Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенбек Баймұсынов биылғы жыл еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жылы екенін айтты.
Мемлекеттің басты мақсаты мен тиімділік критериі тұрғындардың өмір сапасын жақсарту болып табылады. Еңбеккерлердің еңбек құқын сақтау, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесі басқарманың ерекше бақылауында тұр. Ол жөнінде сөз қозғаған Дүйсенбек Баймұсынов өткен жылы мемлекеттік инспекторлар жеке және заңды тұлғалардың 1738 өтінішін қарағанын айтып берді. Оның 101 өтініші еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесіне қатысты.
–523 тексеріс барысында 505 ереже бұзушылық анықталды. Басшыларға 372 құжат толтырылды, 13789,3 миллион теңгенің 249 әкімшілік айыппұлы салынды. 157 ескерту жасалды. Басқарма келеңсіздіктің алдын алу, жағдайды жақсарту мен еңбекті қорғау, сондай-ақ, өндірістік жарақаттың алдын алу, әлеуметтік наразылық пен әлеуметтік-еңбек қарама-қайшылықтарын реттеу бағытында ауқымды жұмыс атқарды. Осы орайда, өткен жылы жұмыс берушілермен және кәсіпорын мен ұйымдардың лауазымды тұлғаларымен 121 семинар өткіздік. Еңбек заңнамасы саласындағы түйінді мәселелерді талқылау бойынша жеті сұхбат алаңы ұйымдастырылды. Облыстың 203 кәсіпорыны мен ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың халықаралық және ұлттық стандарттары енгізілді,–деді басқарма басшысының орынбасары.
Өткен жылы өндірісте еңбекті қорғау мен техника қауіпсіздігін сақтамау, еңбек кодексінің нормаларын бұзу, басшылар мен лауазымды тұлғалардың өз лауазымды міндетіне ат үсті қарау салдарынан 79 адам зардап шекті. Олардың 17-і мерт болды. Биылғы жыл басынан бері өндірісте 11 адам зардап шегіп, үшеуі қайтыс болды. Өндірістік жарақаттанудың негізгі себебі өндірістегі жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауынан, жұмысты атқару кезінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың ережесі мен нормалары өрескел бұзылуынан болып отыр. Өндірістегі жарақат Бұланды, Егіндікөл, Ерейментау, Есіл, Зеренді, Сандықтау, Шортанды аудандарында орын алды. Көкшетау мен Степногорск қалалары мен Бурабай, Сандықтау, Зеренді аудандарында зардап шеккендер саны өсуде. Барлық қайғылы оқиғалар бойынша арнайы зерттеу жүргізіліп, өндірістегі қайғылы оқиғалар жөнінде акт толтырылды. Осының нәтижесінде жұмыс берушілер мен еңбеккерлердің кінәсі анықталды.
–Барлық материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына берілді. Қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында оқу-кеңес беру орталықтарында қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелері жөнінде басшылар мен жауапты тұлғаларды оқыту жұмысы жүргізіледі. Сондай-ақ, мұнда кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмыс нысандарын аттестаттау, қауіпсіздіктің және еңбекті қорғаудың жағдайын бағалау, тәуекелдікті азайту, қайғылы оқиғалардың, жарақаттану мен кәсіби аурудың алдын алу жұмысы үйретіледі. Жыл басынан бері еңбек жағдайы бойынша 24 кәсіпорын аттестатталды. Оқу-кеңес беру орталықтарында 652 басшы мен мамандар оқытылды. Басты басымдық еңбеккерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау болып табылады. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жылының негізгі міндеті еңбек жағдайын жақсарту, өндірістік жарақаттану мен кәсіби ауру санын азайту,–деген облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенбек Баймұсынов журналистер қойған сауалдарға жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.