғасырдың 40-50 жылдары республикада Ж.Шаяхметовке тең келетін саяси қайраткерлер болмағандығын жазады. Жұмабай Шаяхметұлының халқына еңбегі көп сіңді. Оның арқасында Алматыда шет тілдер институты, Қыздар педагогикалық институты, қазақ педучилищесі, консерватория және Шымкент химиялық-технологиялық инс-
титуты ашылды. Соғыстан кейін оның тікелей басшылық етуімен Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясы құрылды. Ол кадрларды іріктеу және орналастыру жөнінен де көп жұмыстар атқарды. Республиканы басқаруға І.Омаров, Д.Қонаев, Ж.Тәшенов, А.Қанафин, Ж.Жанғожин және тағы басқа да көбі отыз жасқа енді ғана толған партия-кеңес қызметкерлері шақырылды. Ж.Шаяхметов республиканы, қазақ даласында тың жерлерді игеру жөніндегі Хрущев идеясына қарсы сөйлеген атақты сөзіне дейін, жиырма жылға жуық басқарды. Шаяхметов пен Бекмахановтың басындағы ауыр жағдайлардың куәгері Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» романын жазуға кіріскенде академик Манаш Қозыбаев «Ол бір біздің арыс-
тандай ақырған, жолбарыстай атылған, түлкідей айлакер, батыл азаматтар қызыл империяға қарсы ашық күресуге дәрменсіз кез болатын. Нақ осы тұста жеңін түрініп, елдің алдына Есенберлин шықты. Империялық қауіп-қатерден қорықпай, Кенесары ханның қаһармандық тұлғасын тамаша сипаттап берді» деп жазды.
Академик М.Қозыбаев мұнымен де шектелмей, Ілекеңнің құндылығы хақында өз ойын қазақ әдебиетінің шығыс халықтары әдебиетінің ең алдыңғы қатарында тұруымен байланыс-
тырады. Қазақтың прозасы мен поэзиясының соңғы ғасырда керемет дамып, өзінің шырқау биігіне жеткенін, сөйтіп, әлемдік әдебиеттің таңдаулы өкілдерімен бір қатарда тұрғанын атап көрсетеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақ әдебиетін әлемдік тұғырға көтерген біздің мәдениетіміздің көрнекті өкілдерінің бірі, ұлы жазушы Ілияс Есенберлин екендігін қадай айтады. Оны өзінің эпикалық шығармаларында халқымыздың көшпенді тұрмысын, оның қуанышты, қайғылы тұстарын жан-жақты көрсете білген қаламгер ретінде бағалайды. Әсіресе, «Көшпенділер өркениетін жабайы өркениет деп есептеген Еуропаның кеудемсоқ ғалымдары Ілекеңнің еңбектерімен танысқаннан кейін өз көзқарастары мен пікірлерінің қате екендігін мо-
йындауларына тура келді. Ол уақытпен санаспай тер төгіп, халқының көкейінен шыққан, оны биікке көтерген туындыларын жазды. Сол арқылы біздің шығармашылық зиялы қауымның ең таңдаулы өкілдерінің біріне айналды» деген пікірі көңілді ерекше толқыта түседі.
Қазақтың екінші бір осындай ержүрек ұлы деп Н.Хрущевке қарсы тұрудан тайсалмаған, сол өжет болмысымен республика құрамынан шығарып, Ресейге қосқалы тұрған Қазақстанның бес облысын қорғап қалған Жұмабек Тәшеновты айтуға болады. Н.Хрущевтің партияның ХХ съезінде Сталиннің жеке басқа табынушылығы туралы көпке белгілі баяндамасынан кейін КСРО мен ҚХР арасындағы қарым-қатынас күрт ушығып кетті. Кейін Хрущев бастаған делегация Қытайға барады. Ресми сапар барысында Қытай Коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы Мао Цзэдун делегация мүшелері жауап беруге қиынсынған бірқатар сұрақтар қояды. Сонда Ж.Тәшенов жұлып алғандай «Біз осында емтихан тапсыру үшін емес, екі елдің арасында қалыптасқан жағдайды талқылауға келдік» деп айтып салады. Осы сапар барысында Тәшеновтің тұйықтан алып шыққан тапқырлығына риза болған Хрущев онымен бірге суретке түседі.
ХХ ғасыр елімізге тек қана жоғарыдағыдай мықты саяси қайраткерлерді ғана емес, сонымен бірге, таңдаулы қазақ ғалымдарын да берді. Олар кейін үлкен ғылым қайраткерлеріне, академиктерге айналды. Мәселен, бүкіл Кеңес одағында құрмет тұтып, ерекше бағаланған асқан талант иесі Қаныш Имантайұлы Сәтпаев туралы осыны айтуға болады. Ол төрт мәрте Ленин орденімен, екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 1942-1958 жылдары Сталин және Ленин сыйлықтарының лау-
реаты жоғары атағына ие болды. Бірнеше мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, СОКП ХХ, ХХІ және ХХІІ съездерінің делегаты болды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қ.Сәтпаевтың 100 жылдығына арналған салтанатты жиналыста өз кезегінде Сәтпаевтың орасан зор жұмысының арқасында біздің еліміздің қорғаныс қуаты анағұрлым артқанын атап өтті. Нақты айтқанда, 1928-1940 жылдары оның күш-жігерімен Жезқазған-Ұлытау жартылай шөлейт аймағында қара және түсті металдардың сан алуан рудаларының тұтастай сериясы, атап айтқанда, алтын, вольфрам, қорғасын, марганец және басқа да пайдалы қазбалар барланды. 1946 жылдың 1 маусымында Ұлттық Ғылым академиясы құрылды. Оның бастауында Қаныш Сәтпаев тұрды. Әрі ол академияның тұңғыш президенті болып сайланды. Әлемдегі ең ірі Жезқазған тау-кен металлургиялық комбинатының құрылысы біздің өнеркәсібіміздегі ұлан-ғайыр оқиғаға айналды. Даңқты ғалым Орталық Қазақстанның өнеркәсіп орындарын техникалық сумен қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарды. Сонау 1948 жылдың өзінде Қаныш Имантайұлы асқан көрегендікпен Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру жөнінде ақыл берді.
Қаныш Сәтпаев 1926 жылы Томск технологиялық институтын тау-кен инженер-геологы мамандығы бойынша бітіріп шықты. Сол жылы Жезқазғанға қоныс аударып, онда 15 жыл қызмет істеді. 1941 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы (б) Орталық Комитетінің екінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтың және Үкімет басшысы Нұртас Оңдасыновтың шақыруымен Алматыға көшіп келіп, геология институтының директоры және КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының басшысы болып тағайындалады.
1942 жылы Қаныш Имантайұлын Қазақстан Компартиясы (б) Орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.Скворцов өзіне шақырып алып, жаңа ғана И.В.Сталиннен барлық одақтас республикаларға, облыстар мен аудандарға жолданған шұғыл хат келгенін хабарлайды. Хатта егер біз марганецтің бай қорларын таппасақ, майданда біздің ісіміз өте-мөте ауырлайтыны, қару-жарақ өндірісі баяулап, танктер шығару тоқтап қалуы ықтимал екендігі айтылады. Не істеу керек? Сол арада Қ.Сәтпаевқа ғалымдармен ақылдасып, осының жауабын беру және олармен әңгімеден кейін шұғыл іске кірісу тапсырылады. «Алматы қаласында тұратын барлық геологтар мен металлургтер орталық комитетке шақырылып отыр. Михаил Петрович Русаков бұл өте жауапты және тәуекелді іс дегенді айтады, сондықтан, бәрін саралап, дәптерлеріңіздегі жолжазбаларды қарап шығу үшін бір күн мұрсат беріледі» дегенді қосып қояды бірінші хатшы.
Келесі күні сағат таңертеңгі сегізде бір топ ғалымдар қайтадан орталық комитет аппаратында жиналды. Алайда, олардың бірде-бірі нақты ұсыныс айта алмады. Сол сәтте Скворцов Қаныш Сәтпаевқа қарады. Бұған дейін әріптестерінің өз ойларын ортаға салуларына кедергі келтірмей, үн-түнсіз отырған ол егер Алматыдағы геология басқармасы мен орталық комитет қолдау білдірсе, Жезқазған қаласынан алыс емес марганец қорларын екі-үш айда ашып, оны қанша керек, сонша жөнелтуге мүмкіндік барын жайып салды. Бұған өзінің осы сөзіне жауап беретіндігін және кімге болсын бұл пікірін дәлелдей алатындығын қосып қойды. Одан әрі әңгіме қолда бар қордың қаншасын қандай әдіспен игеруге болатындығы, бұл қанша шығынды қажет ететіндігіне ойысқанда, кабинетте отырғандардың бәрі ғалымның көрегендігіне таң қалды.
Сәтпаевтің бұл хабары ел ішінде нағыз қысылтаяң шақта азаматтық ерлік ретінде қабыл алынды. Екі күннен кейін Қара металлургияның халық комиссары И.Ф.Тевосяннан бұл идеяны қолдайтындықтары туралы жедел хат келді. 1942 жылы 17 мамырда Сәтпаевқа минерология ғылымдарының докторы атағы берілді.
1956 жылы жазда Қаныш Имантайұлы КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы А.Н.Косыгинге телефон шалып, өзін өте маңызды мәселе бойынша жарты сағатқа қабылдауын өтінеді. Бұл жоғары жақтың респуб-
лика ғалымдарының пікірін тыңдап, содан кейін барып тиісті шешім қабылдау тұрғысындағы өтініш еді. Әңгіме Ертіс-Қарағанды каналы жа-
йында болатын. Косыгин көтерілген проблеманың жай-жапсарын білетін. Алайда, оны көптеген ұйымдардың бұл құрылысқа қарсы екені, белгілі мамандардың құрылыс қымбатқа түседі деп ойлайтыны тежей беретін.
–Егер мәселе сондай маңызды болса, бүгін келсеңіз де қарсы емеспін,–дейді ғалымның өтінішіне төраға.
–Алексей Николаевич,–деп бастайды өз сөзін Қ.Сәтпаев қабылдау барысында,–мен сізді көптен білемін. Қандай да бір мәселемен алдыңызға келмейін, қашан болсын оны өзіңізге тән түсінушілікпен ойдағыдай шешіп бересіз. Сіз туралы осы пікірімді басқа бір ойға ауыстырып алғым келмейтіні бұл жолы да өзіме аян. Ал, бүгінгі мәселенің мәнісі мынада, біз осы уақытқа дейін Орталық Қазақстандағы мыс, қорғасын, марганец, барит пен темірдің бай қорының бір бөлігін де игеруге таңдау жасай алмай келеміз. Екібастұздың жер қойнауында бүгінгі күнге дейін Кеңес одағындағы пайдалы қазбалардың небір ең арзан, ең бай қоры бар. Орталық Қазақстанға үлкен су келмейінше, мұның бәрінің елдің кәдесіне асуы екіталай. Сондықтан, мен сізден осы қадамға баруыңызды сұраймын.
Косыгин қазақ ғалымына сол жолы бірнеше сауалдар қояды. Сөйтіп, барлық күмәні сейілгенде, өзіне көмекшісін шақырып алады да:
–Мына қағаздардың бәрін алып кетіңіз де, оның орнына шешім әзірлеңіз. Ертіс-Қарағанды каналын салатын боламыз,–дейді.
1947 жылы Қ.Сәтпаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі делегациясының құрамында Ұлыбританияға барады. Сөйтіп, ол кезде үлкен саясаттан бойын аулақ салған У.Черчилл мен Премьер-Министр К.Этллидің қабылдауында болады. Олардың бірқатар сауалдарына жауап береді.
Өзінің Алматыға бастапқы сапарларының бірінде Н.Хрущев Қаныш Имантайұлын өзіне шақыртып, «Англияның Премьер-Министрі Антони Иден мені мен Н.Булганинге бірде «Совет өкіметі көпұлтты мемлекет бола тұра, тамаша жетістіктерге жетті. Ал, Ұлыбританияда жағдай басқаша. Мәселен, бізде үлкен оқымыстыға айналып, өз елін әлемге танытқан академик Қ.Сәтпаев сияқты шағын халықтардың өкілдері жоқ» деді. Ол кезде біз Қаныш Имантайұлы, сіз туралы тақа білмейтінбіз. Сондықтан, Иден мырзаның сізді «қайда тұрады, немен айналысады?» деген сауалына жалпылай ғана жауап беріп, әңгімені басқа тақырыпқа ауыс-
тырып жіберуге мәжбүр болдық» деп өткен жайлардың бірін есіне алады. Содан кейін сөзін әрі жалғастырған Н.Хрущев:
–Енді міне, осы сапарымда сізбен кеңірек танысқым келіп, әдейі осы араға алдырып отырмын. Бүгінгі әңгімеден кейін сіз туралы бәрін білмесем де, көп нәрсені білемін ғой деген ойдамын. Егер маған өз тарапыңыздан әлдеқандай бір өтінішіңіз болса, қысылмай айтыңыз, тыңдауға да, шешіп көруге де дайынмын. Іс басқарушыма да осыны айтып қоямын,–дейді.
Міне, сол кездегі тәкаппар, менмен бас хатшыны да мойындатқан қазақ ғалымының ірілігі осы емес пе?!.
Ботан ОРАЗБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігінің тыл ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар