Кеңес дәуірінде экономика жоспарлы болды. Барлық шаруашылықтарға қанша өнім өндіріп, оның қаншасын мемлекетке тапсыру керектігі туралы жоспар белгіленеді. Соны барлық ел болып орындауға ат салысатын. 1941 жылдың маусымында соғыс басталды. Жауды жеңу үшін қосымша шығын шығатыны белгілі. Содан шаруашылықтарға берілетін тапсырма өсті. Енді мұны кімдер орындау керек? Мәселе осыған тірелді.
Біздің кішкене қазақ ауылы Амангелдіден 100-ден аса еркек қауымы соғысқа аттанды. Ауылда қарттар, мүгедектер, әйелдер мен балалар ғана қалды. Берілген жоспарды орындау осылардың мойнында болды. Онымен қоса, соғыста жүргендерге жылы киімдер жіберу керек деген қосымша тапсырма болды. Осы тапсырмаларды орындауға үлкендермен бірге, балалар да өз әлінше ат салысты. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғы мен отызыншы жылдардың соңына қарай туған жасөспірімдердің саны 80-нен асып жығылатын. Солардың ішінде 15-17 жас аралығындағы жастар он бес шақты болатын. Олар мал азығын дайындауға, егін орағына тікелей араласты.
Менің әлі күнге есімде, өзеннің сыртында Жантық деген жерде қол шалғымен шөп дайындайтын. Ол кезде комбайн жоқ, егінді лабогрейкамен құлатып, оны буып, қырманға әкеліп, сонда қол техникасымен дәндерін айырып алып, желге ұшырып тазалайтын. Осы жұмыстарда үлкендермен бірге ауылымыздың жастары Хамит, Айтпай, Бибіжан, Нәсіпхан, Петя, Шәкира, Қапан, Әйткеш, Үміт, Мәлкен, т.б. қажымай талмай еңбек етті. Қыз балалар мал шаруашылығында еңбек етіп, сиыр сауу сияқты жауапты жұмыстар атқарды.
Жеті-он жас аралығындағы балалар да қолғабыстарын тигізуге тырысты. Олар түске дейін мектепте сабақ оқыса, түстен кейін Батден, Зұлқарнай, Шәйкен сияқты балалар бұзау, қозы бақты, ал қыз балалар Мұхалила, Мағдана, Сәймә, Нәзира, Күлшекен, Фәния сияқтылар үй шаруаларын атқарып, жауынгерлерге арнап жүннен биәлай, шұлық т.б. жылы заттар тоқыды.
Ат тұяғын тай басар демекші, бес-алты жасар балалар да қарап жатпады. Біздің Амангелді ауылында осы жастағы балалар отыз шақты болды. Олар күндіз үйге ие болып қалып жүрді, өзінен кішкентайларға ие болып, оларды ойнатып, тамақтандырып, жұмыстағы аналарына көмектесіп жатты. Онымен қоса, ұжымшардың масақ жинау, үкіметке жұмыртқа тапсыру жұмыстарын атқарды. Макулатура тапсырып, құстың қиларын тыңайтқышқа жинауға көмектесті. Олардың қатарындағы балалардан Есбол, Қожахмет, Мүгілсім, Жүсіп, Набиолла, Рауза, Мударис, Нүркеш, Шәмшия, Төлеген, Есқай, Сапар, Сақыбайларды атар едім.
Ең соңғы болып, соғыстың қарсаңында дүние есігін ашқан біздер соғыс аяқталар кезде бес-алты жасқа келіп қалдық. Ондай балалар жиырма шақты едік. Біз негізінен, үйдегі кішігірім шаруаларды атқаратынбыз. Тезек теру, бұзауды айдап келу, іні-қарындастарымызды ойнату, табыннан сиырды, қой-ешкілерді жинау біздің мойнымызда болатын. Бұл да болса аналарымыздың дала жұмыстарын алаңсыз орындауларына мүмкіншілік беретін. Осы замандастарымның қатарында Бөкеш, Иса, Сабыр, Орын, Күләш, Мықтыбай, Мензаит, Рамазан, Зәрия, т.б. болды. Қазір ақсақалдық жасқа келгендер кездесіп қалғанда, сол балалық шақтарымызды еске алып, мәз болып қаламыз.
Санап отырсам, Амангелді ауылынан жетпіске тарта кішкентай балалар тезірек жеңіске жетуге көмектерін тигізіпті. Тайдың мінгені білінбейді, баланың істегені білінбейді демекші, бала да қоғамның мүшесі ретінде сол өз ортасына белгілі бір көмегін тигізуді парызы деп есептейді. Соғыс туралы әңгіме болғанда соғысқа қатысқандар мен тыл еңбеккерлерін көп айтамыз да, сол уақытта үлкендермен соғыс ауыртпалығын көтерген балаларды сирек еске аламыз. Сол балалар соғыстан кейін елдің экономикасын көтеруде негізгі күш болды. Иә, біз соғыс балаларымыз.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Ақкөл ауданының құрметті азаматы.