2018 жыл «Луч надежды» адам құқығын қорғау және туберкулезбен күрес жөніндегі қоғамдық қоры үшін мерейлі жыл болды. Себебі, біздің қызметімізге 15 жыл толды.
Бұл көп пе, аз ба?! Егер уақыт өлшемімен алсақ, көп емес. Ал, атқарылған жұмыстарға келсек, тындырылған іс баршылық. Олар туралы айтпас бұрын, аздап тарихымызға тоқталайық. 2000 жылдың бастапқы кезеңі. Пенитенциарлық мекемелерде туберкулез ауруы, соған сәйкес осы жұқпалы дерттен болатын өлім-жітім де көбейіп тұрған тұс. Біздің облысқа пенитенциарлық жүйенің реформалауының басы-қасында болған PRI/KNCV халықаралық ұйымының басшылары Вера Ткаченко мен Светлана Пак келді. Олардың кәсібилігі, жергілікті жерлердегі жағдайды жақсы білуі Ақмола облысы қылмыстық атқару жүйесі басшылығымен нақты қатынас орнатуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, тұңғыш рет Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері фтизиатрларына KNCV-ның қолдауымен құрылған «Луч надежды» адам құқығын қорғау және туберкулезбен күрес жөніндегі қоғамдық қормен бірлесе отырып, режимдік мекемелерге мониторинг жүргізулеріне қол жеткізілді.
Осыдан-ақ аңғарылып тұрғанындай, біздің қоғамдық қор қызметінің басты бір бағыты бас еркінен айрылған орындардан босап шығатын азаматтарға туберкулезге қарсы көмек қолын созу болып табылады. Ол көбіне іс-шаралар арқылы мақсатына жетіп жатады. Айталық, істі болғандар бас еркінен айрылған мекемелерде туберкулез ауруынан толық емделуге үлгермей, бостандыққа шықты делік. Біз солардың облыстың туберкулезге қарсы күрес мекемелерінде ем алуларын жалғастыруларына күш саламыз.
Осындайда туындайтын әртүрлі мәселелер бойынша ақыл-кеңестер беру, әлеуметтік пакеттер ұсыну, түрмелерде болып, сотталғандар арасында ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізу, туберкулездің алдын алу жөнінде оқыту семинарларын өткізіп, бас еркінен айрылғандардың отбасыларымен кездесу – күнделікті, ай сайынғы жұмыстарымыз осылай жалғасып кете береді.
Осы ретте, қоғамдық қор жанынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 16 қарашадағы №924 Қаулысына сәйкес, Ақмола облысының қоғамдық қадағалау комиссиясының құрылып, жұмыс істеп келе жатқанын да айта кеткен жөн. «Луч надежды» қоғамдық қорының қызметкерлері Ақмола облысындағы барлық түзеу мекемелеріне, Көкшетау қаласының тергеу изоляторына, сондай-ақ, өзге де режимдік мекемелерге ешбір бөгетсіз кіре алады.
Өзі жұмысқа кіріскен кезеңнен бері «Луч надежды» ҚҚ отыздан астам жобаны іске асырды, оның 11-і халықаралық гранттардың, 10-ы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың шеңберінде мүмкін болды. Тағы 10 жоба өзге ұйымдармен бірге серіктес ретінде шешімін тапты. Осы күш-жігеріміз бен еңбегіміздің бәрі әртүрлі деңгейде лайықты бағасын алып жүр. Мәселен, 2005 және 2007 жылдары «Адам құқы» атауы бойынша республикалық «Признание», «Таным» сыйлықтарына ие болдық. 2013 жылы үлгілі кәсіби қызметіміз және адам құқын қорғауға қосқан үлесіміз үшін Еуропаның ғылыми-өнеркәсіп палатасының сапа дипломы берілді. Бұл жер жүзінде адамзат баласына әлі де үлкен қауіп төндіріп келе жатқан туберкулезге қарсы күрестің бір жағынан шығысқан азды-көпті жұмысымыздың өтеуі деп білеміз.
Үш жыл бойы Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы шеңберінде қор «Бас еркінен айырған орындардан босайтындарға туберкулезге қарсы көмек көрсету» жобасымен айналыс-ты. 2018 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бұл орайдағы тығыз байланысымыз жемісті болды. Егер алғаш құрылған бетте мемлекеттік құрылымдардан Ақмола облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері сияқты екі-ақ стратегиялық серіктестігіміз болса, қазіргі уақытта іс жүзінде барлық департаменттермен және басқармалармен бірлесе жұмыс істейтіндігімізді ерекше атап өтуге болады.
Бұл үшін қоғамдық қор шеңберінде қолынан іс келетін кәсіби команда құрудың да маңызы зор болды. Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен 2017 жылы түзеу мекемелерінен босап шығып, амбулаторлық ем қабылдап жүрген 10 адамға әлеуметтік пакеттер берсек, оның алдындағы жылдарда да осы мақсатқа тиісінше 192500 және 175000 теңге қаржы жұмсалып, 35 пакеттен үлестіріліпті. Мұның өзі біреулер үшін болмашы көмек болып көрінгенімен, ем қабылдау барысында дұрыс тамақтану қажет болатын адамдарға әжептәуір сеп деп ойлаймыз. Бұдан тыс 2 мың сотталушының арасында жүргізген ақпараттық түсінік жұмыстары да зая кетпегені аян. Бұл үшін фтизиатр дәрігерлер А.Темірханова және Ж.Нысанбековамен бірлесіп, бас еркінен айрылғандармен осы бағытта жұмыс істейтін волонтерлер даярлау жөнінде семинар өткізді.
Осы іс-шаралардың бәрінде біздің көздеген бас мақсатымыз – Ақмола облысының пенитенциарлық мекемелерінде туберкулез ауруының деңгейін және одан болатын өлім-жітімді төмендету, сондай-ақ, осы аурудың алдын алу үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту. Себебі, 2017 жылы облыстың түзеу мекемелерінде осы жұқпалы дерттен 2 адам қайтыс болса, туберкулез ауруына шалдығудың 20 оқиғасы тіркелді. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 32,3 пайызға төмен болғанымен, әжептәуір алаңдатарлықтай көрсеткіш. Соны 2018 жыл да жақсы көрсетіп берді. Себебі, бұл жылы туберкулезден 4 адам көз жұмды.
Дегенмен, біз үшін бұл жылдың бір ерекшелігі, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде өзіміздің туберкулезге қарсы күрес бағдарламасын кеңейте алуы-
мыз болды. Оның нәтижесі биыл және алдағы жылдары көріне түседі деген ойдамыз. Соны айта тұра, пенитенциарлық жүйедегі осыған қол байлау болып отырған проблемаларды да атап өтпеу мүмкін емес. Біріншіден, ол – дәрігер кадрларының жетіспеушілігі. Екіншіден, ауру адамдар мен сау адамдарды этаппен бірге жіберу, сотталғандардың емделуден бас тарту жағдайлары да орын алуда. Мұнымен бірге, туберкулезге қарсы күресте көздеген тиімділікке жетуге біздің қанымызға сіңіп қалған бюрократтық кедергілер де көбіне-көп кері әсерін тигізіп жатады.
Ал, жалпы, «Луч надежды» ҚҚ кейінгі кезде құрылған «Игілік» қоғамдық қорымен және мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп, осы жұқпалы дерттің бір ошағы болып тұрған пенитенциарлық мекемелерде және одан тыс жерлерде туберкулезге қарсы күреске өзінің қолдан келген үлесін қоса беретіні айдан анық.
Любовь РУБЕЖАНСКАЯ,
«Луч надежды» адам құқығын қорғау және туберкулезбен күрес жөніндегі қоғамдық қорының
директоры.