Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Сыбағаның» сыйы - АРҚА АЖАРЫ

«Сыбағаның» сыйы

Ақмола облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде жыл сайынғы «Ауылым – алтын тұғырым» байқауының поэзия аталымы бойынша биылғы жеңімпазы, ақын Қуаныш Оспановтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы жыл сайын ұйымдастыратын «Ауылым – алтын тұғырым» байқауына биыл қолына қалам ұстаған 160-қа жуық үміткер қатысқан екен. Солардың ішінде «Поэзия» аталымы бойынша жерлесіміз Қуаныш Оспанов «Сыбаға» атты этнографиялық дастанымен жеңімпаз атанып отыр.
Баспасөз мәслихаты кезінде сөз алған ақын бұл байқаудың ауқымы жылдан жылға кеңейіп келе жатқандығын, биыл оған Моңғолия мемлекетінен де бір топ үміткер қатысқанын атап өтті. Сондай-ақ, Қуаныш Оспанов «Сыбаға» атты этнография дастанының қалай туғанын, оның мағынасы жайлы әңгімелеп берді. Автор аталған еңбекті жазар алдында көп ізденгенін айтады. «Сыбағаның» негізгі мағынасы ауыл тұрғындарының қалаға жаппай қоныс аударуы, соның салдарынан салт-дәстүріміздің, оның ішінде халқымыздың ұлттық тағамдарының ұмыт болып бара жатқаны туралы.
– «Сыбаға» – Арқа елінің, әсіресе, солтүстік өңірлердің ет тарту, табақ тарту, мейман күтіп, қонақ жайлылық көрсету дәстүрі, урбанизация жайында жазылған дастан. Ауылда туып-өскен қазақтың ауылдан тамырын үзуі қиын дүние. Десек те, қазіргі таңда ауылдарымыз қартайды, жастар ауылдан безіп жатыр. Балаларымызды қала, көше тәрбиелеуде. Көбісі халқымыздың дәстүрін біле бермейді. Қонаққа қарапайым ғана ет тартудың өзінде қаншама дәстүр, ырым, тыйым жатыр. Осы мәселелерді жазу көптен бері ойымда жүретін. Шығармада ауылдан қалаға көшкен қарияның бейнесі арқылы осы мәселелерді беруге тырыстым, – деді ақын.
Баспасөз мәслихаты барысында ақын Қуаныш Оспановтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, сондай-ақ, Жастар жылы аясында жарық көрген «Сыбаға» атты кітабының тұсауы кесілді. Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат пен М.Ғабдуллин атындағы музейдің директоры Құдайберлі Мырзабек аталған кітаптың тұсауын кесіп, ақынның еңбегіне лайықты баға берді. Ал, «Рухани жаңғыру» өңірлік-жобалық кеңсесінің жетекшісі Мерген Тоқсанбай әзірше қалта кітапшасы түрінде жарыққа шыққан «Сыбаға» дастанын алдағы уақытта суреттермен көркемдеп, мектептер мен бала бақшалар қосымша оқулық ретінде пайдалана алатындай үлкен кітап етіп шығару жоспарда бар екенін айтты.
«Арқа ажарының»
өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар