Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының репертуары тағы бір тың қойылыммен толықты. Сәуір айының 21-і күні қазақтың маңдай алды классик жазушы-драматургі Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясының премьерасы сәтті өтті. Режиссері ҚР «Еңбек сіңірген қайраткері» Мұратбек Оспанов бұл жолғы махаббат дастанын бұрынғылардан өзгеше сарында сахналап, шығарманың тереңіне үңіле түскендей. Олай дейтін себебіміз, сіз бұл жерден кимешек киген әже мен тақия киген ата көрмейсіз. Қойылымда бастан аяқ театрдың жастары ойнайды.
Режиссер шартты түрде Қозы мен Баянды 13-14 жас шамасындағы қыз-бозбала деп алған. Бұл қазақтың «он үште отау иесі» деген сөзінің астарын айқындай түскендей. Санаға салып сараптасақ, екі жастың ата-анасы да аса кәртең емес деген сөз. Режиссер соның бәрін ескерумен қатар, шығарма бойынша көп оқып көп ізденгені байқалады. Қойылымның кейбір көріністері мен оқиғаларын поэма желісіне сүйене отырып жасаған.
Қозы мен Баянның махаббат дастанына айналған оқиғаны Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже сынды ақындар әр кезде әр қалай өзіндік мәнерімен жырлаған.
Кейбір түркі халықтарында да жырдың басқа нұсқалары кездеседі. Мысалы, башқұрттарда «Кузы Курпеш мэнен Маян сылу», татарларда «Козы Корпеш», алтайлықтарда «Козы Эркеш» деп аталады. Мұратбек Оспанов сырлы шығарманы жан-жақты бағдарлап, көне тарих қойнауына жасырынған жалпы түрік тектес ұлттарға ортақ қазынаны қайта жаңғыртуға тырысқан.
Қозы мен Баянның антқа берік мүлтіксіз мөлдір махаббаты мен нәзік сезімдерін артист Санжар Ақмағамбетов пен Әсем Серікқызы нанымды жетізе білді. Ерекше ізденісте жүрген Асыланбек Шайсұлтанов қулығына құрық бойламайтын Жантықтың бейнесін жан-жақты зерделеп, қызықты образ жасаған. Ол бірде көз алдыңызға Қарабайдан қалған сүйекті талғажау етіп жүрген бұралқы ит боп елестесе, ал бірде бейне бір шибөрі боп елестеп, сахнада мың құбылады. Жантықтың мойнына сылдырмақ қып таққан сүйек-саяқтың ішінде қуарған жауырын да кездеседі. Қарабайдың түсін сол жауырынға қарап жорыған сәті арқылы қазақтың ескі салты «жаурыншылықты» еске салды. Құлқынның соңында кеткен қара ниет Қарабай бейнесін артист Медет Хамзин өзіне тән ерекше ізденістерімен сәтті ойнай алды. Екі жастың арасына түсіп, есі кеткен есерсоқ Қодар бейнесін Ержан Әубәкіров ерек тұлғасы мен сұсты бейнесі арқылы жақсы жасап, көрермен қошеметіне бөленді. Артистердің кейбіреуінің ойындары әлі шикі екені де байқалды. Көш жүре түзеледі демей ме?! Мүмкін, жас болған соң тәжірибе жетіспей жатқан да шығар.
Қойылымның сценографиясы мен киім үлгілерін Маймұра Топанбаева әртістерге ыңғайлы әрі тиянақты етіп сәтті жасаған. Әуенмен әрлеуде Медет Мұхаммединнің еңбегі ұшан-теңіз. Таңдалған әуендер спектакльмен әдемі астасқан. Тыңдаған жанның денесін тітіркендіріп, қойылымның атмосферасын әрлендіреді.
Режиссер бұл шығарманы бұған дейін де басқа құраммен бәріне таныс дәстүрлі түрде сахналағаны мәлім. Осы жолы бізді қуантқаны режиссер таптаурындылыққа ұрынбай, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясын басқа қырынан ұсынған. Бұл жолғы Қозы мен Баян бұрынғылардан бөлек. Олай дейтін себебіміз, Мұратбек Оспанов шығарманың парқына терең бойлап, өзіндік ерекшеліктерімен жұмыс жасаған.
Манарбек ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ,
Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрынің әдебиет бөлім меңгерушісі.