Кеше облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткізілген аппарат кеңесінде алдағы мамыр мерекелерін өткізу, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселелері қаралды.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалым Шойкиннің хабарламасы бойынша 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында әскери бөлімдердің, әскери-патриоттық клубтардың салтанатты сап түзеуі өтеді. Ол эстрадалық-үрлемелі оркестрдің сүйемелдеуімен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, мерекелік концерт болады.
Жеңіс күніне арналған шаралардың ішінен Көкшетау қаласының Абылай хан алаңында өтетін «Ел аңсаған Ұлы Жеңіс!» театрландырылған қойылымын, «Батырларға тағзым» шеруін, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою, «Жеңіс лентасы» патриоттық акциясын ұйымдастыру шараларын атап өтуге болады. Көрнекті қайраткерлердің, қоғамдық пікір көшбасшыларының, үкіметтік емес ұйымдардың, этно-мәдени және қоғамдық бірлестіктердің, әскери-патриоттық клубтарының өкілдерінің қатысуымен осы тектес шаралар мереке күндері облысымыздың барлық өңірлерінде өткізілгелі отыр.
Ермек Маржықпаев аудандар мен қалалардың әкімдеріне, салалық басқармалардың басшыларымен бірге мереке күндері халықтың қалыпты өмір сүруін қамтамасыз ететін жүйелердің бәрінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, жауапты қызметкерлер мен коммуналдық қызметтердің тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыруды тапсырды. Оқушылардың демалысын, сауықтырылуын және пайдалы іспен айналысуын ұйымдастыру мәселесі бойынша білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісов хабарлама жасады.
Облыста 20-дан астам балалар сауықтыру орталығы жұмыс істейтін болады. Мектеп жанындағы 750 лагерь мен алаңда шамамен 90 мың оқушы дем алады. 156 палатка, киіз үй қойылған спорт лагерьлерінде жазғы уақытта жеті мыңнан астам жасөспірім демалып, пайдалы іспен шұғылданады. Сонымен бірге, балалар агротуристік, экологиялық отрядтарымен өлкетану экспедицияларына тартылып, республикалық маңыздағы лагерьлерде денсаулықтарын түзейді.
Мәжілісте жұмыс істемей тұрған 14 лагерь туралы да сөз қозғалды. Оның бірқатары жекеменшіктің қолында және көптен бері жұмыс істемейді. Осыған байланысты облыс әкімі салалық басқармалардың басшыларына республикалық балалар-жасөспірімдер туризмі қауымдастығының төрағасы Қайрат Сұлтановпен бірге келер жылдарға қаланың сыртындағы балалар лагерьлерін дамыту жөнінде жол картасын әзірлеуді, соның ішінде құр тұрған балалардың суықтыру орталықтарына қатысты мәселермен айналысуды тапсырды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бо-йынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахмеджанова есеп берді. Жаңа форматқа сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 18 есеге дерлік, 214-тен 3800 отбасына дейін өсті. Төлем сомасы 37,3 миллионнан 335,4 миллион теңгеге дейін ұлғайды.
Хабарламаларды тыңдаған аймақ басшысы Ермек Маржықпаев ауылдық округтер мен халықты жұмыспен қамту орталықтарының аз қамтылған отбасылардан атаулы әлеуметтік көмекке өтініштер қабылдауды одан әрі жалғастыруы қажеттігін атап өтті және өзін-өзі жеткіліксіз қамтыған отбасылар мен жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту және еңбекке тарту жөнінде нақты шаралар қолдануға міндеттеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.