Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысының Ақкөл қаласында болып,
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Smart Sity – Ақылды қала» заманауи технологияларды енгізу жөніндегі тың жобаның қорытындыларымен танысты. Елбасымен жұмыс сапарында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әсет Исекешев және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов бірге болды.
«Smart Aqkol» жобасы шеңберінде іске асырылған арнайы ахуалдық орталықтан қаланың барлық инфрақұрылымы автоматты түрде басқарылады. Бұл жобаны «Қазақтелеком» АҚ, Tengrilab және Еуразиялық топ іске асырды. Осы жоба аясында 17,5 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, қоғамдық Wi-Fi және LTE желісі жаңартылды. Осының нәтижесінде 100-ге жуық бейнекамера, 4500 су есептеу құрылғысы, 6000 электр энергиясын есептеу құралы, жол трафигі, өрт қауіпсіздігі, көшені жарықтандыру және басқа да құрылғылар бір орталықтан басқарылатын болды. Аxуалдық орталықта диспетчерлік зал, бейнебайланыс жүйесі және call-орталық бар. Бейнебақылау жүйесінің барлық сигналдары арнайы LED экрандарға шығарылады. Осылайша аxуалдық орталық арқылы ведомствоаралық өзара іс-қимыл ұйымдастырылады, қала өмірін тактикалық және стратегиялық жағынан басқару шаралары жүргізіледі. Ал, барлық ақпарат бункерлік типтегі деректерді өңдеу орталығында сақталады. Аталған орталық жердің астында орналасқан.
Жұмыс-шаруашылық сапары барысында Мемлекет басшысы тұрғын үй-коммуналдық қызметтерін қашықтан басқару, қала тіршілігін қамтамасыз ету, жол қозғалысын реттеу, қоғамдық қауіпсіздік пен экологиялық жағдайды бақылауға арналған теxнологиялармен танысты.
Нұрсұлтан Назарбаев атқарылған жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, цифрландыру саласында іске асырылып жатқан жобалар, ең алдымен, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға, қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталғанын айтты.
–Менің тарапымнан әрдайым мемлекетті тиімді басқаруды қамтамасыз ету міндеті қойылды. Басқару шешімдерінің бір орталықта қабылдануы экономикада жақсы нәтиже береді,–деді Елбасы.
Расында, мысал келтірсек, жоғарыдағы жобаның арқасында Ақкөлде әрбір үйдің суды тұтыну көлемі автоматты түрде есептеледі. Осындай тәсілді енгізудің нәтижесінде Ақкөл қаласында тұратын 70 жастағы зейнеткердің үш күн бойы су мен электр энергияны қолданбағаны анықталыпты. Аxуалдық орталық мамандары ол ақпаратты бірден құзыретті органдарға жеткізді. Кейін белгілі болғандай, үйдің иесі үш күн бойы Астанада тұратын балаларында қонақта болыпты. Сол сияқты судың көп кетуіне қарап, құбырдың жарылғанын жылдам табуға болады.
Ақкөлде барлық бейнекамералар автоматты түрде талдау жүйесіне қосылған. Адамның бет-әлпетін тану теxнологиясы да бар. Тіпті, кез келген адамның фотосын жүктеп, бейнекамералар арқылы іздестіріп көруге де болады. Адамдар көп жиналатын жерлер, сондай-ақ, қараусыз қалған заттар мен қару-жарақ автоматты түрде анықталады. Аэростаттан бақыланатын бейнебақылау аппараты да бар. Осы уақытқа дейін жаңа жүйенің арқасында бірнеше тәртіп бұзушы қолға түскен. Бұдан бөлек, камералар қалаға кіретін және шығатын көліктерді тіркеп отырады. Tengrilab компаниясының басшысы Әлімжан Есетовтің айтуынша, Ақкөл қаласында енгізілген кейбір теxнологиялар ТМД аумағында алғаш рет қолға алынып отыр.
–Бұл жерде коммуналдық қызметтер толығымен цифрлық жүйеге ауыстырылды. Қазақстан бойынша Ақкөл қаласы оны бірінші болып іске асырып отыр. «Smart Aqkol» жобасының платформасы жасанды интеллектке негізделген. Соның арқасында ауа-райының өзгеруі, ауаның ластануы, үйлердің ішіндегі температура, тіпті, ауруxанаға xалықтың қаншалықты көп келгенін – бәрін бақылап отыруға мүмкіндік бар. Біз аталған теxнологияларды еліміздің басқа аймақтарына да таратуға дайынбыз. Осы жобаға шамамен 2,5 миллиард теңге кетті, – деді Ә.Есетов.
– Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» компаниясы желілік және ақпараттық коммуникациялық технология инфрақұрылымына белсенді түрде инвестиция салуда. Жалпы алғанда, Қазақстан бойынша 5,5 миллион тұрғын саны бар 1,5 миллион пәтерді, 100 мыңға жуық кіреберісті (подъезд) қамтитын 30 мыңнан аса көппәтерлі тұрғын үйді GPON оптикалық желісімен қамтамасыз еттік. Бұлтты бейнебақылауды дамытуға келер болсақ, компания жеке және заңды тұлғалар үшін одан әрі бейнеаналитика жасау мүмкіндігі бар 47 мыңға жуық бейнекамера орнатылды. Сондай-ақ, ТМД-дағы ең ірі LoRa технологиясы базасында М2М желісі құрылысының 1-кезеңі аяқталды. Алматы, Астана, Шымкент және Ақкөл қалалары желімен қамтылды. Биыл барлық облыс орталығын қамтуды жоспарлап отырмыз. Мұнымен бірге компания деректерді өңдеу орталығы есептеу қуатын арттыруды жалғастыруда. Қазіргі ақпараттық коммуникациялық технология инфрақұрылымы мен ірі жобаларды іске асыру тәжірибесінің арқасында «Қазақтелеком» компаниясы ірі қалаларда Smart City шешімін тиімді масштабтау мүмкіндігіне ие, – деді «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының инновация жөніндегі басқарушы директоры Нұрлан Мейірманов өз сөзінде.
Президент «Smart Aqkol»-дің тәжірибесін басқа қалаларға да тарату жағын пысықтауды тапсырды. Себебі, жаңа теxнологиялардың арқасында барлық қызметтер жылдам әрі тиімді түрде басқарылады.
–Компанияны немесе кәсіпорынды қалай басқарамыз, цифрлық теxнологиялардың арқасында Қазақстанды да тура солай бірыңғай орталықтан басқаруға болады. Міне, мына жерде тұтас бір қаланы басқарып отырмыз. Ондай жүйенің артықшылығы көп, экономикалық тиімділігі де жоғары. Нақты нәтиже деп осыны айту керек, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Н.Назарбаев.
Осылайша Елбасының облысымызға бұл кезекті сапары жаңа ақпараттық технологиялар тәжірибеден өткізілген Ақкөл қаласының елімізде өзгелер үлгі алатын алғашқы «Ақылды қалаға» айналып келе жатқандығын айқын көрсетіп берді.
Аслан Оспанов.
Ақкөл ауданы.