Бүгін баршамыз еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін жарқын мерекені атап өтудеміз. Осы орайда, Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасу кезеңдеріне көз салсақ, бұл Тәуелсіз ел тарихының елеулі оқиғасы саналатыны анық.
1991 жылғы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-інің мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Кейін республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуге көшуіне байланысты қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.
1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бо-йынша, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Елбасымен қатар қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болғандықтан, «7 мамыр Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды. Сондай-ақ, Отан қорғаушылар күні мемлекеттік және жалпыхалықтық мереке саналады.
Сол, 1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен үш жүйелі штаб – жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабтары бекітілді. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. Ал, 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери – Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді. Бүгінгі күні Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін дербес анықтайды, өз аумағында әскерлердің, қару-жарақтың және техниканың орналасу мәселесін шешеді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жалпы мақсаттағы күштер, әуе-қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және де ұлттық гвардия мен ішкі әскерлер кіреді. Өз кезегіне қарай, Қарулы Күштер түрлі бөлімдерден және әр түрлі құрамалар мен арнайы әскерлерден тұрады.
Бұл айтылғандар еліміздің қорғаныс күштерінің мықтылығын байқатумен қатар, халықтық рухты көтерудегі өскелең ұрпақ жауапкершілігін де арттырады. Қазақстан әскеріндегі саяси-моральдық ахуалдың мықтылығы, жауынгерлердің, болашақта әскерге аттанушы жастардың патриоттық сезімі, олардың жан-жақты дайындығы бейбіт өміріміздің кепілі екендігі анық. Сондықтан, Ақмола облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті жергілікті атқарушы, білім, денсаулық, ішкі істер саласындағы уәкілетті органдармен бірлесе отырып, әскери міндеттілік негізінде Қарулы Күштерді, басқа да әскери құрылымдарды жасақтау мақсатындағы қызметіне айрықша жауапкершілікпен қарайды.
Бүгінгі күні әскерге аттанатын жігіттерге қойылатын ең басты талап – мықты денсаулық және білім. Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 31-бабына сәйкес, он сегіз жастан бастап жиырма жеті жасқа дейінгі жігіттер әскерге, яғни, Қарулы Күштер қатарына шақырылады.
Әскери шақыруды ұйымдастыру негізінен жергілікті атқарушы органның – аудандық, облыстық әкімдіктердің міндеті. Мәселен, аудандық комиссариатта әскерге шақыру науқаны басталғанда, аудан әкімінің орынбасары комиссияның төрағасы болып сайланады және әкімдік барлық шығындарды өз мойындарына алады. Комиссариаттар тек шақырылатындарды есепке алып, комиссия өкілі ретінде олардың жарамды-жарамсыздығын анықтайды. Ішкі істер қызметкерлерімен бірлесіп комиссариатқа келмей, қашып жүргендерді іздестіру амалдарын жүргізеді. Жігіттер әскерге аттанар алдында үш күн бойы әскери комиссариатта болады, сонда жергілікті атқару органы оларға үш мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырып, моншаға түсуге жағдай жасайды.
Ақмола облысы бойынша көктемгі шақыруға іліккен 800-ден аса жігіт Қорғаныс министрлігінің ішкі әскери бөлімдеріне, ішкі әскерге, шекаралық әскери бөлімдер қатарында, мемлекеттік қорғау қызметтеріне әскери борыштарын өтейтін болады. Әскерге шақырушылар қазіргі таңда экстерриториалдық принцип бойынша басқа облыс аумағында борыштарын өтеуі тиіс. Қазіргі күні ақмолалық сарбаздар Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Батыс, Шығыс Қазақстан және басқа облыстарға шекара, мото-атқыштар, мемлекеттік қорғау қызметіне, Ұлттық ұланға, министрліктің әскери бөлімдеріне Отан алдындағы борышын атқаруға аттануда. Біз оларға сәттілік тілейміз.
Қазіргі күні Отан алдындағы борышын адал атқарып жатқан жерлес жауынгерлеріміздің жоғары талаптар деңгейінен көрініп жүргенін атап өткен абзал. Олардың әскери бөлімдерінен келіп жатқан Алғыс хаттар облыс тұрғындарының, ата-аналардың мерейін тасытады. Осы орайда, екі мысал келтіре кетейін. Көкшетау қаласының тұрғыны Дмитрий Савонның Президенттік «Айбын» полкінде қызмет атқарып жатқанына көп бола қойған жоқ. Жуырда ҚР Мемлекеттік күзет қызметі әскери бөлімінің командирінен Дмитрийдің отбасына Алғыс хат келді. Онда жас жауынгердің әскери дайындық бағдарламасын ойдағыдай орындайтыны, әскери және кәсіби білігін жетілдірумен тұрақты түрде айналысатыны, өзінің әскери міндеттерін үлгілі атқаратыны айтылған. Ал, Нәби Дәурен Ғаусылағзамұлы 2018 жылдың көктемінде ҚР Ұлттық Қорғаныс комитетінің шекара қызметіне Есіл қаласынан шақырылған болатын. Ол өзін батыл жауынгер ретінде таныта білді. 2018 жылдың 29 қазанында «Басқыншы» шекара заставасының іздестіру тобы шекараны бұзған ҚХР азаматын ұстады. Топ құрамында біздің Дәурен де бар еді. Осынау операция кезіндегі қалтқысыз қызметі үшін жерлесіміз Жаркент қаласындағы №2091 әскери бөлімнің алғыс хатымен марапатталып, туған елге демалысқа келіп қайтты. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Бүгінде әскерден босатылса да, борышын атқаруға өздері сұранып жүрген азаматтар да көп. Біз мұны қолдаймыз. Қазіргі күні, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі ҚР Қарулы Күштерін білікті офицерлермен, сержант және қатардағы жауынгер құрамымен толықтыруға басымдық беруде. Қазақстан Қарулы Күштерінде жыл сайын ғылым жаңалықтары мен озық технологиялар енгізілуде, жаңа қару-жарақ және техникалармен жарақтандырылуда. Бұндай қызметтер мен лауазымдарға келісім шарт негізіндегі еріктілерді тағайындау маңызы өз-өзінен түсінікті.
Келісім-шартпен әскерде қалғысы келетіндер медициналық тексерістен өтіп, үш жылдан бастап бес, он жылға дейін қызметін жалғастырады. Оларға әлеуметтік тұрғыда көмек көрсетіледі. Пәтер жалдап тұратын болса, отбасында неше адам болса, соның әрқайсысына 22 мың теңгеге жуық, ал Астанада елу мың теңгеден артық ақша бөлінеді. Дәрігерлік тексерістер тегін жүргізіледі. Әскери қызметкерлердің жыл сайынғы тиісті кезекті демалыс уақытында еңбекақылары жүреді. Киім-кешектері түгел тегін.
Облыста Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 27 және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 74 жылдығы құрметіне танымдық көпшілік шаралары өткізілуде. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті Көкшетау қаласындағы Ұлттық ұландардың әскери бөлімімен тығыз қарым-қатынаста бірлесіп жұмыс істейді. Біздің қызметкерлер аталған бөлімге әскери борышын өтеуге келген сарбаздардың ант беру рәсіміне қатысады. Сондай-ақ, мектептердегі ерлік сағаттарына қатысып, оқушылар арасында әскери олимпиадалар өткізуді дәстүрге айналдырдық. Жыл сайын «Звездный» балалардың сауықтыру орталығында әскери-патриоттық клубтардың облыстық жиынын өткізу жақсы дәстүрге айналды. Осының нәтижесінде республикалық «Айбын» жиынында облыс командасы 2015 жылы екінші, 2017 жылы бірінші орынды жеңіп алды. Биылғы 30 сәуірде, Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында облыс ардагерлер ұйымдарының, жергілікті атқарушы органдардың, әскери-патриоттық клубтар өкілдерінің, колледждер оқушыларының және ата-аналардың қатысуымен «Әскер қатарына шақырылғандар күнін» өткіздік. Сол күні болашақ жауынгерлерді әскер қатарына шығарып салдық. Бұндай шаралар барлық аудандарда өткізілді. Мұндай шаралар жалғаса бермек және осы арқылы жастардың бойындағы патриоттық сезім ұшқыны молайып, Қарулы Күштеріміздің айбыны арта түсетіні айқын.
Руслан Қасымов,
Ақмола облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы,
подполковник