Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жерлестері есімін ұмытпайды - АРҚА АЖАРЫ

Жерлестері есімін ұмытпайды

Мұғалім. Ақын. Қоғам қайраткері. Ораз Мұсайыпұлы Беркімбаев жерлестерінің есінде осындай бейнесімен сақталып қалды. Ол ұзақ жылдар мектепте ұстаздық етті, туған жер, ел, адамдар жайында өлеңдер жазды және ауыл, ауданның қоғамдық қызметтеріне әрдайым белсене араласты.

Ораз Мұсайыпұлының балалық шағы соғыс жылдарына және одан кейінгі қалпына келтірудің қиын кезеңімен тұспа-тұс келді. Еңбекке ерте араласып, өмірдің қиындықтарын көп көрді. Атбасар ауданының Мариновка селосында дүниеге келіп, балалық шағын осы ауылда өткізгенімен, кейінірек Қосбармақ ауылына қоныс аударып, саналы өмірін түгел дерлік сол ауылда өткізді. 1942 жылы соғысқа аттанған әкесі Мұсайып 1945 жылы елге оралып, туған ауылында еңбек етті. Бала кезінен оқуға зейінді Оразға әжесі «осы немерем мұғалім болады» деп айтып отыратын.
Әжесінің бұл сөзі кейін айнымай келіп, ол ұстаздыққа ден қойды. Мектеп бітірген соң, Қарағандының педагогикалық институтына оқуға түскен Ораз, дегенмен, отбасы жағдайына байланысты бір жылдан соң сырттай оқуға ауысып, алғашында Сәдібек ауылындағы орта мектепке, кейінірек өз ауылы Қосбармақта мұғалім болды.
Өз жұмысымен қоса, қоғамдық жұмыстарға да әрдайым белсене араласатын жігіт көп ұзамай басшылардың көзіне түсіп, оны Қосбармақтағы сегізжылдық мектептің директоры етіп тағайындады. Басшылық қызметті ол барын сала атқарып, кейін Ораз Мұсайыпұлының тікелей күш салуымен сегізжылдық мектеп орта мектепке айналды. Қанша жөндеп, жамап-жасқағанмен, ескінің аты ескі, мектеп үйі үнемі сыр беретін.
Осыған орай, жас коммунист тәуекел деп Қазақстан Компартия-
сы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевқа хат жазып, мектептің жайын айтып көмек сұрады. Шалғайдағы ауыл мектебінің басшысының бұл хаты ескерусіз қалмай, 1978 жылы Қосбармақтан екі қабатты жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Бұл енді тікелей мектеп директорының белсенділігінің арқасында жүзеге асқан шаруа еді. Сол тұста аудандағы басшылары бізбен ақылдаспай неге жоғарыға хат жазасың деп ренжігендері де болған.
Тарих пәнінен сабақ беретін әдебиет пен өнерге жақын Ораз Мұсайыпұлы Қосбармақ ауылында туып-өскен Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрманов туралы көп деректер жинады. Ол жыл сайын жаңа оқу жылының алғашқы сабағын даңқты жерлестерінің ерлік істерін еске алуға арнауды берік дәстүрге айналдырған еді. Қазақ «сұрастыра келе қойныңдағы әйелің қарын бөле болып шығады» демей ме, Қосбармақтан соғысқа аттанып, жанқияр ерлігімен Батыр атанған Ақан Құрманов қарақозған руынан шыққан және аталас туыс болып шықты. Осылайша жерлес және ағайын туыс саналған Батырдың есімін ел есінде қалдыру бағытында ол көп жұмыстар атқарды. Талай табалдырықты тоздырып, іргелес Самарский ауылын Ақан Құрманов деп атау жайындағы ұсыныстарын айтып, құзырлы мекемелерге хаттар жазды. Еліміздің тәуелсіздік алғанына қарамастан, санаға сіңген кеңестік идеологияның әсері болар, бұл ұсынысы қолдау таппады. Дегенмен, кейінірек шаруашылық негізінде құрылған серіктестікке Ақан Құрманов есімі берілді.
Ораз Мұсайыпұлының елге сіңірген үлкен бір еңбегі, кеңес үкіметінің үстем идеологиясы дәуірлеп тұрған кезде Атбасар ауданында қазақ мектептері жаппай жабылып жатқан тұста Қосбармақтағы қазақ орта мектебін аман сақтап қалуы десек, артық айтқандық болмас. 90-шы жылдардың басында еліміз тәуелсіздік алған кезде ауданда бір сегізжылдық және бір қазақ орта мектебі ғана болған еді. Қазақ мектебін сақтап қалу оған оңайға түспегені анық.
Оның ел есінде сақталған тағы бір игі ісі Қосбармақ ауылының орталығынан жерлес Батыр Ақан Құрмановқа ескерткіш орнату еді. Бұл ескерткіш әлі күнге дейін ауыл ортасында ерлік шежіресінің бейнесіндей асқақтап тұр.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз бар. Бар саналы өмірін Қосбармақ ауылында өткізіп, жас ұрпақ тәрбиесіне еселі үлесін қосқан, ауыл тарихы жайында жергілікті басылымдарда мақалалар жазып, қоғам өміріне белсене араласқан Ораз Беркімбаевты жерлестері ешқашан естерінен шығармайды. Жыл сайын Жеңіс күні Ораз ағаның бастамасымен орнатылған Батыр Ақан Құрмановтың ескерткішіне мектеп оқушылары гүл шоқтарын қойып, Отан үшін от кешкен ағаларын еске алады. Яғни, Ораз ағаның бір кезде қалыптастырған жақсы дәстүрі жалғасын тауып келеді.

Күләш ШАЙХИНА.

Суретте: Қосбармақ ауылында Ораз ағаның бастамасымен осы елді мекеннің тумасы, Кеңес Одағының
Батыры Ақан Құрмановқа орнатылған ескерткіш мүсін.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар