Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Орманды қорғау жұмысы орашолақтықты көтермейді - АРҚА АЖАРЫ

Орманды қорғау жұмысы орашолақтықты көтермейді

Облыс әкімінің орынбасары Жомарт Нұркенов «Орман шаруашылығын дамытудың маңызды міндеттері» тақырыбында кеңес өткізіп, осы саладағы істің жайын саралады және орман қорғаудағы оралымсыздықтардың себебіне бойлады.

Оның жұмысына табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, өңірдегі орман шаруашылықтарының басшылары қатысты.
Кеңесте облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болат Тоқышев 2018 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде хабарлама жасады. «Аймақтағы мемлекеттік орман қоры 1 миллион гектардан асады, мұның 405400 гектары облыстық ведомстволарға қарасты және мұның 223800 гектарын орман алабы алып жатыр, – деді Б.Тоқышев. Өткен жылы 1271 гектарға жас өскіндер отырғызылды. Бұл орайда 11 питомник ұжымы 9,5 миллион данадан астам көшеттер дайындай білді. Отын дайындау, санитарлық кесу көлемі министрлік бекіткен мөлшерде, яғни, 117 мың текше метр көлемінде дайындалды. Орман ресурстарын пайдалану арқылы облыс бюджетіне 107 миллион 311 мың теңге қаржы аударылды.
Облыс әкімдігінің «Орман өртінің алдын алу және онымен күрес шаралары туралы» Қаулысын орындау мақсатында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 227 ескертпе хат жолданып, 4119 дана үгіт парақшалары таратылды, арнайы семинар кеңестер, штабтық оқу-жаттығу шаралары өткізілді және БАҚ материалдары жарияланды. Орман шаруашылықтары аумағында 199 су алу орны жабдықталған, 29 өрт бақылау мұнарасы және 23 өрт бақылау бекеті ұйымдастырылды. Коммуналдық-мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 260,4 миллион теңгеге түрлі техникалар, арнайы жабдықтар сатып алынды». Бұдан кейін «Бұқпа» коммуналдық мемлекеттік орман шаруашылығының директоры Марат Рахматуллин, «Кеңес» орман шаруашылығы мекемесінің директоры Жолдасхан Қарабаев өздері басқаратын ұжымдардың жыл ішіндегі жұмыстары туралы есеп берді.
Облыс әкімінің орынбасары Жомарт Нұркенов мінберге көтерілген шешендердің сөзін бірнеше рет бөліп, ұзын-сонар баяндаманың орнына нақты іс пен орын алған кемшіліктерді болдырмаудың жолдарын атап көрсетуді ескертіп отырды.
– Былтырғы өрт қаупі жоғары кезеңде 30 гектарға жуық орман алқабында 11 рет және 37 рет дала өртінің шығу оқиғасы тіркеліп, елеулі көлемде шығын келтірілді. Өрт шыққан аумақта орман жаңғырту ісі ұзаққа созылатынын жақсы білесіздер, – деді Жомарт Жұмағалиұлы қорытынды сөзінде. «Бұқпа», «Краснобор», «Отрадный» орман шаруашылықтарында орман өрті екі реттен астам қайталанған. Соған қарамастан, небары 8 әкімшілік қаулы алынып, 108 мың теңге ғана өндіріп алынды. Бұған қоса, ағашты заңсыз кесу оқиғасы тиылмай келеді. Үш директорға әкімшілік жаза (сөгіс) қолданылғанын жеңіл жаза деп есептейміз. Орман шаруашылықтары заманауи техникалық жабдықтар мен технологияны қолдануда артта қалуда. Кадр мәселесінде де ойланатын жағдайлар бар. Мұның салдары орман байлығына қатысты орта істің ақсап жатуына әсер етуде. Сондықтан, жұмысты тиімді ұйымдастыру, қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалану талап етіледі. Осының барлығының есебі алынып, түбегейлі мониторинг нәтижесінде қажетті қорытынды жасайтын боламыз.

Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар