Мен де өз енем Күлғайым Рахметова жайында айтқым келеді. Бірақ, сіз ойлағандай түсініспеушілік емес, керісінше, енеме деген алғысымды жеткізгім келеді.
Өмірлік жарынан тағдыр ерте айырса да, еш қиыншылықтарға мойынсұнбай, үш баласын қатарынан қалдырмай ер жеткізу – ерлік деп білемін. Мен болашақ жан жарым Русланмен қыз бен жігіт ретінде кездесіп жүргенімізде одан «мен сенің анаңа ұқсаймын ба?» деп сұрағаным бар еді. Ол «екеуің мүлде басқа жандарсыңдар» деді. Алайда, шаңырақ көтерген күннен бастап туған-туыстар менің енемнің жас кезіндегісіне қатты ұқсайтынымды айтты. Уақыт өте келе, тіпті мінезімізде де ұқсастық барын байқай бастадым. Ашуға тез бой алдырсақ та, райымыздан да солай тез қайтамыз. Халықаралық «Болашақ» бағдарламасын ұтып алғанымда енем басында шетелге оқуға баруыма қарсылық білдірді. Алайда, тек енем емес, өзімнің анам да, ағам да отбасылы жанның баласын, жолдасын елде қалдырып, шетел асуына үзілді-кесілді қарсы болды. Тек жарымның қолдауының арқасында туғандарымыз білім қуған заманда оқудың қажеттілігін түсінді.
Екі жастан енді асқан қызым Айлинді жарты жылдан астам уақыт қараған енем үлкен қолдау көрсетті. Өзі жұмыс істесе де, немересіне уақыт тапты. Қай уақытта болсын, қызыммен сөйлесу үшін қоңырау шалсам, ол әжесі мен тәтесі Маралға еркелеп жүретін. Мұның өзі мұңайып жүретін жанымды жадыратып, демеу болатын.Қазіргі уақытта туған немересіне көңіл бөле алмайтын, не болмаса алтын уақытын бірге өткізгісі келмейтін әжелер де бар көрінеді.
Жарты жылғы тілдік курсты аяқтап, магистратура оқуына жолдасым екеуміз бірге бардық. Англияда орналасып алған соң, әжесімен бірге қызымызды алдырттық. Жаңа жылды алғаш рет отбасымызбен шетелде қарсы алып, дамыған мемлекеттердің бірінің тарихқа толы, архитектурасы көз жауын алатын жерлерін бірге араладық. Екі аптадан аса қасында болған әжесін қызымыз елге жібергісі келмей, әуежайда жылап шығарып салды.
Оқып жүріп екінші сәбиімді көтердім. Жүктілік оқумен қатар келгендіктен, әрине ауыр болды. Ол жақтың оқу жүйесі біз оқығаннан мүлдем басқа. Сенің жүктілігіңде ешкімнің шаруасы жоқ, басты талап – емтихандарды уақытылы тапсыру. Сонда ең бір есте қалғаны, сессия уақытында үйге жиі хабарласатын уақыт болмады. Тек емтихандардың соңғы күнін айтқан болатынмын. Сол күні қайын апам Марал енемнің мешітке барып емтихандарымды сәтті тапсыруым үшін дұға еткенін айтты. Моральды түрде қатты шаршаған мен мына сөздерден кейін жылап жібердім, алғысым шексіз болды. Осындай уақытта немере сіңілім Алтынай мен жолдасымның қасымнан табылғаны үлкен көмек болды маған. Сәбиімді дүниеге әкелген соң да диссертациялық жұмысымды аяқтауым үшін енем қайын апамды балаларға қарасуға Англияға жіберді. Міне, оқуымды сәтті аяқтауыма туғандарымыздың дұғасы мен қолдауы үлкен себеп болғаны анық. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген осыны білдірер.
Менің айтпағым, ене жа-
йында теріс пікірлер айтпас бұрын, келіндер, өзіміз де айтқан сөзіміз бен жасаған әрекеттерімізге көңіл бөлуіміз керек шығар. Англияда жүргенімде құрбым «бірінші өз анасын емес, енесін ойлайтын келінді алғаш көрдім» дейтін. Оған бәлкім, марқұм әкем Дос-
бол Түсіпбергеннің айтқан сөзі де әсер еткен болар. Ол кісі «енеңді ренжітуші болма, сен енді осы шаңырақтың мүшесісің. Әрқашан енеңмен ақылдас, дұрыс жол тапсаңдар да, адассаңдар да үшеуің әрдайым бірге болыңдар» деген еді.
Әрине, біздің арамызда осы күнге дейін келіспеушілік орын алмады десем, өтірік айтқаным болар. Алайда, ең бастысы қателігімізді түсініп, оны қайталамауға тырысу екен. Яғни, біреуге тіл тигізбес бұрын адам алдымен өзінен «мен не айттым, не істедім?» деп сұраған дұрыс. Үлкен ақ парақтағы кішкентай қара дақ алдымен көзге түседі емес пе? Сол сияқты, менің ойымша келін енеге анасындай, енесі келінге қызындай қараса, «сыйға сый, сыраға бал» демекші, арадағы қарым-қатынас та дұрыс болады.
Әсел РАХМЕТОВА.
Көкшетау қаласы.