Таяуда Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенттері оқу ақысын төлей алмай жүрген құрбыларына көмек көрсету мақсатында қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді.
Төлей алмау себебі де жас жүректі жаралағандай екен. Бірінші курс студентінің ата-анасы ауыр дертке шалдыққан. Сол себепті перзенттерінің оқу ақысын төлеуге мұршалары келмей жүр. Замандастарының жайын ұққан студенттер өз қолдарымен әртүрлі тағамдар әзірлеп, жәрмеңке ұйымдастырды. Түскен қаржы оқу ақысын төлеуге толық жетпегенімен, біраз бөлігін жабуға жарап жатыр. Ең бастысы, жастардың бойында жанашырлық, қайырымдылық дейтұғын қасиеттер бар.
–Мұндай жәрмеңкелерді жиі өткіземіз,–дейді университет студенті Әділбек Құрманбек,–көп балалы отбасынан шыққан құрбыларымызға көмегіміз тисін деген ниеттеміз. Түскен қаржыны банкке апарып өзіміз төлеп, тиісті құжаттарын алған соң мақсатымызға жеттік деп есептейміз.
Шапағаты мол шарада материалдық қана емес, рухани олжа да аз болмады. Жастардың белсенділігіне қарағанда, олардың бойында адамгершілік, бауырмалдылық сезімдері лаулап тұр. Біз соған қуандық. Айтпақшы, мұндай жәрмеңке төрт жыл қатарынан өткізіліп келеді екен. Осы аралықта ұзын-ырғасы қырыққа жуық студенттерге көмек көрсетілген.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.