Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сот жүйесіне сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды - АРҚА АЖАРЫ

Сот жүйесіне сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды

Ақмола облыстық соты біраз жыл осы облыстық соттың төрағасы болған Ақжан Ештайды еске алуға арналған спартакиада ұйымдастырғалы отыр. Спорттың бірнеше түрі бойынша өтетін жарысқа тек судьялар қатысып, өз өнерлерін көрсетпекші. Соңында жұрт есінде сақталар көп жақсы істері қалған Ақжан Жайлауханұлы жұмыстан бос уақытында футбол, волейбол сияқты спорт түрлерімен айналысуды ұнататын.

Алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіледі деп жоспарланған бұл спорт жарысы өмірінің отыз жылдан астам уақытын сот саласына арнаған біртуар азаматты ел есінде сақтауға жасалған игі қадам екендігі даусыз.
Егер көзі тірі болса, Ақжан Жайлауханұлы Ештай ақпан айында 58-ге толар еді. Ол осы қысқалау ғұмырында сот саласын дамытуға елеулі үлес қосып, қыруар шаруалар атқарып кетті, өкініштісі, әлі де атқарар істері көп еді…
2009 жылдың сәуір айында Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәми Көкшетауға келіп, облыстық сотта алқалы жиын өткізді. Он жылдай уақыт Ақмола облыстық сотын басқарған Өмірсерік Қожабаевқа алғысын айтып, облыстық соттың жаңа төрағасы болып тағайындалған Ақжан Ештайды жұртқа таныстырды. Толықша келген аласа бойлы иманжүзді жан алғаш көрген кезде-ақ көзге жылы ұшырап қалған еді. «Заң газетінің» меншікті тілшісі ретінде сот төрағасымен қоян-қолтық жұмыс істейтін мен үшін жаңа төрағамен тіл табысу маңызды болатын. Қарапайым, кішіпейілдігіне қоса, ол қазақ тілінің нағыз жанашыры, ұлтжанды азамат болып шықты. Тоқсан сайын өткізілетін алқа мәжілістерінен кейін жергілікті журналистермен кездесіп, атқарылған жұмыстарды баяндап, содан кейін сұрақтарға жауап беретін. Қызығы сол, ол жиынды бастан-аяқ қазақ тілінде өткізетін. Ара-тұра орыс тілді журналис-
тер үшін орысша айтып қояды. Ақпарат құралдары өкілдерімен келген күннен бастап өте жылы және тығыз қатынаста жұмыс жасады. Жыл соңында сот саласын насихаттап, белсенділік танытқан қалам ұстағандар арасында конкурс өткізіп, жақсы сыйлықтар беріп тұруды әдетке айналдырды. Содан болар, бұрын сот саласын негізінен сынға алуды ғана білетін көп журналистер сот жұмысын өздері қызмет ететін басылымдарда біршама жиі көрсететін болды.
2011 жылы «Арқа ажары» газетінде сол тұста қолға алынған жаңа жоба – лауазымды тұлғалардың газет қызметкерлерімен кездесіп, ашық әңгімелесуі түріндегі еркін сұхбатты алғаш болып Ақжан Жайлауханұлы берген еді. Негізін Сәкен Сейфуллин қалаған облыстың бас газетінің ұжымымен екі сағатқа жуық уақыт отырып сөйлесіп, журналистер тарапынан қойылған барлық сауалдарға жауап берген облыстық сот төрағасымен болған еркін әңгіме газеттің бір бетін алып, жарияланған болатын.
Қазақ «болар бала басынан» дейді ғой. Он бала тәрбиелеп өсірген көп балалы отбасында өскен Ақжан Жайлауханұлы орта мектепті алтын медальмен бітіріп, сол жылы екінің бірінің қолы жете қоймайтын Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Университетті қызыл дипломмен бітірген жас оқу орнында қалып, ғылыммен айналыс деген басшылықтың ұсынысына құлақ аспай, шалғайдағы Торғай облысына жолдамамен қызметке аттанады. 1986 жылы ол Торғай облыстық сотының судьясы болып сайланады. Міне, сол кезден бастап оның сот саласындағы ұзақ жылдық еңбек жолы басталады. Ақмола облыстық сотының судьясы, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы, кейінірек осы облыстық соттың алқа төрағасы болған ол 2005 жылы Жоғарғы соттың судьясы болып тағайындалады.
2009 жылдың сәуірінде Ақмола облыстық сотының төрағасы болып тағайындалған Ақжан Ештай осы қызметті атқарған төрт жылдай уақыттың ішінде ел есінде сақталар көп шаруа-
лар атқарды. Әрине, ең алдымен сот қызметінің сапасын жақсарту бағытында біраз жетістіктерге қол жеткізді. Сот қызметінің көп көрсеткіштері бойынша Ақмола облыстық соты республикада алдыңғы орындардан көрінді. Дегенмен, Ақжан Жайлауханұлының ел есінде сақталар жақсы істері соңында өшпейтін із болып қалған сот ғимаратының алдына орнатылған қазақтың белгілі үш биінің еңселі ескерткіші, сот тарихынан сыр шертетін сот мұражайы, аудандық соттар ғимаратта орнатылған майдангер судьялардың есімдері жазылған ескерткіш тақталары, облыстық соттың 90 жылдық тарихын түгел сараптайтын энциклопедиялық кітап шығару сияқты жұмыстары болғаны анық. Енді осыларға толығырақ тоқтала кетейік.
Ертеректе «Заң газетінде» жарияланған сұхбатымда Ақжан Жайлауханұлы үш биге ескерткіш орнату идеясының қалай шыққаны және орындалғаны туралы өз аузынан былай деген еді:
«Жеті ғасыр тарихын білмеген ел жетесіз, жеті атасын білмеген ер жетесіз» –
деген бабалардан қалған қанатты сөз бар. Бұл сөздің қағидасы адам өмірінің қай саласын алсақ та ұстанымда болатын жәй. Мемлекеттің билігінің бірі – сот төрелігі. Ежелгі билерден қалған мақтан тұтар мол мұрасы бар сот билігі қазір биліктің бір тармағы болып отыр. Осы жағдайды жас буынды былай қойғанда, жас заңгерлердің бірі білсе бірі білмейді. Сондықтан, осы бағыттағы олқылықты толтыру үшін атақты үш биімізге ескерткіш ретінде мүсіндік композиция және мұражай ашу көптен бері ойымда жүрген арман еді.
2011 жылдың қазан айында Ақмола облысы соттарының тоғыз айда атқарған жұмыс есебін қорытындылау жиналысы кезінде сот ғимаратының алдына қазақтың батагөй үш биінің ескерткішін орнату туралы менің ұсынысымды барлық судьялар бір ауыздан қолдады. Ескерткішке мемлекеттік бюджеттен арнайы қаражат бөлінген жоқ. Облыс судьялары мен сот қызметкерлері өз еріктерімен бір күндік жалақысын бөлуге шешім қабылдап, содан жиналған қаржыға биіктігі 4 метрлік еңселі ескерткіш орнатылды. Әділдік іздеп облыстық сотқа келген жандар ғана емес, Көкшетаудың орталығында жүрген әрбір адамға мен мұндалап көрініп тұрсын деген ниетпен Ұлы билеріміздің толық сұлбасы жасалды».
Иә, шынында да, қаланың орталық көшесінде орналасқан облыстық сот ғимаратының алдында тұрған үш бидің еңселі ескерткіші менмұндалап алыс-
тан көрініп тұрады. Бұл – Ақжан Ештайдың соңында қалған бір ізі болатын. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз бар. Сотқа келген әр адамның ең алдымен еңселі ескерткішке көзі түсері анық. Ал, сол ескерткішті орнатуға мұрындық болып, жақсы іске бастама көтерген, Астанадан арнайы шебер алдырып, ескерткішті тұғырына тұрғызған адам – Ақжан Ештайды сол кезде жұрт аузына алары анық.
Облыстық соттардың тарихынан сыр шертетін, бағалы мұрағаттарға бай мұражайды ашу да Ақжан Жайлауханұлының бастамасымен жүзеге асқан болатын. Бастамашы сот төрағасы болғанымен, істі жүргізіп, мұрағаттарды жинаған, басқа да ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген бүгінде облыстық сот ардагерлері кеңесінің төрғасы Мейрам Ғибадилов болғандығын атап өтпесек қиянат болар еді. Мейрам ағамыз әлі күнге дейін мұражайға бас-көз болып, басшылық жасап отыр. Мұражайдың қалай ашылғандығы туралы Ақжан Жайлауханұлы кезінде былай деген еді:
«Соңғы кезде көп мекемелерде ведомстволық мұражай ашу салт болып кеткендей. Бірақ та, біздің мекемеде мұражай ашу осы салттан қалмай кездейсоқ, аяқ асты атқарыла салған шара емес еді. Мұражай ашу – біраз уақыт ойлану-толғану кезеңінен өтіп, ұйымдастырушылық іс-шаралар жүргізіліп, қаржы іздестіру және басқа да дайындық әрекеттер жасау арқылы жүзеге асты. Осындай ұзақ дайындықтың нәтижесінде, 2011 жылдың 27-ші желтоқсанында, киелі Үш биіміздің мүсіндік композициясының ашылуымен бірге, облыстық соттың 3-ші қабатында, кең бөлмені босатып, онда мұражай аштық. Мұражайға экспонаттар жинауға жарты жылға жуық уақыт жұмсалды. Облыстық соттың, аудандық, қалалық соттардың ұжымдарының, құрметті демалыстағы ардагер-судьялардың және олардың ұрпақтарының көмегінің нәтижесінде, сот жүйесінің өткенін сипаттайтын құжаттар мен бұйымдар жинадық. Бұл жұмыс өз жалғасын әлі де табады. Мұражайда заман өзгерістеріне сай сот жүйесінің және жалпы еліміздің тарихи кезеңдерін бейнелейтін тақырыптама экспонаттар жинап, көрермендердің назарына ұсыну ойда бар. Аға буын өкілдерінің ел үшін атқарған істерін бүгінгі ұрпақ есінде сақтауы керек».
Ақжан Жайлауханұлының жұрт есінде сақталған тағы бір игі ісі – Отан соғысына қатысқан майдангер судьялардың аты-жөні жазылған ескерткіш тақталардың сот ғимараттарының алдына орнатылуы еді. Бірқатар аудандық сот ғимараттарында осындай ескерткіш тақталар орнатылды. Сырттан келген адамның бірден көзі түсетін ескерткіш тақтада сот саласында еңбек еткен майдангер-судья туралы ақпараттар жазылған. Отан үшін от кешкен майдангер ағаларымызды ел есінде сақтаудың бұл да бір тағылымды шарасы еді.
2013 жылы Ақмола облыстық соттарының 90 жылдығына орай, Ақжан Жайлауханұлы мені өзіне шақырып, энциклопедиялық кітап шығару туралы ұсынысын айтты. Бұл кітаптың жарық көруіне сол кездегі облыстық соттың қылмыстық істер алқасының төрағасы Сәбит Мәнзүрұлы Өскембеков пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Мейрам Ғибадилов көп көмек жасады. Облыстық соттың бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің мамандары Күләш Домалақова мен Айсұлу Рүстембекованың да көп қолғабыс жасағандығын айтқан артық болмас. Осылайша облыстық сот тарихын түгел жинақтаған қомақты кітап жарық көрді. Ақжан Жайлауханұлы кітап шыққанға дейін мені қайта-қайта шақырып, істің барысы туралы үнемі сұрап отырды. Өкініштісі сол, ол кітап шықпай тұрып Алматы қалалық сотының төрағасы қызметіне ауысты. Десе де, кітап шыққан соң алғашқы даналарын Ақжан Жайлауханұлына жіберген едік.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ. Тәуелсіз еліміздің сот саласын қалыптастырып, дамытуға елеулі үлесін қосқан, соңында ел есінде сақталар көп жақсы істерін қалдырған Ақжан Ештайдың есімін ел есінде сақтау үшін Ақмола облыстық сотының, ең алдымен оның төрағасы, осы іске бас-көз болып жүрген Досжан Әміровтың қолға алған бұл шаруасы атап өтуге тұрарлық. Ақжан Ештайды еске алуға арналған судьялар арасындағы спартакиада әлі де жалғасын табады деген сенімдеміз.

Қалкөз ЖҮСІП,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерде: Ақжан Ештай; демалыс сәттерінде бір топ әріптестерімен бірге.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар