Астрахан аудандық «Полония» поляк одағы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Руслана Снегурская:
Қазақстанды жаңа Отаным деп санаған бір халық болса, ол поляктар. Өйткені, олар Украина мен Белоруссиядан Қазақстанға ең алғашқы қоныс аударған ұлттардың бірі еді. Міне, солардың қатарында, сонау жылдары Астрахан ауданына тағдыр айдап келген Руслана Снегурскаяның ата-әжесі де бар болатын.
Артқа сәл шегініс жасасақ, 1936 жылы «Украинадағы қоныс аударушылар туралы» қаулы қабылданғаннан кейін Польша халқы Қазақстанға көшірілді. Одан кейін Польша халқы 1939-1941 жылдар аралығында депортацияға қайта ұшырады. Бұл уақытта КСРО құрамына Батыс Украина мен Батыс Белоруссия қосылды. Олар Сібірге, Орта Азияға және Қазақстанға қоныс аударғаны белгілі. Ұлы Отан соғысы аяқталған кезде польшалық қоныс аударушылар Польшаға ораламыз деп үміттенген еді. Алайда, 1944 жылы Кеңес әскері Польша жеріне кіріп, Краев әскеріндегі партия қызметкерлері мен саясатшылар депортацияға ұшырайды.
Мемлекеттік мұрағаттан алынған ақпарат бойынша, Қазақстанға 104 мыңға жуық польшалықтар мен олардың отбасы өкілдері қоныс аударған екен. Германия мен соғыс басталғаннан кейін Кеңес үкіметі мен Польша иммигранттық үкіметі арасында 1941 жылы 30 шілдеде дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтіру және КСРО жерінде Польша әскерін құру жайлы келісім шартқа қол қойылды. Кеңес үкіметі азаматтықты ұлт бойынша белгіледі. Батыс Украина мен Батыс Белоруссиядағы польшалық азаматтық тек нақты польшалықтарға берілген болатын. Көп жылдар бойы Польша азаматтарын қамқорлыққа алу жайлы мәселе Польша Республикасының елшілігінде талқыланбаған болатын. Кейін осы мәселе 1942 жылы талқыланғаннан кейін Қазақстанда 200-ден аса қамқорлыққа алу ұйымдары пайда болды. Польша үкіметі мен Кеңес үкіметі арасында қарама-қайшылықтар пайда болғанда жағдай нашарлай түседі. Шынында да Польша елшілігі мыңдаған польшалықтардың өмірін сақтап қалды. Польшалықтар «еңбек әскеріне» шақырылды. Оларға көмір өндірісі саласындағы, металлургия саласындағы қара жұмыстардан жұмыс орындары берілді. Соған қарамастан, оларда нан тапшылығы орын алады. Польша азаматтарының өмірінде қиыншылықтар пайда болғандықтан, Қазақстан үкіметі іс-шаралар тізбегін жасайды. Сол арқылы польшалықтарға материалдық және әлеуметтік көмек беріледі. Осы көмек бойынша, бір адамға екі келі ұн, бір келі дақылдар, 500 грамм май, 500 грамм кондитерлік өнім мен қант, 560 грамм тұз және бір бөлік шаруашылық сабыны беріледі. Оған қоса, әскерде қызмет ететін Польша азаматының отбасына зейнетақы берілген. Сонымен қатар, әскерде қызмет ететін Польша азаматының отбасы тұратын баспанада жөндеу жүргізіліп, өмір сүру жағдайы жақсара бастаған.
1956 жылы Польша азаматтары, теміржол арқылы қайтадан бұрынғы мекен еткен жерлеріне қайтарылған. Алайда, бұрынғы Отанына қайтқысы келмегендер де көп еді. Солардың бірі – біз бүгін әңгімеге тартып отырған Руслана Снегурскаяның ата-әжесі. Олар Қазақстанды жаңа Отаным деп санап, мәңгілікке қоныстанып қала береді.
– Сонау жылдары атам мен әжем репрессияға ұшырап, қазақ жеріне, соның ішінде осы Астрахан ауданына тұрақтайды. Содан бір-екі айдан кейін 1937 жылы ақпан айында әкем дүниеге келеді. Анам да осы жерде туып-өскен. Қазақ халқының қамқорлығына бөленген ата-анам да алаңсыз ғұмыр кешті. Мен 1970 жылы осы Астрахан ауданы Астрахан селосында дүниеге келдім. Ешқандай таршылық болмаса қандай да бір қысым көрдік деп айта алмаймын. Мектепті бітіргеннен кейін, педагогикалық колледжде білім алдым. Одан кейін Еуразия институтын тәмамдадым. Бүгінде әдіскер болып, туған ауылымдағы балабақшада еңбек етіп жүрмін. Осы ауылда поляк жігітіне тұрмысқа шығып, үш бала сүйдік. Өкінішке орай, үлкен ұлымыздан айырылып қалдық. Ал, екі қызымыз бойжетіп келеді. Валентина жиырма бірде, Радмила он жаста. Валентина жоғары оқу орнында оқиды. Бірде оған курстастары: – «Сен өте сұлусың. Әке-шешеңнің ұлты кім?» деген қызығушылық танытыпты. Сонда барып, осынша сәйкестікке өзіміз де таң болдық. Өйткені, менің ата-әжем ғана емес, Қазақстанда өсіп-өніп, бас қосқан менің әке-шешем поляк ұлтынан. Тіпті, өзім де поляк жігітіне тұрмысқа шығыппын. Бізде тек өз ұлтыңа баруың керек деген қағида ешқашан болған емес. Алайда, бұл біз үшін ғажайыппен тең.
Біз бүгінде жергілікті халықпен өте жақсы қарам-қатынаста өмір сүріп жатырмыз. Жалпы, депортацияға ұшыраған поляк, украин, беларус, татар, немістердің қазақ халқына деген ризашылығы қашанда шексіз.
Біз барлық мерекелік шараларды ынтымақ пен бірлікте бірге ұйымдастырып, өткіземіз. Мен осы аудандағы «Полония» этно-мәдени қоғамдық бірлестігіне басшылық етемін. Бұл бірлестік 1990 жылы қоғамдық ұйым ретінде қолға алынып, отыз жылға жуық жұмыс істеп келеді. Ал, құжат бойынша, биыл 20 жыл толады. Бізде арнайы поляк бірлестігінің үйі бар. Онда түрлі лекциялар, оқулар өткізіледі. Мұның бәрін 1990 жылдан бері Польша мемлекеті қаржыландырады. Ол жақтан жыл сайын мұғалімдер келіп, балаларымыз Польша мемлекетіне саяхатқа барып, тарихымен, мәдениетімен танысады. Қазақстанда өтетін түрлі байқаулар сияқты, Польша елінде де «Патрио Ностра» атты халықаралық байқау болып, оған біздің қыздарымыз Ділназ Дүйсекеева, Томила Көпжасарова, Валентина Снегурскаялар қатысып, жүлделі орындарды иемденіп қайтты. Мұндай қарым-қатынастар әлі де жалғасады. Биылғы жылы да балаларымызды Польша-Варшаваға демалысқа апаруды жоспарлап отырмыз, – дейді Руслана Ивановна.
Міне, олар осындай тағдыры тоғысқан, тамыры тұтасқан, бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан атты тәуелсіз елдің тұрғындары. Ынтымақ, бірлігіміз дәйім арта берсін!
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Астрахан ауданы.