Өңір басшысы алдымен «Агример Астық’ жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрып, ондағы жаңа ұн тарту кешенінің жұмысымен танысты.
Кәсіпорын астықты сақтаумен, қайта өңдеумен айналысады. Сонымен қатар май бұршақ, бұршақ тұқымдас дақылдардың өнімдерін қабылдайды және қайта өңдейді.
Серіктестікте тәуліктік өндірістік қуаттылығы 200 тоннаны құрайтын итальян жабдығы орнатылған. Бұл құрылғы қатты бидайдан макарон өнімдерін алуға мүмкіндік береді. Дайын өнімді алыс және жақын шет мемлекеттерге өткізу жоспарлануда. Коорперативтік әлеуметтік жауапкершілікке келетін болсақ, бұл күні облыс әкімі спорттық сауықтыру кешенінің де жұмысымен танысты. Бұл кешен кәсіпорын аумағында орналасқан. Ол 2016 жылы кәсіпорын қызметкерлеріне және Көкшетау қаласының тұрғындарына есігін айқара ашты.
Осы кешенде жаттығу, спорт, массаж, фитнес залдары жұмыс істейді.
Мұнда бір мезгілде елу адам шыныға алады.
Қаланы аралау кезінде Ермек Маржықпаев «Жасыл ел НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылыжайларында да болды. Аталған компания Қазақстанда он жыл қатарынан жұмыс істеуде. Кәсіпорында қаланың қырық тұрғыны еңбек етеді. Серіктестік Нұр-Сұлтан, Алматы және облыс орталығын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен айналысады. Үш жылыжайда гүлдердің он сегіз түрі кездеседі. Атап айтқанда, петунья, тангетис, георгина гүлдерін де кездестіруге болады. Мамыр айында 18 мың шаршы метрге 500 мыңға жуық гүл отырғызу жоспарлануда. Бұл гүлдер облыс орталығының бас көшелерінің сәніне айналмақшы. Жылыжай жыл бойы жұмыс істеуі үшін компания қияр мен аскөк өсіруді де қолға алмақшы.
Бұдан бөлек, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде үздік қызметкерлерге сыйақылар беріліп тұрады. Компанияда жұмыс істейтін көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмектер қарастырылған.