Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кәсіподақ жабық ұйымға айналмауы тиіс - АРҚА АЖАРЫ

Кәсіподақ жабық ұйымға айналмауы тиіс

Ақмола облыстық «Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Қали Рахметов журналистермен өткізген брифингте орталықтың қызметі жөнінде айтты.

Бүгінгі таңда облыста 80 мың кәсіподақ мүшесі бар 1162 бастапқы кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Өткен жылы олардың саны 18749 адамға көбейген. Бірлестік төрағасы өз сөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы кезектен тыс кеңейтілген отырыс өткізіп, Қазақстан Республикасы Президенті сайлауын өткізу жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасын қолдағанын, сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік жауапты күштеріне барлық халықаралық нормалар мен Қазақстан Республикасы сайлауының стандартына сәйкес, адал, ашық сайлау өткізуді қолдауға шақырған Үндеу жарияланғанын айтты.
–Кәсіподақтар федерациясы Қазақстанның әлеуметтік дамуының және азаматтар мен қоғамның жағдайын жақсартуға бағытталған теңдестірілген қоғамдық саяси үрдістің басымдық бағытын жалғастыру қажет деп есептейді. Бұл жауапты миссияны тұрақты жағдайда шешу керек. Кәсіподақтар еліміздің саяси жаңаруына қатысуымен бірге Қазақстан Республикасы Еңбек кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жұмысын жалғастыруда, еліміздің әр кәсіпорындары мен ұйымдары деңгейінде кәсіподақтардың қатысуы мен ықпалын ұлғайтуда, кәсіподақ қозғалысына жаңа кәсіподақ мүшелері мен жастарды тартуда,–деді Қали Рахметов. Кәсіподақтар федерациясының назары еңбек жағдайының қауіпсіздігін құру мәселесіне аударылып отыр. Қауіпсіздік жүйесі мен еңбекті қорғауды нығайту Кәсіподақтар федерациясы көтерген ең басты мәселелердің бірі болып табылады. Мың жарымнан астам қазақстандықтар өткен жылы әртүрлі өндірістік жарақат алды. Қайғылы оқиғалардың салдарынан 216 адам мерт болды. Ақмола облысы бойынша өткен жылы 79 қайғылы оқиға болып, оның 17-і өмірімен қоштасты. Өңірде облыс кәсіподағы жасаған әлеуметтік әріптестік бойынша облыстық үшжақты комиссияның төрағасы бекіткен Ақмола облысында қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ететін «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы жұмыс істейді. Облыс бойынша жұмыс істейтін 8 491 кәсіпорынның 916 кәсіпорны мен ұйымында кәсіподақ жұмыс істейді, өндірістік кеңестер құрылған. Оның құрамына кәсіподақ комитеттері сайлаған техникалық инспекторлар кіреді. Кәсіподақ орталығының жұмысын жоспарлау негізіне «2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясын жаңғыртудың Жол картасы» алынған. Кәсіподақ қозғалысының барлық көлеңкелі тұстарын анықтау жұмысын жүргізудің арқасында әлеуметтік әділдік қағидатын жылжытуға бағытталған нақты жұмыс атқарылды.
–Осының нәтижесінде қоғамда кәсіподақтардың беделі көтеріліп, мүшелері көбейді. Бастапқы кәсіподақ ұйымдарымен және қарапайым кәсіподақ мүшелерімен байланыс орнатылды. Кәсіподақ қозғалысының анықталған көлеңкелі тұстары кәсіподақтың жабық ұйымның бірі екенін көрсетті. Олар жөнінде сын айтылады. Ауқымды акция аз. Қаржы айналымы ашық көрсетілмейді. Тексеру комиссиясы төрағасының есебі съезд бен конференция делегаттарының алдында бес жылда бір рет тыңдалады. Біз барлық жұмысымызды көпшілік шаралар, оқу семинарларын өткізу арқылы кәсіподақтың беделін көтеру үшін бағыттауға шешім қабылдадық. Кәсіподақтың рөлі мен атқарған жұмысы жөнінде облыс тұрғындары білуі тиіс. Ақмола облысындағы жұмыс істейтін жастар форумының басты мақсаты жұмыс істейтін жастарды кәсіподақ жұмысына тарту болды. Бізге жас креативтік идеяларды жүзеге асыру үшін кәсіподақ кадрларын жасарту қажет. Облыстың жоғары және орта оқу орындарының түлектері үшін вакансия жәрмеңкесін жиі өткізу керек. Еңбек күнін мерекелеуге арналған облыстық салааралық спартакиада өткізу қажет,–деген Ақмола облыстық «Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Қали Рахметов тілшілер қойған сауалдарға жауап берді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар