Бір ғасырдан астам тарихы бар Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің әлі күнге өз тұғырынан таймай, бір облыстың қоғамдық-саяси өмірінің айнасы болып келе жатқандығында қазақ журналистерінің бірнеше буынының айшықты қолтаңбасы бар. Солардың ішінде осы газетке сонау алпысыншы жылдары келіп, жетпісінші-тоқсаныншы жылдар аралығында өндірте еңбек еткен ағаларымыз бен апаларымыздың да орны бір бөлек.
Сол адамдардың арасынан бүгінгі қазақ баспасөзінде үлкен із қалдырған, соған орай, есімдері зор құрметпен аталатын бірсыпыра қалам қайраткерлері шықты. Біздің буын, әсіресе, кейінгі жастар өздері жетсем деген мұрат, шықсам деген биіктерінде сол жақсы-жайсаңдарымызды пір тұтатындығы анық. Осылай дегенде, кейінгіге ұлағаты мол «Арқа ажарының» ұстаханасында шыңдалып, шынығып шыққан сондай ардақтыларымыздан осы басылымның көш керуенін көркейтіп өткен Уәрә Нұрсейітов, Сапаржан Хайдаров, Әнуар Ипмағамбетов, Ибраһим Қапаров, Әмірғали Нүркішев, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық, күні кеше өмірден өткен Ілияс Қарағозин сияқты аға-апаларымыздың ойымызға бірден түсетіндігі тағы бар. Бұлар – әріге бойламай, беріден алсақ та, бұрынғы «Тіршілік», бертінгі «Арқа ажарының» қай кезеңдердегі де мол әлеуеті мен өзіне тән бет-бейнесін шын айшықтап беретіндей-ақ қазақ журналистикасының маңдайалды өкілдерінің ірі бір шоғыры. Солардың ішінде өмірлерінің бар мақсат-мәніне айналған сүйікті газеттеріне тұтас бір отбасы болып, өз ғұмырларын арнаған майталмандарымыз да жоқ емес. Осыны ойлағанда, оларға деген құрмет-қошеметіміз тіпті еселене түсетіндей.
Мәселен, сол тұстағы Тың өлкелік «Тың өлкесі» газетіне С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналис-
тика факультетін бітіргеннен кейін екеуі қол ұстасып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен келген ерлі-зайыпты Октябрь және Рахия Әлібековтар сондай жандар. Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Батпақкөл ауылында 1939 жылдың 20 сәуірінде дүниеге келген Рахия апай Октябрь ағамызбен өзі арман қуып, жоғарыдағы университет қабырғасында бірге оқу оқып жүрген кезінде танысады. Екеуі де болашақ журналист. Бойларындағы сүйіспеншілік сезімі, жүректеріндегі арман оты лау-
лай келе, бір мақсат, бір бағытты бетке алған жастар жаны өмірге де, қалап алған өз мамандықтарына да сондай құштар еді. Кейін сол ұяң жігіт пен қырмызы қыздан қандай қоғам қайраткерлері шықты! Октябрь аға бір редакциядан табан аудармаған ұзақ жылғы журналистік қызметінің жемісіндей, қалам қайраты мен өз ісіне біліктілігінің белгісіндей осы басылымның бас редакторы деңгейіне көтерілді. Ал, Рахия апай болса, жұбайының бұл қадір-қасиетін одан әрі толықтырып, осы газеттің әуелі белді бір тілшісі, кейін хаттар бөлімінің меңгерушісі ретінде бір шаңырақтың қаламгерлік салт-дәстүрін жөнімен ілгері апарыса түсті.
Ол кезде тақа қолымызға ұстап көрмеген орыс газеттерін кім білсін, ал, қазақ газеттерінде әйел журналистер тым аз еді. Біз Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне алғаш келгенде де олардың қатары екі-үшеуден аспайтын. Әр мақаласы газетке олжа салатын Райхан Сейітова, Бақыт Шәшкенова, Роза Нарымбетова. Міне, болды. Сөйтсек, «Арқа ажарында» да солай екен ғой. Ол кезде білмеймін, ер азаматтардан жол көп тимеді ме, әлде, «газет» деген, «халықтың көзі, құлағы, үні» деген сөздің киесі тайсақтатты ма, әйтеуір, әйел заты бұл мамандыққа көп аяқ баса қоймағаны анық. Сонысымен де редакциядағы әрбір нәзік жан өзіне еркектер ортасының бүкіл сыйластығын, ізгілікті ізетін түгел аударып алғандай еді. Рахия апай да осындай бір түсінігі мол ортада жұмыс істеп, жаны сүйген, сосын да үйдің, түздің шаруасы шаршатпаған, қажымаған сүйікті мамандығынан өмірдің бар мәнін тапқаны даусыз. Таңертең Октябрь ағамен редакцияға бірге келіп, осында ойдың, сүбелі сөздің қазанында бірге қайнап, шартарапта болып жатқан барлық үлкенді-кішілі қоғамдық-саяси оқиғаларға бірге қанығып, үйге де бірге қайтудың өзі біле-білгенге нағыз бақыт деген өлшемге пара-пар, екінің біріне бұйыра бермес бұл жалғанның бір үлкен жақсылығы екен ғой. Оны сол бір қарбаласпен, жанталаспен ол күндер көп білгізе бермесе де, осы күні жас келіп, алды-артыңа бір қарайлатпай қоймайтын егде тұсыңда өзің де түсінудей түсінеді екенсің.
Рахия апайдың бұл тіршіліктегі көп күні, ай-жылдары солай өтті. Отағасы осы бір ортада алар өз орнына, қабілет-қарымына қарай, қызмет бабымен сатылап өскен сайын соған тілекші болып, ер азаматының абыройын ойлап, суырылып алға шығудан, артық ауыс көзге түсуден бойын аулақ ұстаған, сөйтіп, қазақтың арасындағы қыз балаға тән әдеп-ибамен ғана өз жөнін білген қызметкерлердің бірі осы кісі еді. Редакциядағы түрлі отырыстарда, лездемелерде пікір сұраса, салмақты сөзін ғана, запас жол сұраса, оның асыңқы көлемін ғана ойға түйген Рахия Нысанқызы сияқты жауапкершілігі мол әйел журналистің мойнында газет жұмысынан тыс үйдің, қайын ене, бала-шағаны бағып-қағудың тынымсыз күйбеңі де жетіп артылатын. Оның да ретін табатын, сөйтіп, «шаршадым, шалдықтым» демейтін мұндай қызметкерлерде үлкен ақыл-парасаттың, анаған-мынаған мойымас ерік-жігердің мол болғаны да анық-ты.
«Сөйтіп, 1961 жылдың 15 тамызынан бастап біздің өміріміздің жаңа парақтары басталды. Редакцияға бірден төрт журналист – Мәди Хасенов, Жұмамұрат Тұяқбаев және біз екеуіміз келдік. Жұмысымыз жемісті, өміріміз көңілді өтіп жатты. Октябрь күйді өте шебер тартатын. Қандай бір мерекелер, туған күндер, үйлену тойлары мен өмірге сәби келу қуаныштарының басы-қасында біз жүрдік. Сондай бір бас қосуларда марқұм Жомарт ініміз: «Біздің Өкең Рахия апайды қырық күй тартып өзіне қаратып алған» деп қалжыңдап отырушы еді. 44 жасында жұбайы соғысқа кетіп, содан оралмаған, үш баламен жесір қалған Шәрипа анамызды оқу бітіріп келгеннен кейін қолымызға көшіріп алған болатынбыз. Оның бауырында болған Қымбат деген үлкен апасының төрт жарым жастағы баласы Болатты да бірге ала келді. Сөйтіп, біз оны тұңғыш баламыздай тәрбиелеп өсірдік. Оның соңынан өзіміздің қыздарымыз – Ақмарал, Ботагөз, Ләйла, кенже ұлымыз Қанат келді өмірге» деп жазыпты апай ағамызды еске алған мына бір «Өзіңді күн сайын күтіп жүрмін» атты мақаласында. Ал, «Өкең он сегіз жылдан кейін өзіміз қара шаңырағымыз санайтын «Арқа ажарының» алтыншы бас редакторы болып бекітіліп, оны зейнеткерлікке шыққанша, яғни, он алты жыл басқарды. Газеттің қоғам талабына сай шығарылуына, партияның тапсырмасын мұқият орындауға асқан жауапкершілікпен қарады. Ұжым мүшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жіті қадағалап, қолдан келген көмегін аяған жан емес. Ал, мен болсам, редактордың зайыбы болғандығымнан, кейбір мақтау-марапаттаулардан кенже қалып жатсам да, қолымнан қаламымды тастаған жоқпын. Оған қоса, редактордың бабын табу, бес бала мен енеге қарау, үздіксіз келіп жататын қонақтарды күту, редакцияның тапсырмасын орындау сияқты қат-қабат жұмыстар тағы бар. Не керек, ұжымда жүрген жерімізде, жалпы қай ортада болсын абырой-беделіміз жоғары, үлкенге сыйлы, кішіге ілтипатты болдық» деп ағынан жарылуында да жоғарыдағы біз айтқан жөн сөздің тура өзі жатқан жоқ па?!
Ал, енді осы арада Октябрь ағаның көзі тірісінде «Арқа ажары» газетіндегі басшылық кезеңі туралы жазып кеткен «Өткен жылдар елесі» атты естелігіне келейік. «Бес жыл бірге оқып, тура 34 жыл қызметтес болған, 46 жылдай отасып келе жатқан Рахияны бұл естелігімде атап кетпесем, әбестік болар еді. Бізде әйел журналистер өте аз болды. Рахия редакциядағы сан қырлы жұмыстарын ешкімнен кем атқарған жоқ. Мақалаларын да жазды, хаттарын да қорытып, кіші әдеби қызметкерден еңбекші хаттары және бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушілігіне дейін өсті. Мен редактор болмастан бұрынғы Одақ көлеміндегі «Баспасөз үздігі» деген атақты редакцияда тек Рахия Нысанқызы ғана алған-ды. Кейін менің газет басшысы болуым оған қырын келді. Бірқатар марапаттаулардан сырт қалды. Не керек, жұрттың жел сөзінен қашқақтаумен, есесінен де құр қалған жайы бар. Оған өкініш білдіріп жүрген ол жоқ, төрт баласын өсіріп, олардың бәрін жеке-жеке отау қылып, жеті немере, бір шөбере сүйгенін тәубе етіп отыр».
Жазылып кеткен жайлардан бұл үзінділерді неге келтіріп отыр демеңіз. Біз айтқаннан гөрі, бір шаңырақтың төрі де, өрі де болғандықтан, қос халық қалаулысы, ел елеулісінің болмыс-бітімін бір кездегі өз ой түйіндерімен толығырақ аша түсу. Енді қазақ баспасөзінде жарқын іздері сайрап жатқан белді қалам иелерінің бұл өмірде кім болғаны, кім екені оқырманға одан бетер түсінікті емес пе. Осы жолдарда сонау балғын шақтарынан бірін-бірі аялап, сүйіспеншіліктің, сыйластықтың іңкәр сезіміне бөлеп келген екі жанның отбасылық тату-тәтті ғұмыры, өнегелі өмірлерінің ажырамас бір бөлігіне айналып кеткен «Арқа ажарына» деген адалдықтары мен алғаусыз еңбектері, тума таланттарынан барып жол тартқан журналистік биік белестері, кісілік келбеттері, бәрі «мен мұндалап» жатқан жоқ па.
Журналистік орта белгілі. Редакторлық та жеңіл жүк емес. Оның қалтарыс, кірбіңдерінде Октябрь ағамызға қадалған шөңірдің зайыбы, өмірлік қосағы ретінде Рахия апайымызға да қадалмай қоймағанын осы отырғанда жан-жүрегіммен жақсы түсініп отырмын. «Тіршіліктің», бүгінгі «Арқа ажарының» үзілмейтін ғұмырын алға абыройлы жалғаймын деп бойындағы барын аянбаған ел азаматының осы жолдағы сенімді серігі бола білген апайдың ерінің қолына жоғары мансап тигенде бәз біреулердей өзгеріп кетпегенін, сол баяғынша редакциядағы көз көргендермен сыралғы, жайлы да ибалы қалпында қала бергенінің бір өтеуі болса керек, осы күнге дейін бұл кісі туралы жарты сөзді тоңтеріс айтқан жанды кездестірмеппіз. Қайта бұрынғы бас редактордың орынбасары Бәдуан Имаш ағамыздан бастап, «Рахия апайымыздың сексен жылдық мерейтойы еді» деп елпілдеп жатыр. Біз де осы газетте жұмыс істегелі бұл қадірлі жанның «Ақмолалық журналистердің, тіпті Арқа журналистерінің апасы» екенін білуші едік. Қарымды қаламгердің өткен өмір белестерін шола отырып, осы орынды теңеудің ақиқаттығына тағы бір айқын көзіміз жетіп отыр. Жақсы адамның мәртебелі жасында не деп тілек қосамыз? Өнегелі өмір иесі көзіміз көріп, көңіліміздің төрінен орын алған Октябрь ағамыздың жасамаған жасын жасап, көрмеген қызығын қызықтап, әулетінің, елінің ықылас-пейіліне бөлене берсін.
Ара-тұра бұл кісінің байыпты дауысын естіртіп, телефонымыз шылдырлап қояды. Сол бір биязылықпен тіл қату, кісімен сөйлесудің үлкен мәдениеті. «Айналайын» деп іш тарта, жан-дүниеңді жылылықпен жадыратады. Октябрь ағамыз барда, талай үлкен адамдардың алдын көрген, аталы сөзден ой түйген, бүгінгі елорданың киелі бір шаңырағының иегері, апай, сіз шынында да небір ізгі ілтипатқа лайық жансыз. Өздеріңіз тұратын үйдің қабырғасынан аяулы ағамыздың мемориалдық тақтасының да лайықты орын алуына қол жеткізіп, өткенді зерделей білген еңбегіңіз де жақсылық болып қайтары ақиқат. Төл туындыңыз – «Әйел әлемі» кітабы да сіздің әдемі әлеміңіз, баспасөз саласындағы шығармашылық ізденісіңіздің ақжарылқап жемісі. Көкшетаудағы «Арқа ажарының» 100 жылдығына газетіміздің ардагерлерін жолбасшысы, үлкені ретінде өзіңіз бастап келгеніңіз, сөйтіп, өз орныңыз, ақыл-парасатыңызбен жанымызды жылы шуаққа бөлегеніңіз күні кеше ғана.
«Ел мен жер, еңбеккер қауым мүддесі үшін ұдайы заман толқынының жел жақ өтінде жүретін журналистер қай кезде қандай идеология салқыны ұрса да, ақиқатшыл антынан тайған емес» дегенде, сізді меңзеген екен басылымымыздың бұрынғы басшысы, философия білгірі, марқұм Жомарт Әбдіхалық ағамыз. Иә, жақсы жанның жарқын жан дүниесі дәйім өзі жайында осылай хабардар етсе керек. Әрине, бұл бәріміз үшін де тағылымды, өнегелі өмір жолы екендігі айқын!
Әжем менің асыл жан!..
«Әже» деген ардақты сөз, ұлы есім,
Бір естісең алаулайды жүрегіңде от сезім.
Тәрбиенің көзі болдың мен үшін,
Ұмытылмас бір өзіңмен шаттық толы бал кезім,–деп айтылғандай әлемдегі ең мейірімді, ақ ниетті, ардақты, абзал жанның бірі – әже. Қазақ отбасындағы әженің орны ерекше, әрі қадірлі. Әже – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, отбасы бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылшысы. Немересін ақ бесікке бөлеп, «Бесік жырымен» тербетіп өсірген әже мен немере арасындағы ерекше үзілмес сезімнің орны қашанда бөлек болмақ. Әулетіміздің киесі, барлығымыздың ақылшымыз, шаңырағымыздың берекесін ұстап отырған осындай асыл жанның бірі – ол менің Рахия әжем. Бала кезімнен көзінен мейірімділік шуағын төккен, алақанының жылуы-
мен мәпелеп өсірген, әжетайым менің, өзінің ұстамдылығы, төзімділігі, сабырлығы, еңбекқорлығы, қиыншылықтарға қажырлықпен қарауының арқасында біз үшін үнемі үлгі болып жүресің.
Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, маңдайына жазған тағдыры бар, бірақ көрген қызығы, татқан бейнеті, еңбек жолы, жеткен белесі әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырттай бағалап жүретіндері де қаншама. Сондағы жалпының шынымен мән беретіні ол – сол адамның кісілік келбеті, азаматтық тұлғасы мен адамгершілік қасиеттері. Алған тәрбиесінің арқасында ақ пен қараны ажырата білген, сыйластық пен достықты жоғары бағалаған, үлкенге құрмет, кішіге ізет, салт пен дәстүрді сақтаған Рахия әжем мен үшін үлгі тұтар тұлғалардың бірі.
Рахия Нысанқызы Әлібекова атам Октябрь Қайырұлымен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімінде танысады. Университетті ойдағыдай бітірген түлектер 1961 жылы «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа аттанады. Кейінірек олар облыстық «Коммунизм нұры» газетінде (қазіргі «Арқа ажары») еңбек жолын жалғастырды.
Менің көп тәлім-тәрбиені алуыма, тілімнің өз ана тілінде – қазақ тілінде шығуына әжем Рахия Нысанқызы мен атам Октябрь Қайырұлының зор рөлі болды. Өйткені, шешем жұмысқа ерте шығып кетті де, мен балабақшаға барғанша осы кісілердің тәрбиесінде болдым. Әжем күнде ұйықтар алдында маған үнемі қазақ ертегілерін оқып беретін. Содан мен әлі әріп танымаған, жазу-сызуды білмеген кезімнің өзінде-ақ әжем оқыған ертегілерді жаттап алатын болдым. Тілімнің өте жатық, қазақ тілінде өте анық сөйлегенімнің арқасында балаларға арналған теле-бағдарламаларға қатысып, әжем үйреткен ертегілерден үзінді оқып жүрдім. Атасы мен әжесінің қолында өсіп, нағыз қазақи, тарихы терең, ірі тұлғалардың отбасында және ең бастысы – журналистер отбасында туып-өскенімді мақтан етемін. Атам мен әжемнің жолын жалғастырып, олардың ізбасары болуды, журналистика саласына өз үлесімді қосып, журналист болуды, осындай биік дәрежеге дейін жетуді армандаушы едім. Өз қалауыммен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистка факультетіне түсіп, оны ойдағыдай үздік дипломмен бітіргенімде әжем қатты қуанып, маған ақ батасын берген болатын.
Адал жар, жақсы келін, аяулы ана, сүйікті әже болумен қатар Рахия Нысанқызы қарымды журналист-қаламгер бола білді. Әйел басына түсетін міндеттермен қоса журналистік қызметті қоса арқалап, еңбек жолының қырық жылға жуық кезеңін қазақ баспасөзіне арнады. Кәсіби журналист, еңбек ардагері Рахия Әлібекова Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде еңбек еткен жылдардағы жазған мақалалары, очерктері мен рецензияларының көбі қарапайым еңбек адамының тыныс-тіршілігі, оның ішінде адамзаттың ең нәзік өкілі – әйел әлемі жайында сыр шерткен. Кеңес кезеңіндегі санаулы қазақ әйел журналистерінің өкілі ретінде өнегелі өмірінің қырық жылдан астам уақытын журналистикаға арнаған Рахия Нысанқызы өзіндік жазу стилі мен тілімен қазақ баспасөзіне өз қолтаңбасын қалдырған. Бүгінде құрметті еңбек демалысында еңбегінің жемісін көріп, балалары, немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған сүйікті әжеміз 80 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр.
Осы орайда әжемізді осынау үлкен мерекелі мерейтой күнімен құттықтай отырып, ғұмырыңыз ұзағынан, көрер қуанышыңыз молынан, мерейіңіз үстем, қадір-қасиетіңіз зор болсын дей келе, әжеме мына өлең жолдарын арнағым келеді.
Асыл жанды әжетайым сен менің,
Бір өзіңнен үнемі пана іздеймін.
Жүзіңізден нұр сәулесін көруге,
Асығумен әрдайым мен жүремін.
Асыл әжем мәпелеп мені өсірген,
Асыл әжем мейіріммен тербеткен.
Іздегенде қасымыздан табылған,
Бір өзіңе тең келер жан болмаған.
Көңіліңіз қашанда болсын жайдары,
Көргеніңіз болсын қызық-тойлары.
Әрқашанда аман болып басыңыз,
Шөпшек сүйіп, жүзге жетсін жасыңыз.
Жүзіңізден күлкі ешқашан кетпесін,
Көзіңіздің нұр жанары сөнбесін.
Әжетайым бізбен бірге болсаңыз,
Өмір бақи бақытты біз боламыз!
Ғалия ОРАЗАЛИНА,
немересі.
Веселое ауылы,
Сандықтау ауданы.