Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді. Әкім қабылдауына келгендер негізінен әлеуметтік мәселелер мен кәсіпкерлікке қатысты мәселелерді көтерді.
Бұл күні Көкшетау қаласының тұрғыны, көп балалы ана басқа қаладағы диагностикалық орталықта баласын медициналық тексерістен өткізу жөнінде өтініш жасады. «Синегорье» спорт клубының төрағасы Андрей Рыманов Бурабай ауданында орналасқан спорт кешенін қайта жаңарту жөнінде ұсыныс енгізді.
Көкшетаулық кәсіпкерлер Евгений Емельянов және Дулат Әбішев туризм саласында «Жасыл лабиринт», «Күн сағаты», «Jeti Qazyna», «Балалар темір жолы» сияқты бірқатар түрлі жобаларымен танысты. Жекеменшік орман питомниктері қауымдастығының төрағасы Кәрімжан Жағыпар өз кезегінде орманды өсіріп көбейту жөніндегі «Ел орманы» жобасын іске асыруға қолдау көрсетуді өтінді.
Қабылдауға келгендерді мұқият тыңдаған Мәлік Мырзалин олардың әрқайсысына тиісінше жауап берді және қолданыстағы заңнаманың шеңберінде шешім қабылданатындығын түсіндірді.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің қабылдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, мәдениет, білім, денсаулық сақтау, жер, жұмыспен қамту, әлеуметтік қамту, кәсіпкерлікті дамыту, құрылыс, ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша барлығы 155 адам болды. Оның ішінде 59 адам дәрігерлер мен мұғалімдер, 34-і шағын және орта бизнес өкілдері, 39-ы зейнеткер, 7-уі жұмыссыз, 6 адам мүмкіндігі шектеулі жандар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар және үй шаруасындағы әйелдер, 10-ы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері. Қабылдауда болғандардың қатарында Ақмола облысының түрлі аудандары мен қалаларының тұрғындары бар.
Облыстық әкімдікте азаматтарды қабылдаудан бөлек, Мәлік Мырзалин тоқсан сайын «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында да қабылдау жүргізеді. Оған 8 (7162) 25-63-93 телефоны бойынша жазылуға болады.
Бекітілген кестеге сәйкес облыс әкімі қатаң кезек тәртібімен айына бір рет азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдеріне жеке қабылдау өткізеді. Оған да 8 (716 2) 29-72-43 телефоны бойынша жазылуға болатынын естеріңізге саламыз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.