Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова өткен бейсенбіде «Арлан» мен «Алматы» хоккей командалары арасындағы ойынды тамашалап, Қазақстан тарихында тұңғыш рет Құрлық кубогын иеленген Көкшетаудың «Арлан» хоккей клубының ойыншыларын жеңістерімен құттықтады.
Ойынның бірінші таимында командалар алма-кезек шабуылға шықса да ешқандай нәтиже шығара алмады. Екінші таимда алматылықтар басымдық көрсетті. Бір қарбалас сәтте «Алматы» командасының ойыншысы Сергей Банашков есеп ашты. Үшінші таим басталысымен «Арлан» командасының ойыншысы Вадим Бердников алға ұмтылып, қарсыластар қақпасына шайба соқты. Үшінші таимда алматылық Вячеслав Муштаев, Сергей Бадашков, Сергей Дмитриев сияқты өзге де ойыншылар ойын тәртібін жиі бұзғанын атап өткен жөн. Обер таимда Дмитрий Шитинов соққан шайба арландықтарға жеңіс әкелді. Салтанатта облыс әкімінің орынбасары арландықтар бүгін тамаша ойын өрнегін көрсетіп, Құрлықтағы жеңісін бекіткенін айтты. Чемпион команданы облыс әкімі Мәлік Мырзалин мен облыс тұрғындарының атынан құттықтап, Құрлық кубогын табыс етті. Өз кезегінде «Арлан» хоккей командасының капитаны Владислав Колесников клубқа қолдау көрсететін өңір басшысы мен команда жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.