Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жаңадан сайланған облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, билік пен қоғамдық институт арасындағы тығыз байланыстың маңыздылығына тоқталды және кеңес мүшелері алдында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бүгінгі хал-ахуалын ортаға салып, қойылған сауалдарға жауап берді.
Аймақ басшысының кеңес мүшелерімен бұл жүздесуін мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасында қалыптасқан өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың оң көрінісі деп бағалауға болады. Мүшелерінің жартысынан астамы жаңарған қазіргі қоғамдық кеңестің негізін азаматтық қоғам белсенділері құрайды. Өзінің берген есебінде Ермек Боранбайұлы шешімі бірлескен күш-жігерді тілейтін неғұрлым күрделі мәселелерге назар аударды.
Қосшы кентіндегі ауыз су алынатын скважиналардың көктемгі су тасқынынан толып қалуы Елордаға жақын жатқан елді мекендердің инфрақұрылымындағы проблемаларды тағы бір айқындай түсті. Тұрғындардың саны тез ұлғайып келе жатқандығы сонша, оларды уақытында қажетті электр қуатымен, ауыз су және жылумен қамтамасыз ету күрделі болып барады. Қосшы кенті де соны анық көрсетіп отыр. Облыс әкімі осыған байланыс-ты мынадай деректер келтірді. Статистикалық мәліметтер бойынша кент тұрғындарының саны он бес мың адам. Ал, шаруашылық кітаптары бойынша 34 мың. Осының есебін шығарудың басқа тәсілдемелері елді мекенде 52 мың адам тұратындығын көрсеткен. Астананың айналасындағы басқа елді мекендерге де осылай тұрғындар санының тез өсу қарқыны тән.
Облыс әкімі біздің аймаққа «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде бөлінген қаржының қайда жұмсалатындығын да айтып өтті. Оның бірқатары Зеренді ауданы бағытындағы жолдарды дамытуға пайдаланылмақшы. Өйткені, бұл өңір таяу уақытта танымал туристік орталыққа айналуы және Щучинск-Бурабай курортты аймағына түсіп отырған салмақты азайтуы тиіс. Қаржының тағы бір бөлігі Аршалы және Астрахан аудандарының инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталатын болады.
Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығы форумы биыл Көкшетауда өтетіндігі белгілі. Оған дайындық облыс орталығын дамытудың біраз мәселелерін шешуі тиіс. Тұрғын үй құрылысының жоғары қарқыны қуантпай қоймайды. Алайда, РК-2 қазандығының жылдан-жылға өсіп отырған жылу беру ауқымы мен ауыртпалығы алаңдатарлықтай. Сондықтан, қосымша жаңа газ бен мазут қазандығын орнату кейінге қалдыруға болмайтын мәселе.
Көпбейінді жаңа рухани жаңғыру сарайының құрылысы туралы да айтылмай қалған жоқ. Оның осы заманғы мүмкіндіктері аймақаралық ынтымақтастық форумы өткеннен кейін де қала тұрғындарының қажеті үшін кеңінен пайдаланылатын болады.
–Жергілікті атқару органдары атаулы әлеуметтік көмек алуға берілген 3800 өтінішті қарады,– деді бұдан әрі Ермек Маржықпаев. –Бұл ұлан-ғайыр жұмыс қысқа мерзімде атқарылды. 2014 жылдан бастап облыста атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 18 есеге, ақшалай төлемдер көлемі 37 миллион теңгеден 330 миллион теңгеге дейін өсті.
Жүйелі назар аударуды тілейтін проблемалық мәселелердің қатарында Ермек Маржықпаев көптеген өнеркәсіп орындарының қуаттылығы төмен екендігін атады. Олар шикізатпен жете қамтылмай отыр.
Бұдан кейін Ақмола облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сағынтай Елубаев сөз алып, қоғамдық пайдалы институттардың біріне айналған кеңестің өткен кезеңдегі жұмысы туралы айтып берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.