Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары әскери және арнаулы атақтар,
сыныптық шендер беру рәсіміне қатысып, осы рәсімге қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңіс мейрамымен құттықтап, әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесін ерекше атап өтті.
– Батыр бабаларымыз аманат етіп қалдырған кең байтақ жерімізді қорғау – бәрімізге ортақ парыз. Сіздер сияқты ержүрек ерлеріміз Отанымыздың тыныштығын күзетіп тұрғанда еліміздің болашағы әрқашан жарқын боларына мен кәміл сенемін, – деп Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саяси жүйесінің берік негізі ретінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрқашан айрықша мән бергенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев генералдар мен офицерлерге арнаған сөзінде жоғары шендер мен арнаулы атақтар олардың еңбектерінің лайықты жемісі екенін айтты.
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және құқық қорғау саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды.
Мемлекеттік наградалар тапсыру Отан қорғаушылар және Жеңіс күні мерекелері қарсаңында өтуінің де мәні зор екенін айта келіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік пен қорғаныс саласының аса маңызды екеніне тоқталды.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде жоғары санатты, білікті сардарлар мүлде аз болды. Тұңғыш Президентіміз әр сарбазды жігерлендіре отырып, айбынды әскер құрды. Бүгінде біздің Күштік құрылымдарымыз заманауи техника мен технологияны меңгерген. Олар кез келген қауіп-қатерге қарсы соққы бере алатын айбынды әрі мобильді күшке айналды. Жақында ғана өткен «Айбалта-2019» оқу-жаттығуы – соның айқын дәлелі, – деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар, адам өмірін өрттен, судан арашалап қалған бейбіт күннің батырларының ерліктері туралы да айтты.
– Сіздердің бейбіт күндегі ерліктеріңіз бен игі істеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Сондықтан, бүгін біз мінсіз әскери қызметімен, ерен ерлігімен дараланған азаматтарды марапаттау үшін жиналып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Жоғары мемлекеттік наградалар алғандардың арасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Ақмола облысы бойынша департамент басшысы Бекбасов Қуаныш Базарұлы да бар. Ол ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Рамазан айының басталуымен құттықтауы.
Қымбатты отандастар!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын.
Бұл – шексіз ізгілікке, адамгершілікке, рухани тазаруға және кемелденуге бастайтын мезгіл. Исламның жасампаздық әлеуеті қоғамымыздағы және әлемдегі дәстүрлі құндылықтар мен гуманизм негіздерін нығайтуға ықпал етеді. Рамазан айында ораза ұстау мейірімділікке, кешірімді болуға, татулыққа және қайырымдылыққа үндейді. Елбасының дана саясатының арқасында Қазақстанда бірлік, өзара түсіністік, этносаралық және дінаралық келісім рухы сақталып отыр. Қасиетті
Рамазан айы бәріңізге жақсылық, бақ-береке әкелсін!