Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында Жақсы ауданындағы бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының көктемгі егіс жұмысына дайындығын өз көзімізбен көрдік.
Жақсы ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Рамазановтың айтуынша, биыл ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары көктемгі егіс науқанына жақсы дайындықпен келген. Олар 459,3 мың гектар алқапқа бидай, дәнді және бұршақ дақылдары мен майлы дақылдар себуді, 472 гектар жерге картоп пен көкөніс отырғызуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 224,8 мың гектар жердің ылғалын жабу межеленсе, оның 32,5 пайызы жүзеге асырылды. 140,1 мың гектар алқапта көктемгі егіс алдындағы өңдеу жүргізілмекші. Оның ішінде 90,3 мың гектар жер химиялық әдіспен өңделеді. Үстіміздегі жылы 308,4 мың гектар алқапқа тұқым себу ылғал жинағыш технология бойынша жүргізіледі. Егіс және парды өңдеу кезінде 7 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізіледі. Бүгінгі таңда 4,1 мың тонна аммофос, амиактық селитра, сульфоаммофос тәрізді тыңайтқыш сатып алынған.
–Қажетті 55,8 мың тонна тұқым зертханада талданды. Ауданда Ақмола-2, Шортанды-95, Астана-2, Дамса-90, Астана-2000 сортты 15,6 мың тонна тұқым сатуға қойылса, бүгінге дейін оның 7 мың тоннасы сатылды. 534,8 мың гектар алқаптың арамшөбіне қарсы химиялық өңдеу жүргізіледі. Көктемгі егісте 820 трактор, 1180 сеялка, 121 осы заманғы өнімділігі жоғары егіс кешені қолданылады. Өткен жылы машина-трактор паркіне 125 жаңа техника сатып алынды. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 6 мың 110 тонна бағасы арзан дизель отыны бөлінді,–деген аудан әкімінің орынбасары литрі 183 теңгеге бағаланған жанар-жағар майды «ТНК Агрофирмасы», «Жалтыр тас», «Жақсы мұнай базасы» серіктестіктерінің операторлары тасымалдап беріп жатқанын айтты.
Біз алдымен, Жақсы селосының іргесіндегі «Айбат» серіктестігінде болып, көктемгі егіс жұмысына дайындық жөнінде шаруашылық директоры Асқар Жапаровпен сөйлестік. Өткен жылы бұл серіктестік 26 мың 434 тонна астық жинапты. Гектар берекесі 17,3 центнерден айналған. Шаруашылықтың жалпы 19 мың 897 гектар жері бар. Биыл серіктестік 17 мың 483 гектар алқапқа тұқым сеппекші. Ол үшін 12 трактор, 8 егіс кешені және өзге де техника жұмысқа тартылмақшы. Мұнда шет елдік ауыл шаруашылығы техникаларын жөндейтін цех жұмыс істейді. Сондай-ақ, қосалқы бөлшектер мен өзге де бағалы материалдарды сақтайтын үш қойма бар. Ауыл шаруашылығы техникалары жабық жеті қоймада сақталады. Серіктестік егіс жұмысын 19 мамырда бастап, 30 мамырда аяқтауды жоспарлап отыр. «Белағаш» серіктестігі аудан орталығынан 5 шақырым жерде орналасқан. Шаруашылықтың ауыл шаруашылығы техникалары ангарлардан шығарылып, сап түзеп тұр. Осы жерде бізді серіктестік директоры Виктор Гертнер қарсы алды.
– Өткен жылы 35 мың 980 тонна астық жинап алдық. Гектар берекесі 17,1 центнерден айналды. Біз астық өндірумен және элиталық тұқым сатумен айналысамыз. Былтыр қамбаға 4 мың 250 тонна элиталық тұқым құйып алдық. Шаруашылықтың 33 мың 727 гектар алқабы бар. Биыл 23 мың 775 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Дала жұмыстарына әртүрлі 47 трактор, оның ішінде 26 К-700, 7 егіс кешені, 7 «КамАЗ» автокөлігі мен «ПТС» тіркемелері пайдаланылады. Бүгінгі таңда 2 мың гектар алқаптың ылғалы жабылды. Егіс жұмысын 19 мамырда бастап, 1 маусымда аяқтап шығуды жоспарлап отырмыз, – деген Виктор Гертнер алқаптарда қажетті барлық агротехникалық шаралар жүргізіліп жатқанын айтты.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Иван ОДНОРОГ.