Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде 1 мамыр күні Степногорск полигонындағы қатты тұрмыстық қалдықтардың жануына орай орын алған жағдайға қатысты мәселе қаралды.
Полигонға қызмет көрсетуші «Құрылыс МТК» серіктестігі компаниясы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің арнайы өрт сөндіру бөлімімен бірлесіп, өртті ауыздықтау және оның полигоннан тыс жерлерге тарауына жол бермеуге бағытталған шараларды атқарды. Осының нәтижесінде өрт келесі күні сөндірілді. Әйткенмен, химиялық әсерлердің салдарынан қатты тұрмыстық қалдықтар аумағында және тасымалданған қоқыстан оттың қайта тұтануы орын алған.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың өртті толық тоқтатуға байланысты тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлының жетекшілігімен жедел штаб құрылды. Қазіргі уақытта тілсіз жауды құқрықтауға 32 дана арнайы техника жұмылдырылуда. Түтіндену аумағы 3000 шаршы метрден 700 шаршы метрге дейін қысқарды. Кеңес барысында, өңір басшысы, өрт ошақтарын бүгіннен қалдырмай жоюға қолдағы мүмкіндіктерді жұмылдыруға тапсырма берді.
Облыс әкімі салалық басшылардан әлеуметтік-экономикалық тапсырмалардың орындалу көрсеткіші туралы есеп беруін талап етіп, өңір тұрғындарының тұрмыс жағдайларын жақсарту жұмыстарын жалғастыру қажеттігін арнайы атап өтті.
Ермек Маржықпаев көктемгі-дала жұмыстарын сапалы жүргізуді қамтамасыз етуді, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру ісін белсенді жүргізуді, әлеуметтік нысандар құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржының тиімділікпен игерілуін және азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тоқтатуға қатысты шаралар қолдануды тапсырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.