Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Туберкулез бизнестің дамуына кедергі келтірмейді - АРҚА АЖАРЫ

Туберкулез бизнестің дамуына кедергі келтірмейді

Туберкулездің алдын алу және онымен күрес ісінде айтарлықтай нәтижелерге қол жетуіне туберкулезбен күрес жөніндегі Ұлттық бағдарлама және билік органдары мен ведомствоаралық және салааралық өзара тығыз қимыл игі әсерін тигізіп келеді. Жыл сайын Дүниежүзілік экономикалық форум әлем елдері арасында белгілі бір уақыт ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамудың деңгейін анықтайды. Мұндай баға жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексін талдау арқылы жүргізіледі.

Оның барысында 114 индикатор бойынша бәсекеге қабілеттіліктің 12 факторы анықталады. Соның бір факторы – денсаулық және бастауыш білім. Оған туберкулез бойынша екі көрсеткіш енгізілген. Оның бірі туберкулездің таралуы. Бұл статистикалық мәліметтердің қорытындылары бойынша анықталады. Екіншісі, туберкулездің бизнесті жүргізуге әсері. Ол да бизнес құрылымдары басшыларына сауалнама жүргізу арқылы айқындалады.
2018 жылы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансері осы Дүниежүзілік экономикалық форумның қағидаларына сүйене отырып, бизнес құрылымдардың өкілдері арасында тәуелсіз сауалнама жүргізді. Анкетада мынандай сауал болды. «Сіздің ойыңызша таяудағы бес жылда туберкулез компанияңызға қаншалықты деңгейде әсер етуі мүмкін?». Жауап жеті балдық шкала бойынша бағаланды. «Бизнеске елеулі әсер етеді» деген жауап бір балға, ал, «ешқандай әсер етпейді» деген жауап жеті балға бағаланды.
Сауалнама қорытындысы бойынша тұрғындардың туберкулез бойынша сауаттылық деңгейі де анықталды. Барлығы сауалнамамен облыстың 42 бизнес құрылымы қамтылды. Олардың 20 пайызы туберкулез бизнеске әсер етеді деп санаса, 80 пайызы туберкулез бизнеске ешқандай әсер етпейді деген пікірде болды. Өздерінің уақыттарының жоқтығына және ақпараттың аздығына байланысты бизнес өкілдерінің көбіне сауалнама сұрақтарына жауап беруге қиналатындығы байқалады.
Осыған байланысты бизнес құрылымдарының өкілдерін туберкулез, ВИЧ/СПИД мәселелерінде ақпараттандырып отыру үшін облыстың медициналық ұйымдары тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасында бірлескен жұмыстың нәтижесінде 2018 жылы туберкулездің алдын алу мәселелері бойынша бизнес құрылымдардың басшыларын ақпараттандыруды жақсарту жөнінде шаралар жоспары әзірленді. Биыл бизнес құрылымы ұйымдарында жалпы саны 214 тыңдаушы қатыстырыла отырып, 7 лекция оқылды.
Осы палатаның базасында «Туберкулез бен ВИЧ жұқпасының бизнеске әсері» тақырыбында облыс журналистері үшін баспасөз мәслихаты өткізілді. БАҚ өкілдері алдында облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Қасымжан Тәшметов және СПИД-тің алдын алу және күресу жөніндегі облыстық орталықтың бас дәрігері Құрманбек Бұрмаханов сөз сөйлеп, бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде туберкулез бен ВИЧ жұқпасының таралу көрсеткіші туралы әңгімеледі. Кездесу шеңберінде жоғарыда айтылған сауалнама туралы да сөз болды.
Бизнес құрылымдары өкілдерін ақпараттандыру мақсатында осы жылдың басында «Тыныс» акционерлік қоғамында туберкулездің алдын алу және емдеу әдістері бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары атқарылды. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің дәрігер-фтизиатры Лидия Высоцкая қызметкерлерді осы жұқпалы дерттің алдын алу және емдеудің негізгі әдістерімен таныстырды. Сырқатқа қарсы профилактикалық шаралар ересектер арасында еңбек жағдайын жақсарту, тыныс алу жолдарының кәсіби ауруларына шалдықпау үшін емдеу-профилактикалық шараларды жүргізу, есірткіге, араққа, сондай-ақ, темекіге тәуелділіктің алдын алу, өндірісте жеке гигиена ережелерін сақтау, сапалы теңдестірілген тағамдарды тұтыну, қоршаған ортаны ластаумен күресу, салауатты өмір салтын ұстану сияқты мәселелерге арналды.
«Тыныс» акционерлік қоғамы ұжымымен туберкулездің алдын алу жөніндегі осындай екінші жүздесу тамыз айында болып өтті. Оған бас дәрігердің орынбасары Жазира Нысанбекова, «Игілік» қоғамдық қорының директоры Айман Темірханова, «Наша право» қоғамдық қорының директоры Владислав Шуль, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің салауатты өмір салты маманы Татьяна Пегливанян қатысты. Қызметкерлерді туберкулез бойынша эпидемиологиялық көрсеткіштермен және аурудың таралу көрсеткіштерімен таныс-
тыру барысында осы қатерлі дертті жоюда азаматтық қоғамның рөлі мен орны баса сөз болды.
2018 жылдың ақпанында Астана қаласындағы медициналық университеттің фтизиатрия кафедрасы да Қазақстанның шағын және орта бизнес өкілдеріне «Туберкулездің алдын алу. Туберкулездің бизнес ортаға әсері» атты тақырыппен мультимедиялық лекция өткізді. Кейін осындай лекциялар 23 бизнес құрылымда өтті.
Туберкулездің алдын алуға бағытталған мұндай шаралардың қатарында осы күзде Көкшетау теміржол вокзалында өткізілген «Мен туберкулезді тоқтата аламын» атты акцияны да атап өтуге болады. Оны «Луч надежды» қоғамдық қоры, Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансері және Көкшетау станциясының желілік полициясы, Көкшетау жоғары медициналық колледжі, «Игілік» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды. Жиналғандар қоғамымызға едәуір ауыртпалық әкеліп отырған туберкулез ауруы туралы жан-жақты ақпарат алғандары үшін осы шарадан риза болып тарқасты.
Бизнес-басшылардың туберкулездің өз істеріне әсері туралы дұрыс баға бере білулері, осының зардабын естен шығармауы маңызды мәселе деп білеміз. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, бұл жұмыс алдағы уақытта да тоқтамай, жүйелі жүргізіле түсуі тиіс. «Сақтансаң сақтар» демекші, сонда ғана көп болып осы жұқпалы дертті жеңе аламыз.

Нұрай ДҮЙСЕМБАЕВА,
Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы Бурабай ауданы филиалының қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар