Жуырда «Ақмола облысының татарлары мен башқұрттары» қоғамдық бірлестігі Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қолдауымен татар ұлтының көрнекті ақыны Мұса Жәлелдің өмірі мен шығармашылығына арналған шара өткізді.
Әдеби кеш «Менің Мұса Жәлелім: халыққа арналған өмір» атты ұранмен өтті. Ақын қиын тағдырына қарамастан рухын төмен түсірмей, шығармашылықты ешқашан тастамаған. Конц-
лагерьлерде өткізген ауыр күндердің өзінде ақындықты жанына серік етіп келген.
Облыс орталығындағы Достық үйінде қалалық және облыстық кітапхана өкілдері автордың туындыларынан сыр шертетін көрме ұйымдастырса, «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебінің татар тілін үйрену сыныбы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайтын қабырға газетін шығарды.
Мұса Жәлелдің ақын ретінде қалыптасуы, оның еншісіне түскен ауыр сынақтар туралы «Ақмола облысының татарлары мен башқұрттары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Р.Зұлқарнаев, «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебінің оқытушысы Г.Аминова, белгілі журналист Л.Аитова сөз алды. Ал, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы М.Исмағұлов ақынның шығармашылығына зор құрметпен қарайтындығын жеткізіп, «Жеңіс» поэтикалық этюдынан үзінді оқу арқылы Ұлы Отан соғысы жылдарында жер бетіндегі бейбітшілікті сақтап қалған буын өкілдеріне алғысын білдірді. Дәл осы тұста кешке жиналған жұртшылық бір мезетте орнынан көтеріліп, шараға қатысып отырған Отан қорғаушы, 92 жастағы Шамиль Богданов есімді қартқа өздерінің ерекше қошеметтерін білдірді.
Сахна төрінен Мұса Жәлелдің өлеңдері оқылып, әдеби кеш іс-шара қатысушыларына сыйлықтар мен Алғыс хаттар тапсыру рәсімімен аяқталды. Ал, оған қатысқан қонақтар фашист концлагерінде азаппен көз жұмған Кеңес Одағының Батыры, ақын Мұса Жәлел жүрегінің бір бөлігін өздерімен бірге әкеткендей әсерде болды.
Вероника БУРДА.