Айды аспанға бір-ақ шығарған Көкшетаудың «Арлан» хоккей клубы ел тарихында тұңғыш рет Құрлық кубогын жеңіп алды.
Алыстағы Ирландияда өткен финалдық кездесуде «Арлан» хоккейшілері соңғы шешуші ойынды айдын иелері – жергілікті «Белфаст Джайантс» командасымен өткізді. 34 жастағы канадалық жаттықтыратын ирландиялық команданың құрамында 13 канадалық және 3 америкалық хоккейші ойнайды. Осыдан-ақ, «Арлан» қарсыластарының осал команда емес екендігін және жеңіс оңайға түспейтінін байқауға болатын еді. Дегенмен, соңғы жылдары ұлттық біріншілікте үздік ойын өрнегін көрсетіп жүрген арландықтар бұл жолы да жанкүйерлерін жерге қаратпады. Осыған дейін Польшаның «Катовице» командасын 4:2, Беларусьтің «Гомель» командасын 8:2 есебімен айқын басымдықпен жеңген жерлестеріміз бұл турнирдегі ең мықты команда болғаны сөзсіз.
Кездесудің алғашқы жиырма минутында біздің хоккейшілер «Белфаст Джайантс» қақпасының осал тұсын тауып, екі мәрте көзге түсті. Сөйтіп, Сергей Егоров пен Вадим Ермолаевтың қарсыластар қақпасына салған шайбалары 0:2 есебімен «Арланды» алға шығарды. Екінші кезеңде қос команда алма-кезек шабуыл ұйымдастырғанымен, таблодағы есеп айырмасы өзгерген жоқ. Үшінші шешуші жиырма минутта Кристофер Хиггинс пен Дастин Джанер есепті 2:2 теңестіріп, алаң иелеріне үміт сыйлағандай болған еді. Бұдан әрі айдын иелері жиі ереже бұзып, уақытша ойыннан шеттетілгенімен, арландықтарға сәл сәттілік жетіспеді. Осылайша, негізгі уақытта ойын тең аяқталды. Овертаймда да жеңімпаз анықталмады. Ал, буллитте арландықтар мергендік танытып, Құрлық кубогының иегері атанды.
«Арлан» қазақстандық хоккей тарихында Құрлық кубогына қол жеткізген алғашқы команда. Сол себепті, бұл бүкіл ел спорты үшін үлкен қуаныш. Сондықтан, «Арлан» хоккей клубының ұжымын және бүкіл жанкүйерлерді осы толағай табыспен шын жүректен құттықтаймыз!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.