Бурабайдағы «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінде «Шипажай – 2019» IV халықаралық ғылыми-практикалық форумы өтті. Форум жұмысына
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары Қанат Шөкенов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Венгрияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Андраш Барани, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой, сондай-ақ Ресей, Грузия, Швейцария, Литва, Чехия, Венгрия мемлекеттерінен делегаттар қатысып, медициналық туризмді дамыту жөнінде пікір алмасты.
Қазақстанның және бірқатар шет мемлекеттердің медициналық оңалту, кардиология, урология, онкология, гинекология, курортология, физиотерапия, емдік дене шынықтыру салаларының жетекші мамандары қатысқан форум жұмысы конференция отырысымен ашылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс екендігін айтқан болатын. Барлық санаториялық-курорттық ұйымдардың негізгі қызметі халықтың денсаулығын қорғау, аурудың алдын алу болып табылады. Курортология саласындағы көптеген зерттеулер осы саланың денсаулық сақтау жүйесінде жоғары маңызға ие екендігін дәлелдеуде. Форумның ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары Қанат Шөкенов Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының емдеу-сауықтыру кешендерінің жүйесіне 743 орынға лайықталған төрт шипажай кіретінін, оларда жыл сайын 20 мың адам ем қабылдайтынын айтты.
Жиынға қатысушылар алдында сөз алған Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев шараның басты мақсаты тұрғындардың денсаулығын нығайту мәселелерін талқылау екендігіне тоқтала келе, форум жұмысына сәттілік тіледі.
–«Шипажай» форумы – еліміздің санаториялық-курорттық саласындағы маңызды шара болып есептеледі. Мұнда осы іске қатысты көптеген мәселелер сөз етіледі. Форум қатысушылары шетел шипажайларының озық тәжірибелерінен үлгі алып, соны өз елінің денсаулық сақтау саласына енгізуге тырысады. Өмір сүру ұзақтығын ұлғайтудың әлемдік үдерісі бірінші кезекке өмір сүрудің жоғары сапасын қамтамасыз етуді қойып отыр. Біз мемлекетіміздің гүлденгенін, дамығанын қалаймыз. Ол үшін ең алдымен, азаматтарымыздың денсаулығы мықты болуы қажет, – дей келе, өңір басшысы халықтың денсаулығын нығайтуда санаториялық-курорттық емдеу маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Бүгінгі таңда Щучье-Бурабай курортты аймағында үш мыңға жуық орынға лайықталған 15 шипажай жұмыс істейді. Бұл еліміздегі барлық шипажайлардың 9 пайызын құрайды. Аталған курортты аймақтың шипажайлары негізінен тыныс алу, жүрек қан тамырлары, ас қорыту, тірек-қимыл органдары ауруларын емдеумен айналысады. Келер жылы «Шипажай» форумын Зеренді курортты аймағында өткізуге ұсыныс жасады.
Форум жұмысына қатысқан делегаттар – Венгрияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Андраш Барани, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой, сондай-ақ Switzerland Tourism компаниясының дамушы нарықтар және арнайы жобалар жөніндегі директоры Федерико Маруго мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов медициналық туризмді дамыту жөнінде кеңінен әңгімелеп берсе, «Астана» медициналық университетінің ректоры Дайнюс Павалькис, Венгриядан келген дәрігер-курортолог Ирина Некрасова медицина мамандарын даярлау, Венгрияның шипажайлары туралы баяндамалар жасады. Ал, форумның пленарлық отырысында делегаттар Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың, басқа да білікті ғалымдардың ой-пікірлерін тыңдауға мүмкіндік алды.
Екі күнге жалғасқан форум аясында «Санаториялық-курорттық қызметтегі медициналық оңалтудың әлеуеті. Мәселелер және шешу жолдары», «Медициналық оңалтудың болашағы бар ма?», «Курорттық істегі экономика және менеджмент» атты тақырыптарда конференциялар өткізіліп, курортты аймаққа ақпараттық тур, «Оқжетпес» шипажайына саяхат ұйымдастырылды.
Форум барысында, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы ұйымдастырған «Шипажай – 2019» IV халықаралық ғылыми-практикалық форумы аясында аталған басқарманың медициналық орталығы мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылып, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.