Өткен жылы «Оқжетпес» футбол клубы футболдан Қазақстан Бірінші лигасының жеңімпазы атанып, Премьер Лигаға қайта оралды.
Чемпиондық үшін күрес оңай емес. Футбол маусымының барысында бәріміз бірінші лига командалары арасындағы тартысты кездесулерді қалт жібермедік. Әсіресе, медаль үшін тартысқан «Тараз», «Қыран» және «Алтай» тәрізді командаларды ерекше атап өткен жөн. Дегенмен, «Оқжетпес» өзін Премьер-Лигаға лайықты екенін дәлелдеді, өткен жылы бірінші лига командалары арасында жеңімпаз атанды. Сөйтіп, алдымызға қойылған тапсырманы орындадық. Осы орайда, әрдайым қолдау көрсетіп келген жанкүйерлерге айтар алғысым көп. Біздің командаға сенбеген адамдар да болды. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, әр адамның өз пікірі бар. Дегенмен, біз олардың қателескенін дәлелдеп бердік.
Көкшетау миллион тұрғыны бар мегаполюс емес. Көкшетаулықтар футболды жақсы көргендіктен, матчтарға үзбей келеді. Соңғы шешуші матчтарда трибуналарда аншлаг болғанын аңғардық. Ақсақалдар, ересектер мен балалар өз командасын қолдады. Трибуналар толық болса, командаға рух пен қуат береді. Жанкүйерлер мен футбол біртұтас. Өйткені, жанкүйерлерсіз футбол да болмас еді. Сондықтан, бұл жеңіс барлық көкшетаулық жанкүйерлердің жеңісі.
Спорттағы жетістіктің басты кепілі еңбексүйгіштік пен қайсарлық болып табылады. Өйткені, спорт бірінші кезекте өзіңді өзің тәрбиелеу. Маған «Басты жеңіс – бұл өзіңді өзің жеңу» деген нақыл ұнайды. Жеңімпаз болғың келсе, жалқаулықты жеңіп, жаттығуға ден қой. Тәріпті де естен шығармау керек. Біздің жанкүйерлеріміз «Оқжетпес» командасында жергілікті тәрбиеленушілердің ойнағанын қалайды. Мұны өз басым құптаймын. Өткен жылғы маусымда сегіз жергілікті ойыншы негізгі команда құрамында ойнады. Олар командада қалуға күш салуда. Бұл жақсы жетістік деп есептеймін. Футболда ең бастысы бір орында тұрмай, күн сайын өз шеберлігіңді шыңдап, даму қажет. Сонда ғана жетістік өзін көп күттірмейді.
Бүгінгі таңда Премьер-Лига үшін команда құрамын құру жұмысы жүргізілуде. Бұл күрделі және жауапкершілікті талап ететін шаруа. Бұл бағыттағы барлық жаңалықтар әлеуметтік желілер мен сайтқа орналас-
тырылады. Әр адам өз арманымен өмір сүреді. Менің арманым – Премьер-Лиганың чемпионы болып, «Оқжетпеспен» Еурокубокта өнер көрсету. Бұған «Астана» мен «Қайрат» тәрізді қазақстандық футболдың озық командалары бар екеніне қарамастан, қолжеткізуге болады деп ойлаймын.
Ерлан БӨТЕМБАЕВ,
«Оқжетпес» футбол клубының директоры.