Ерейменде есімдері үнемі ел аузында жүретін ерлер көп болған. Олай дейтін себебім, бізден бұрын жасаған адамдар солар жайлы жиі сөз қозғайтын, олардың ерліктеріне таң-тамаша боп тамсанып біз де отыратынбыз.
Бірде біздің үйге әкемнің замандасы, еңбектес досы Владимир Григорьевич Карякин жұбайы Аня апаймен келгені бар. Шай үстінде әңгіменің бүйірін қыздырған қос майдангер Ерейменнің ертеректегі орталығы Олжабай (Благодат) мектеп-интернатынан тәрбие алған атышулы азаматтарды еске алып, болған шынайы оқиғаларды өзара талқылап отырды. Қазақтың тілін жетік білген орыс азаматының әзіл-қалжыңы да қызық көрінетін бізге.
– Сәлкен, сен әлгі Бөгенбайдың ұрпағы Молдажанның баласын білесің бе? – деді Владимир ағай бір ұмыт қалған әңгімеден сыр ашпақ болғандай, үстел бойында жағалай отырған адамдарға жымия қарап.
Тосын сұрақтан тосылыңқырап қалған әкем көпке дейін Молдажан батырдың майдангер үлкен баласының есімін ойына түсіре алмай, қиналып қалды. Ұлы Отан соғысының ардагері Карякин сонда басынан өткен бір оқиғаны баяндап беріп еді.
– Е, есіме жаңа түсті, сен Жәркенді айтып отырсың ғой, – деді әкем жерден жеті қоян тапқандай мәз болып.
Бұл елдің ескіден келе жатқан тұрғылықты орыстары қазақшаға мықты, жергілікті халықтың дәстүріне сый көзқараспен қарайтын-ды. Солардың ұрпағы Владимир Карякин де қазақ балаларымен көңілі жарасып бірге өсті. Тіпті, шекісіп қалған кездің өзінде де ұлтқа бөлінбей, бәрі аралас бірге жүргендері бар.
– Міне, сол Жәркеннен оңбай жеңілгенім – күні бүгінге дейін есімнен шыққан емес, – деп ол жадырай күлгені бар. – Мен Бөгенбайдың осы ұрпағының күшін сол жастық шағымда көрдім ғой. Үнемі спортпен айналысып, ауылды айналып жүгіретін әдеті бар-тын. Бір күні жонда Бейсенбай, Сергей деген достарыммен келе жатсам, анадайдан жүгіріп шыққан Жәркенді көзіміз шалып қалды. Жастықтың есерсоқ лебі ғой. Мұны бір сынап көрейік деген оймен жолын тосып тұра қалдық. Бізге жақындағанда ол адымын аяңдатып, ешқайда бұрылмастан тура қасқайып тұрған бізге қарсы келгені бар емес пе!
– Жай ма? – деді маған қарап. Тәкаппарлығы сол, қасымда тұрғандарға көз қырын да салған жоқ. Мен тепсініп, интернаттың жаңадан келген жеткіншегіне енді қолымды сермемек болғанда оң жақ шекемнен тиген соққыдан есімнен айырылып қалдым. Көзімді ашсам, достарымның бәрі шаң қауып тырбиып жатыр. Жан-жағымды шолғанда, анадайда артына қарамастан жүгіріп бара жатқан Жәркеннің сұлбасын көрдім. Бұл кездесу бізге кәдімгідей сабақ, басқа ауыл сотқарларына үлгі боларлық оқиға болып еді. Мен сонда Жәркеннің күші басым, тұла бойы буырқанып, бірден қарсы келгеннің мысын басатын қасиетін байқап қалдым. Ойлап қарасам, бұл шынымен де аруақты ерлерге тән ғана мінез секілді. Соңын ала бәріміз қимас достарға айналдық. Амал қанша, жігіттік дәуреніміз соғыспен тұспа-тұс келді емес пе…
Орысшасы жетік, екі тілге бірдей жүйрік жігіт, заманның ауыртпалығына қарамастан, мейлінше кітапқұмар еді. Қолы босай қалса, бірден әдебиетке ден қоятын. Әсіресе, Томас Майн Ридтің «Всадник без головы» кітабын қайталап оқығанды ұнататын.
Денесі шымыр, қол-аяғы балғадай осы азаматтың көңілі жайсаң, кең, мырза болғаны күні бүгінге дейін таңдандырады. Жалпы, осы мектеп-интернат оқушылары арасынан сайдың тасындай іріктеліп, небір жайсаңдар шықты ғой. Әсіресе, мемлекет қайраткерлері Әкпан Үкібаев пен Аманжол Қалықов сияқты азаматтардың есімдерін ұмытуға әсте болмас.
Шай басында айтылған қызықты әңгімеге құлақ салып отырған маған Карякин: «Біз де әкең екеуіміз бір кездері осы айтулы ел азаматтарымен дос-жаран болып едік. Бірақ, сұм соғыс солардың көбінің үміт отын өшіріп кетті. Сен осыны жазып қой. Ел олардың есімдерін біліп жүрсін» деп еді.
Бүгінде сол қимас жандар арамызда жоқ. Бірақ, осыдан 35 жыл бұрын айтылған әңгіме дер кезінде ауызба-ауыз жазып алынбағанда, жадымызда сақталып қалар ма еді, кім біледі?..
Бірде ескі қағаздарды ақтарып отырғанымда, Владимир Карякиннің маған арнайы жазғызған деректері алдымнан жарқ етіп шыға келді. Ұмытылып бара жатқан жастық шақтағы әсері – замандасы, батыр жігіт Жәркенді үнемі «Бөгенбай, Бөгенбай» деп ұрандатып еске алатыны әлі менің көз алдымда. Қазақтың қамал қорғаны атанған Бөгенбай батырдың айналасынан елім деп еңіреп шыққан ерлер көп болды. 1916 жылғы Ереймендегі ұлт-азаттық көтерілісіне басшы болған Молдажан батыр солардың ізін басты. Жалаңтөс ер мұздай қаруланған ақ патшаның жазалаушы әскерінің талай мәрте үрейін ұшырды.
Сол даңқты ерлер әулетінен шыққан Жәркен, қарт ардагерлердің айтуынша, Ұлы Отан соғысы жылдары қайталанбас ерлігімен көзге түсіпті. Ол 1941 жылы майданның ең ауыр кезеңінде Латвия ССР аумағындағы шиеленістерде ұлы аталарынан дарыған қайсарлығын көрсете білді.
Атақты барлаушы, 21 жасар лейтенант Молдажанның Жәркенінің жер жарған атағынан немістер де қатты үріккен. Сондықтан, апта сайын жоғалатын офицерлердің кегін алу үшін жау барлаушылары оның соңына шам алып түседі. Жап-жас қазақ жігіті өзіне сеніп тапсырылған істі абыроймен орындады, басқаларға өнеге болды.
Балтық теңізі майданы артиллериясының құрамындағы 28-ші дивизияның барлау қызметін басқарған Жәркен Молдажанұлы 1944 жылдың 27 декабрінде жау қоршауында қалып, соңғы демі қалғанша айқасады. Жүректі қазақ азаматын ала алмасын білген немістер оның жатқан жеріне үсті-үстіне гранаталар лақтырып, ақыры дегендеріне жеткен. Сөйтіп, асыл батыр ағамыз Латвияның Румбинес хуторы маңында ерлікпен қаза табады.
«Есіл ер осы жерде қапыда кетті» деген қарт майдангердің діріл қаққан дауысы баяғыдай әлі менің құлағымда тұр. Бұл сырды оған Жәркенмен бірге майданда болған ақмолалық бір орыс досы басынан аяғына дейін тамсана айтып беріпті.
Владимир Григорьевич Карякин замандасы аты аңызға айналған Молдажанның Жәркенін немістер «Черный азиат», «Опасный азиат» деген жанама аттарынан шошынып, талай рет жолын кесіп қолға тірідей түсірмек болғанын таңырқай әңгімелейтін-ді. Бірақ, алысты болжай білетін барлаушы оларға оңай берілген жоқ. Ізін тосқан немістің таңдаулы барлаушылары талай рет қапыда қалып, өздері қолды болып жүрді. Шынында да, оның есімі совет әскеріне жігер берген.
Маңызды ақпар беретін жау сардарларын штабқа дер кезінде жеткізіп отырған Жәркен «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен көптеген медальдарға ұсынылды. Соның нәтижесінде Балтық бағытындағы Қызыл Әскер үнемі аз шығынмен алға жылжып отырды. Бұл туралы ол қаза тапқанда әкесі Молдажан мен анасы Мәкенге штаб бастығы, полковник В.Дмитриенко өз қаралы хабарында тәптіштеп жазыпты. Дегенмен, штабтың құрғақ ақпараты болған оқиғаны көзімен көріп, құлағымен естіген қандыкөйлек жолдастарындай жан-жақты тәпіштеп айта алмасы белгілі ғой.
Осыған байланысты, Владимир Григорьевич: «Бұл – ұмытылмайтын тарихи оқиға. Жәркендей батыр жігітпен мақтану – еліміздің өскелең ұрпақтары үшін зор мәртебе!» деп еді.
Жәркеннің көзі тірі қарындасы Амангелді Молдажанқызы осы асыл ағасын өмір бойы іздеумен келеді. Қазіргі кезде Совет үкіметінен бойын ала қашқан Балтық жағалауындағы елдер ондай әңгімеге барғысы жоқ. Сол себепті, Амангелді апамыз Ресей консулдықтары арқылы іздестіру жұмыстарын үзбей жүргізу үстінде.
Ереймендіктер батыр бабамыз Молдажанның осы қаһарман ұрпағы жайлы көп біле бермейді. Қазақта есімі беймәлімге айналған азаматтар аз емес. Соғыстың бас-аяғын түгел көрген Бауыржан Момышұлы да полковник шенімен, орден-медальдармен ғана оралды. Рақымжан Қошқарбаевтың да еңбегі өз кезінде дұрыс бағаланбағаны елге белгілі ғой. Бірақ, тілеуқор халқының, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында олардың еңбегіне шынайы баға берілгеніне біз шүкіршілік етеміз.
Біздің мақсатымыз – батырлар ту тіккен Ереймен елі өздерінің ардақты абзал ағаларын ұмытпаса екен деген ниет қана.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Суретте: Амангелді Молдажанқызы даңқты қазақ барлаушысы, ағасы Жәркеннің суретін ұстап отыр.
Астана.