Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Оқжетпестің» алғашқы жеңісі - АРҚА АЖАРЫ

«Оқжетпестің» алғашқы жеңісі

Бұған дейін биылғы маусымда Премьер-Лигада өткізген бес ойынының төртеуінде жеңіліп, біреуінде тең түскен Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол клубы біріншіліктің алтыншы турында сырт алаңда 2:1 есебімен «Атырау» командасынан басым түсті. Сөйтіп, бұл жеңіс футболшыларымызды ғана қуантып қоймай, команда жанкүйерлері арасында да үлкен серпіліс туғызды.

Неге десеңіз, чемпионатта жолы болмай келе жатқан команда мен оның жанкүйерлерінің жағдайын білесіз. Содан зәрезап болған көкшетаулықтарға бұл жеңіс ауадай қажет еді. Әсіресе, команданың жас жаттықтырушысы, өз футбол карьерасында бас бапкерліктің тізгінін биыл ғана қолына алып отырған Андрей Карповичке де әлден айтыла бастаған сыни пікірлер оңай емес-ті. Сондықтан, Шымкентте өткен осы жолғы ойында оқжетпестіктердің көптен күткен үш ұпайды олжалауы командаға психологиялық тұрғыдан да игі ықпал етіп, бұл жеңісті жолымыз әрі қарай да жиі жалғасар деген үміттеміз.
Енді ойынның оңтүстік өңірде өткеніне келсек, мұнайлы өлкедегі «Атырау» да өткен жылдардағы біздің кебімізді киіп, өз жеріндегі стадионнан қиындық көруде. Яғни, Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы бұл стадионды чемпионаттың ойындарын өткізуге жарамсыз деп тауып, атыраулықтар кездесулерін бірде «Астана-Аренада», бірде оңтүстікте өткізіп жүрген жайы бар. Алғашқыда Шымкенттегі «Намыс» стадио-
нында өтеді деген ойын оның да жауған жаңбырлардың әсерінен жарамай қалуынан, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионға ауыстырылды.
Сол себепті, әлеуметтік желілерден көкшетаулық бас бапкер А.Карповичтің ойын алдындағы «өзіміздегі синтетикалық алаңда доп тебетін біздерге табиғи шөптен тұратын алаңда ойнау қиын соғатын түрі бар» деген пікірін де көзіміз шалып қалған болатын. Бұл бір есептен нені көрсетеді? Қазақстанда футболдың инфрақұрылымы көздегендей деңгейде еместігін. Әсіресе, жоғары талаптарға жауап берерлік стадиондардың жоқтығы, қазір қолда барларының өзі көбіне жасанды футбол алаңдарымен жабдықталғаны қинайды. Биыл қайта жаңартылғалы жатқан жоғарыдағы Шымкенттің орталық стадионына 40 миллион евро бөлінбекші деген хабар әлеуметтік желілерде үлкен талқылауға ұласып кетті. Сөйтсек, шет елдерде бұдан аз қаржыға барлық талаптарға сай, сыйымдылығы 30-40 мың адамдық су жаңа стадион салуға болады екен. Осыдан кейін бұл не сонда, мемлекет қаржысын оңды-солды шашу не басу ма деген сауал тіл ұшына өз-өзінен оралмай қоймайды. Мұны неге айтып отырмыз? Кейде бір ішке сыймағаннан. Біріншілік ойындарын өткізуге рұқсат етілген Көкшетаудың стадионы да маңдайы жарқырап тұрған жоқ.
Алтыншы турдың сырт алаңдағы ойынында «Оқжетпес» алаңға екі мықты шабуылшыны шығарды. Олар команда капитаны Т.Нөсербаев пен Ж.Молдақараев. Бұл – осы жолы қайтсек те есе жібермеудің, шегінер жер жоқтығының белгісі еді. «Атырау» да биылғы біріншілікте үш рет ұтылып, бір рет ұтқан және бір рет тең түскен өзі деңгейлес команда. Сол екі шабуылшының көмегімен жерлестеріміз кездесудің бесінші минутында-ақ гол соқты. Бұл жолы Милан Стоянович мүлт кетпеді. Екінші допты ойынның 32-інші минутында осы матчтың қаһарманы атанған Танат Нөсербаевтың өзі соғып, есепті 2:0-ге жеткізді. Бұдан басқа да, осы матчта жақсы ойнаған Жасұлан Молдақараевтың қақпаға гол соғатын анық екі мүмкіндігі болды. Бірақ, екеуінде де қақпашы шеберлік танытты. Ал, ойынның екінші таймында хорват шабуылшысы Йосип Иванчич қарымта қайтарып, атыраулықтардың есепті теңестірсек деп жанталасқандарына қарамастан, кездесу сол 1:2 есебімен көкшетаулықтардың пайдасына шешілді. Бұл арада қақпашымыз Д.Бабахановтың да шебер ойынын атап өтпеске болмайтындай.
Сонымен, биылғы чемпионатта алғашқы жеңістің дәмін татқан «Оқжетпес» енді 20 сәуір күні өз алаңында біріншілікті ала-құла бастаған Павлодардың «Ертісін» қабылдайды. Бұл команданың еншісінде алты ойыннан кейін 6 ұпай бар. Осы жолы жеңсе, «Оқжетпес» жеті ұпай жинап, турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсартуына мүмкіндік бар. Солай болады деп сенейік.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар