Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ана мен бала өлімі бұрынғыдан азайды - АРҚА АЖАРЫ

Ана мен бала өлімі бұрынғыдан азайды

Сәби өлімі елдің даму деңгейін және онда болып жатқан экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді неғұрлым көрнекі көрсететін демографиялық көрсеткіш болып табылады.

Нәрестелер өлімі – тірі туған 1000 балаға шаққанда 1 жасқа дейінгі қайтыс болған балалардың саны бойынша есептеледі.
Соңғы 10 жылда Қазақстанда нәрестелер өлімі 2,6 есеге төмендеді және 7,9 пайызды құрады, ол орташа алғанда ТМД елдерінде – 9,3 пайыз. Тарқатып айтар болсақ, бұл көрсеткіш Қырғызстанда – 19,9 пайыз, Тәжікстанда – 11,8 пайыз, Өзбекстанда – 10,7 пайыз, Әзірбайжанда – 9,8 пайыз, Ресейде – 7,3 пайыз. Әрине, бізге әлі де болса бұл мәселеге баса назар аударып, көрсеткішті қалай да төмендетуге ұмтылуымыз қажет. Өйткені, ЭЫДҰ елдеріндегі сәби өлімінің көрсеткіші 6,7 пайыз екен.
Сонымен қатар, Қазақстанда 2008 жылы тірі туу мен өлі туудың критерийлері енгізілгенін ұмытпайық. Ол кезде жүктілік мерзімінің ұзақтығына қарамастан, баланы тыныс алу, жүрек қағу, бұлшық еттердің қысқаруы немесе кіндіктің пульсациясы сияқты белгілердің бірі болған кезде тірі деп санауға болады. Сол кезде бұл көрсеткіш 20,7 пайызға дейін өсті. Еліміздегі перинаталдық көмектің жетіле түсіп, қарқынды дамуына, жаңа перинаталдық орталықтардың құрылысы бой көтеріп, оларды қазіргі заманғы жабдықтармен жабдықталуы, неонаталдық хирургияның, кардиохирургияның, санавиацияның, телемедицинаның дамуы және тағы басқа оң өзгерістер осы жылдар аралығында нәрестелердің өлім-жітім көрсеткішін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда сәби өлімін төмендету резерві экзогендік себептерге қарсы күрес болып табылады және бұлар жазатайым оқиғалар мен жарақаттарға, тыныс алу органдарының ауруларына, түрлі инфекцияларға байланысты туындаған себептерден болатын өлім-жітім саналады.
Қазақстанда 1 жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімі құрылымында осы екі эндогенді себептер алда, екінші орында перинаталдық кезеңнің жағдайы және туа біткен даму кемістіктері, үшінші орында жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітім. Ал, бұл проблеманы шешуде тек денсаулық сақтау саласы ғана емес, білім беру, әлеуметтік қорғау, ішкі істер, әкімдіктер және тағы басқа мемлекеттік органдарымен жүйелі жұмыс істеудің маңызы зор. Кейде балалар жазатайым оқиғалардың салдарынан қас-қағым сәтте шетінеп кете барады.
ДДҰ-ның тірі туу критерийлерін енгізудің арқасында біз дене салмағы өте төмен (500 грамнан бастап) туған балаларға күтім көрсетуді үйрендік. Бұл неонаталдық хирургия мен кардиохирургияның тиімді дамуына мүмкіндік берді, өйткені, салмағы аз балаларды күту дағдылары жалпы дәрігерлердің сауаттылығын арттыруға және басқа патологиясы бар жаңа туған нәрестелерді емдеуде өз білімдерін шыңдауға зор мүмкіндік береді. Бірақ, шала туған нәрестелерді күтумен қатар, кейбір сенсорлық кемістіктер болуы мүмкін. Атап айтар болсақ, құлақ мүкістігі және ретинопатия ауруы пайда болатынын ескеруіміз керек.
Бүгінгі күні жетекші республикалық орталықтарда ғана емес, кейбір жерлерде де көзді сақтау үшін шала туған нәрестелердің ретинопатиясы кезінде торқабықтың лазеркоагуляция оталары сәтті өтуде. Жаңа туған нәрестелердің жүрегіне оталар жасау қазіргі таңда әдеттегі құбылысқа айналды. Бұрнағы жылдары бұл күрделі оталардың бірінен саналатын. Бұл күнде елімізде жыл сайын 2000-нан астам осындай хирургиялық ота жасалады, осының нәтижесінде туа біткен даму кемістігі бар балалардың өміршеңдігі 80 пайызға жетті. Біз бұны үлкен прогресс, зор жетістікке балаймыз.
Статистика бойынша сәби өлімінің көрсеткіші республика бойынша төмендесе де, өлім-жітім көп кездесетін және сол көрсеткіштер республикалық деңгейден жоғары өңірлер болатыны жасырын емес. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде атап айтсақ, Фейсбук беттерінде Атырау облысында орын алған нәрестелердің өлімі бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Қоғамның да пікірі әрқалай. Әрине, дәрігерлерге кінә арту қиын іс емес. Алайда, өзекті мәселеге үстіртін қарауға да болмас. Біз көбіне көп өз денсаулығымызға жіті мән бере бермейміз. Жас келіншектер жүктілік кезінде дәрігер қойған талаптардың барлығын көбіне-көп дұрыс сақтамайды. Атырау облысында сәби өлімінің күрт көбеюінің басты себебі – ата-аналарының өз денсаулықтарына үстірт қарауы, бұл жүктілік кезінде қиындықтар тудырып, сәбиге қатты әсер етеді. Жасырары жоқ, көбінесе мерзімінен бұрын босанған жағдайда сәби шетінеп кетеді. Мұны жоспарланбаған жүктілік десе де болады. Атырау өңірінде жаңа туған нәрестелердің өлім-жітімін талдау барысында олардың 40 пайызынан астамы шала туған балалар болса, 16 пайызы туа біткен даму кемістігі бар нәрестелер екендігіне баса айтуға тиістіміз.
Өкінішке орай, өткен жылы ана мен бала өлімі біздің облыста да орын алғанын жасыра алмаймыз. Сондықтан да, жаңа туған нәрестелердің өлімін төмендету үшін алдын алу іс-шараларын күшейту керек. Әлемдік тәжірибе сүйенетін болсақ, онда профилактикалық шараларға баса назар аударылады. Ол үшін халықтың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету, жастардың салауатты өмір салтына бейімділігін дамыту, қоршаған ортаны жақсарту мәселелеріне барынша назар аудару керек. Болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін күрес жасөспірімдік жастан, содан кейін некеге тұруға дайындық кезінде және жүктілік пен босану процесінде басталуы тиіс. Сол кезде ғана біз шала туған балалар мен даму кемістігі бар жаңа туған нәрестелердің туу санын айтарлықтай төмендете аламыз, осындай проблемалармен туған емделушілерге де қазіргі заманғы медицина да көмектесе алады.
Ең бастысы, әрбір адам өз денсаулығына жіті назар аударуы керек, әсіресе, жас аналар жүрегінде бүр жарған жаңа өмірдің келешегіне аса жауапкершілікпен қараса абзал.
Ұлмекен СӘДУАҚАСОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар