Жол қозғалысы ережесін сақтау саласында ұзақ жыл еңбек еткендердің бірімін. Өз қызметімді абыройлы атқарып, мемлекеттік автоиспекциясынан зейнеткерлікке капитан дәрежесінде шықтым. Қазіргі күні 81 жасқа аяқ басып, ұрпақтарымның ортасында бақытты өмір сүріп жатқан жайым бар.
Сексен бір деген оңай емес екен. Соңғы жылдары жүріп-тұруым қиындап кеткенін жасыруға болмас. Осындай бір сәттерде көңіл-күйіңді біліп, қол ұшын беріп тұратын әріптестеріңнің болғаны қандай жақсы. Айналамда кең жүректі азаматтар аз емес. Бұл ретте облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, полиция полковнигі Дәуітбек Нұрәлиев пен мемлекеттік жол-көлік инспекциясы ардагерлер ұйымының төрағасы, полиция подполковнигі Қайырбек Оспановқа шынайы алғысымды білдіремін.
Бұл кісілер адам жанын түсінетіндігімен құрметке бөленіп жүргенін айту керек. Жылы сөз, жақсы хабар адам көңілін жадыратады. Бұл азаматтар өздері бас болып, мереке сайын арнайы құттықтап, сый-сыяпатын жасап тұрады. Қажет болған жағдайда дәрі-дәрмегімді де жеткізіп берген күндері болды. Бұл кісілерге ағалық ақ алғысымды, шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Өркендерің өссін, ізбасарларың көбейсін деген тілегімді білдіремін.
Аяған Шаяхметов,
МАИ қызметінің ардагері,
отставкадағы милиция капитаны.