Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Желтоқсанда жарқ еткен бір жасын - АРҚА АЖАРЫ

Желтоқсанда жарқ еткен бір жасын

Биыл КСРО-ның ыдырауын жеделдеткен Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына 33 жылға аяқ басып толып отыр. 1986 жылдың 16 желтоқсанында Республика алаңына (сол кездегі Брежнев алаңы) жиналған қаншама студент және жұмысшы жастар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумында бірінші хатшы қызметінен босатылған Дінмұхамед Қонаевтың орнына ұлты басқа Г.В.Колбиннің тағайындалуына наразылық білдіріп, шеруге шыққан еді. Қазақ Республикасының басшысы қазақ болуын талап еткен мұндай оқиғалар сол күндері жалғыз Алматыда ғана емес, еліміздің басқа қалаларында да өткен болатын.

Соның бірі осы күні еліміздің астанасына айналып отырған бұрынғы Целиноград қаласы. Ондағы наразылыққа қатысқан жастардың ішінде ақмолалық Айшажан Рахметованың да болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Ұлтымыздың жанашыр жастарының ішінде жүрген Айшажан да оқуынан шығарылып, моральдық тұрғыда жапа шекті. Біздің ұсынысымызды жерге тастамай, сұхбат беруге келіскен ол басынан өткен оқиғаны былайша әңгімелеп берген еді.
– Мен Зеренді ауданының Үлгілі ауылында дүниеге келіп, сол жерде орта мектепті бітірдім. Желтоқсан оқиғасы болатын жылы Целиноград қаласындағы механикалық-технологиялық техникумында 2 курста оқып жүрдім. Мектепте де, техникумда да кілең «5»-ке оқып, үнемі алда жүретінмін. Қоғамдық жұмыс десе белсене араласып, кірісіп кететінмін, – деп сөзін бастады ол. – Жас болсам да сол кездегі халықтың әлеуметтік ахуалы мені жиі ойландыратын. Ана тіліміз бен дініміздің, салт-дәстүріміздің жоғалып бара жатқаны жаныма қатты бататын. Екі қазақ кездессек орысша сөйлеуге міндетті болатынбыз. Барлық жоғары оқу орындары тек орыс тілінде білім беретін. Жалғыз мен ғана емес, сол кездегі студент жастардың бәрі де осыны ойлап қамығатынбыз. Қазақ мектептері мен балабақшалары түгел жабылып жатқанда жүрегіміз ауыратын. Өзіміз іштей тынып жүргенде «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, желтоқсанның 16-сы күні біздің елімізді басқаруға Колбинді әкеліп қойыпты деп естідік. Бұл жағдай бәріміздің ашу-ызамызды тудырды. Сол түні біздің жатақханаға басқа оқу орындарының жігіттері келіп таңертең бәріміз алаңға жиналамыз деп ескертіп кетті. Біз түнімен неше түрлі ұрандар жаздық.
Таңертеңгі сағат сегізде бүкіл қала жастары орталық алаңға жиналдық. Біз келгенде алаңда бірнеше жүздеген жастар жиналып қалған екен. Менің қасымда Раушан Уатаева есімді құрбым бар. Екеуміз қолтықтасып алаңда бірге тұрдық. Күннің суығына қарамастан жиналған жастар Ресейге бағынғымыз келмейтінін, өзіміз жеке тәуелсіз ел боламыз, өз елімізді өзіміздің қазақ басқаруын қалаймыз деп ұран көтердік. Бірақ үкімет басшыларынан бізді тыңдаған кісі болған жоқ. Керісінше, олар бізге темір таяқпен, саперлік күрекпен қаруланған әскер жіберді. Бір кезде олар жастарды ұрып-соғып қуа бастады. Біз жан-жаққа қаштық. Айғай-шу, жанжалдың ішінде жүгіріп келе жатқан менің арқамнан бір нәрсе сарт етіп тигенін білемін. Мен етпетімнен құладым. Қасымдағы құрбым мені тұрғыза бергенде екеумізді бір топ милиция келіп екі жағымыздан қолымызды бұрап бір машинаға әкеліп тығып жіберді. Бізді көптеген қыз-жігіттермен бірге бос тұрған үлкен үйге әкеліп кіргізді.
Тастай суық үйде қазақтың жүздеген өрімдей қыздары мен жігіттері бір жарым күндей қамауда отырдық. Арамызда институттың 3-4 курс жігіттері болған, солар бізге «Біз дұрыс істедік, қорықпаңдар! Біз болмасақ, кім айтады? Қашанғы орыстарға бодан боламыз» деген сияқты сөздермен көңілдері түсіп қалған жастардың рухын оятып, күш, жігер берді. Ертеңінде кешке қарай бірнеше адамнан құралған комиссия келіп аты-жөнімізді, қайда оқитынымызды түгел жазып алды да бәрің де оқудан шығасыңдар деді. Сол күні бізді босатқан соң, құрбым екеуміз жатақханаға келсек, директор шақыртып жатыр екен. Біз екеуміз де өте жақсы оқитынбыз. Сондықтан, оқудан шығарады дегенге сенген жоқпыз. Бірақ бізді кеңес үкіметіне қарсы шыққан халық жаулары деген айыппен ешқандай сөзге келместен әп-сәтте оқудан шығарды да жіберді. Тіпті, жатақханадан да дедектетіп қуып шықты десем де болады. Сол кезде маңдайымыз тасқа соғылғандай күй кештік. Біз ол кезде баламыз ғой, Кеңес одағының қитұрқы саясатына қарсы шығамыз деп осылай тағдыр тәлкегіне түстік. Ауылға қайтқымыз келмегендіктен құрбым екеуміз жұмыс іздедік. Раушан апасының көмегімен тез жұмыс тауып алды да мен айдалада өзімді жалғыз қалғандай сезіндім.
Көңілім түсіп қатты қамығып жылап тұрғанымда қасыма үстінде милиционер формасы бар бір қазақтың жігіті келіп жағдайымды сұрады. Есімі Әбілқасым ба екен, әлде Әбілхасенов па, анық есімде жоқ, сол жігіт мені жұбатып диірменге әкеліп жұмысқа орналастырып, жатақхана алып берді. Сол адам осы мақаламды оқыса, газет арқылы өзімнің үлкен алғысымды білдіргім келеді. Себебі, тағдырымнан қатты түңілген кезімде көмекке келген осы адамның жақсылығы мені өмірге қайта әкелгендей болды. Сөйтіп, мен диірменде бір айдай жұмыс істедім. Жатақханада өзіммен бірге оқыған Нұрсұлу, Кәмшат есімді қыздармен тұрдым. Бір күні жұмыстан келсем, бөлмемде шешем отыр. Олар ауылға демалысқа барған студенттерден менің жағдайымды естіген ғой. Содан артынып, тартынып жетіпті. «Біз сені жұмыс істеуге емес, оқуға жібердік. Неге ол оқиғаға қатыстың» деп біраз ұрысты. Сосын жұмысымды істеткізбей ауылға алып келді. Кейін тұрмысқа шығып, сәбилі болған кезімде Целиноградтағы механикалық-технологиялық техникумынан хат келді. Келіп оқуымды жалғастыруымды өтініпті. Бұл кезде еліміз тәуелсіздік алып, желтоқсаншылардың бәрін ақтап жатқан кез еді. Мен қолымда сәбиім болғандықтан бара алмадым және көңілім қатты қалған болатын. Кейін де баруыма болушы еді, бірақ «не жазығым бар еді» деген сызат кетпеді.., – деп Айшажан әңгімесін түйіндеп үнсіз ойланып отырып қалды.
Желтоқсан оқиғасы – қазақ тарихындағы ақтаңдақтардың бірі. Бұл оқиғаның өткеніне биыл 32 жылдан асты. Әйтсе де, сол бір ызғарлы үш күн әлі де желтоқсаншылардың көкейінен кеткен емес. Кей кезде еске түсе қалса жүрекке шаншудай қадалады. Бұл атышулы оқиға қазақ халқының басына қаншама қасірет әкелді. Соның ішінде талай ұл-қыздарымыз жапа шекті. Әрине, күш мүлдем тең емес еді. Бейбіт қарусыз жастар темір таяқпен, саперлік күрекпен қаруланған, арсылдаған иттерді ертіп, өрт сөндіру машиналары және бронетранспортерлермен жарақтанған әскерге қалай төтеп берсін. Империя дертімен уланған жазалау-
шылар мен Алматыдағы шовинистерден құрылған жасақшылар өрімдей жігіттер мен қыздарды аса қаталдықпен басып-жаншыды. Олардың қазақ қыздарын шашынан сүйреп, итке талатып сабағандарын қалайша ұмытуға болады?! Мұхтар Шаханов бастаған комиссияның деректеріне сүйенсек желтоқсан оқиғасында 8,5 мыңнан астам адамды ұстап, қамаған, 1,7 мыңдай адам дене жарақатын алған. Қаншама жас қыршын кетіп, қаншамасы жазықсыз жұмыстан немесе оқудан қуылды. Сол бір қиын-қыстау күндерде тоқырау кезеңінің жандайшаптары жоғарғы басшылардың сойылын соғып, оқиғаның анық-қанығына бармай-ақ халықты ұлардай шулатты емес пе? Енді міне, сол күндерде зәбір көрген жастардың арман-мақсаттарының адал екенін бүгінгі таңда кім де болса мойындап отыр. Адам жанына өмір бойы ұмытылмастай салынған таңбаға кім жауап береді?
1986 жылғы желтоқсан қарлығаштарының ішінде өзінің өжеттігімен, қайсарлығымен Мәскеудің екіжүзділігіне, Кеңес империясының зорлықшыл тас қамалына тайсалмай қарсы шыққан Айшажанның өз Отанын сүйгеннен басқа жазығы жоқ еді. Бұл күндері Зеренді ауданының Қонысбай ауылында отбасын құрып, екі бала тәрбиелеп өсіріп жеткізіп, немерелерін бағып отырған Айшажанға жолдасымен бірге жанұяның бақыты мен шаттығына тоймай, балаларының қызығын көрсін деп тілектестігімізді білдіреміз.
Жұпар СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА,
Абай орта мектебінің мұғалімі.
Зеренді ауданы.

Суреттерде: Айшажан Рахметованың студенттік шағы және оның курстас дос-
тары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар