Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдығына орай «Құлагер» поэмасы тұңғыш рет ағылшын тіліне аударылды. Осы шығарма арқылы шет елдік оқырман қазақтың көшпелі тұрмысын, мәдениеті мен дәстүрін тани алады.
Әлемге кеңінен таралған халықаралық тілге қазақ поэмасын белгілі аудармашы ақын Белинда Кук тәржімалады. Бұл автор бұған дейін Мандельштам, Пастернак пен Цветаеваның туындыларын аударған. Жобаға Ұлттық аударма бюросы мен Ілияс Жансүгіров қоры мұрындық болды. «Құлагер» поэмасының ағылшын тіліне тәржімаланған алғашқы аудармасы шетелдік оқырманға Ұлттық аударма бюросы арқылы халықаралық басылым ретінде жол тартып отыр. Бұған дейін бұл шығарма 2016 жылы неміс тіліне аударылған болатын. Ал, орысша нұсқасы 1958 жылы жасалды.
Игі істі ұйымдастырған қор қызметкерлерінің айтуынша, аудармашы Белинда Кук Қазақстанға арнайы келіп, Ақан серінің басына, Бурабайға, Зерендіге барып, халқымыздың тарихымен, дәстүрімен танысты. Соның бәрі ол кісіге шабыт беріп, аударманың сәтті шығуына зор әсерін тигізсе керек.
Жинаққа дарынды жас суретші Д.Қастеевтің суреттері қолданылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.