Ежелгі Ерейменнің етегі тұнып тұрған тарих. Саралай сабақтасаңыз, өткен күннен қалған сол белгілердің айтар сыры көп. Әрқайсысы туған елдің тарихын тамылжыта айтып тұрғандай. Таяуда аудан аумағындағы тарихи ескерткіштер туралы тұңғыш жинақ жарық көрді.
Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе шығарған бұл еңбекке 199 сәулет ескерткіші енгізіліп отыр. «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының мамандарының айтуына қарағанда, бұған дейін аудан аумағындағы отыздан астам тарихи-сәулет ескерткіштері белгілі болған екен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларынан кейін тың серпін алған іздеу-жинақтау жұмыстарының нәтижесінде бағзы замандағы 160 ескерткіш табылып анықталған. Соның барлығының басы қосылып, сараланып, бір жинаққа топтастырылып отыр. Жалғыз дерек-мағлұмат қана емес, көркем фотосуреттермен көмкеріліп сипатталған.
–Бұл көп жұмыстың басы ғана. Алдағы уақытта облыс әкімдігі тарапынан қолдау табылса, атқарар жұмыс ұлан-ғайыр,–дейді
институт директоры Ақан Оңғарұлы,–өткеннің сорабымен соқпақ тартып, ендігі жұмысты Целиноград ауданында жалғастырмақшымыз.
Зерттеу жұмыстарының жаңалығы туралы айтатұғын болсақ, ГЕО ақпараттық құралдары арқылы ескерткіштер шоғырының нақты картасы жасалды. Енді спутниктік жүйе арқылы жинаққа енген ескерткіштерді сақтау және қорғау жұмыстары жүргізілетін болады. Сәл таратып айтқанда, егер біреу ескерткіштерге қиянат жасайтын болса, мұндай фактілер ақпараттық жүйенің мол мүмкіндігі арқылы анықталып, қасиетті жерге кәсапарлық танытқандар қатаң жазаланады.
–ГЕО ақпараттық жүйелердің тағы бір артықшылығы, қашықтықтан зонттау әдістері. Яғни, картографиялық негізін алмастырып отыруға, космостық түсірілімдерді пайдалануға болады. Әрі уақыт өткен сайын қандай өзгерістерге ұшырағандығын да салғастыра сараптауға мүмкіндік зор,–дейді институттың ғылыми қызметкері Қалибек Асылбеков.
Мұндай сәулет ескерткіштерінің жинағы еліміз бойынша жасалуда. Ең алғаш Жамбыл облысының жәдігерлері жинақталған екен. Енді міне, ежелгі Ереймен де елдік мұраны екшеп отыр.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.
Ерейментау ауданы.