Бүгінгі таңда аграрлық кәсіпорындардың экономикалық жағдайын жақсартудың тиімді шешімдерінің бірі – жасымық тәрізді нарықта қымбат бағаланатын ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру болып саналады.
Жасымық ауыл шаруашылығында ежелден өсіріліп келе жатқан дақыл. Ол азық-түлік, мал азығы ретінде және техникалық қажеттіліктерге, сондай-ақ, тағам өнеркәсібінде белоктық препараттарды, шұжық пен консерві өнімдерін, шоколад, конфет, тәтті тоқаш өнімдерінің кей түрлерін әзірлеу үшін пайдаланылады. Бұл дақылдың биологиялық құндылығы жоғары, жеңіл қорытылатын белоктың маңызды продуценті саналады. Түр-түріне қарай, тұқымның құрамындағы оның үлесі 26-31 пайыз аралығында болады.
Бүгінгі күні жасымық Қазақстанның солтүстік аймағында өсіріледі. Ал, әлемдік деңгейде Канада ең ірі жасымық өндіруші ел. Бұл елде жасымық өндірісі Саскачеван штатында шоғырланған. Табиғи-климаттық жағдайлары жағынан бұл штат пен Солтүстік Қазақстан аймағы ұқсас келеді. Сондай-ақ, теңіз портының қашық болуына байланысты көлік шығынының жоғарылығы, бидай мен арпаның өнімділік әлеуетінің төмендігі секілді агроэкономикалық көрсеткіштерде де ұқсастықтар бар. Бұрынғы Кеңес одағының өзге елдерінде де жасымық өндірісінің өсімі байқалады. 2015 жылы Ресейде өсім 30 мың тонна шамасында болды. 2016 жылы Украинада 8 мың гектарға жасымық егілді. Бұл ел жасымық алқаптарының көлемін жылдан-жылға ұлғайтуды көздеп отыр. Жасымық дақылын өндіру мен өткізудің әлеуеті айтарлықтай жоғары. Канададан жасымық сатып алатын елдердің тізімінде Қазақстанға жақын орналасқан мемлекеттер де тұр. Бұл аталмыш дақылды өткізуге және сыртқы нарықта жоғары деңгейдегі бәсекелестік қабілетке ие болуға үлкен мүмкіндіктер бар екенін көрсетеді. Жасымықты Үндістан, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Египет импорттайды.
Сапасы жоғары дақылдар өндірісінде озық тұқымды пайдаланудың маңызы зор. Бұл шаруашылықты тез әрі белсенді түрде дамытуға жол ашады. Егер себілген тұқымның сапасы төмен болса, тиімді агротехника мен қазіргі заманғы әдістердің өзі оң нәтиже бермейді. Жасымық бұршаққа қарағанда, құрғақшылыққа төзімді, зиянкестер мен өсімдік ауруларына дес бере қоймайды, жапырылып құлап қалмайды. Төменгі дәндерінің 15-16 сантиметр биіктікте орналасуы өнімді жинап алуға оң әсерін тигізеді. Жасымық егудің тағы бір ерекше тұсы, оны өсірген алқапты соңынан өзге ауыл шаруашылығы дақылдары үшін тиімді пайдалануға болады. Жасымық өсімдігі түйнектік бактериялармен бірге атмосфералық азот жиып, оны өсіп-өну үрдісіне пайдаланады. Азоттың бір бөлігі топырақта қалады.
Жасымықтың негізгі өзек тамырдан тарайтын мықты тамырлық жүйесі 100 сантиметр тереңдікке дейін жетеді. Топырақтың үстіңгі қабатында біркелкі әрі қалың орналасады. Сондай-ақ, жасымықтың тамыр жүйесі өзге өсімдіктерге қиынға түсетін топырақ фосфаттарын оңай ыдыратады. Іс жүзінде жасымық түрлі түйіршіктік құрамына қарамастан, кез-келген топыраққа өсіп шыға алады. Өсіп-өну кезінде жасымыққа өзінің биологиялық құндылығын жоғалтып алмауы үшін өзге дақылдардан гөрі көбірек көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ, бұл істе агроном-мамандардан ғана емес, олардың нұсқау-кеңестерін жүзеге асыратын орындаушылардан да жоғары біліктілік талап етіледі. Жасымық өсіруді қолға алғанда, оның биологиялық ерекшеліктерін және одан неғұрлым мол өнім алуға бағытталған технологиялық әдістер кешенін жақсы білу керек.
Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жасымық алқаптарын ұлғайту, оның өнімділігі мен сапасын арттыру жолындағы қиындықтар негізінен, оны өсіру технологиясын зерттеп білу деңгейінің жеткіліксіздігі мен аудандастырылған сорттардың жоқтығынан туындап отыр. Жасымық өндірісін мемлекет тарапынан субсидиялау да бұл іске қарқын берген болар еді. Бұл орайда мәселенің шешімі – тиісті деңгейде қаржыландыру көзделе отырып, бұршақ тұқымдастарды өсіруге бағытталған бағдарлама әзірлеу. Бұрын Қазақстанда жасымық 6-7 мың гектардан аспайтын алқапқа ғана өсірілетін. Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде жақын жылдары жасымық алқабының көлемі 250 мың гектарға дейін жетеді деген болжам айтқан еді. Ал, біздің пікірімізше, солтүстік өңірлерде жасымық егісінің көлемін 2-2,5 миллион гектарға дейін ұлғайту және бұл үшін дақыл түрлері кезектестіріліп отыратын ауыспалы егістік қалыптастыру қажет.
Өсіп-өну барысында жасымық топырақ құрамындағы азоттың көбеюіне ықпал етеді. Өз кезегінде бұл топырақ құрамының жақсаруына, топырақта қалған жасымық тамыры қалдықтарының әсерінен өнімділікті арттыруға, азотты тыңайтқыштарға деген сұранысты айтарлықтай азайтуға септігін тигізеді. Жасымық егілген алқапта кейін тыңайтқыштың аз қолданылғанына қарамастан, бидай дәндерінің сапасы төмендемейтін болады.
А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мәліметі бойынша жасымықтан соң егілген жаздық бидайдың шығымдылығы парға жыртылған егіс алқабымен бірдей болады. Аршалы ауданындағы «Поиск агрофирмасы» серіктестігінде жасымық өндірісінің өзін-өзі ақтау көрсеткіші 269 па-йыз болды. Бір тонна жасымық бұршағы әр жылдары 80-140 мың теңге аралығындағы бағамен сатылған. Бұны бидай бағасымен салыстырғанда 2-4 есе жоғары. Орташа әр гектардан 9,5 центнерден өнім жиналып, бір тонна дақыл 140 мың теңгеге сатылған жағдайда 2 178,7 миллион гектар алқаптан жиналған 2069,7 мың тонна жасымықтың жалпы құны 289767,1 миллион теңге болады. Бұл өндіріске жұмсалған және бидай өндірісінің кемуінен туындаған шығынның орнын еселеп толтырады.
Трейдерлердің мәліметі бойынша кей жылдары Қазақстанда бір тонна қызыл жасымықтың құны 550 долларға, ал бір тонна жасыл жасымықтың құны 700-800 долларға дейін көтеріледі. Бұл дақылды Түркия, Үндістан, Иран, Бангладеш, сондай-ақ, Шығыс Азия мемлекеттері сатып алады. Демек, сұраныс ұзақ жылдарға жалғасады. Жасымық дақылын ірі көлемде жоғары бағаға өткізуге болады. Еуропада да жасымыққа деген сұраныс артып келеді. Өйткені, ол жақта бойына зиянды химиялық заттар мен радионуклидтерді жинақтамайтын жасымық тәрізді органикалық өнімдерге деген сұраныс жоғары.
Қорыта айтқанда, жасымық егілетін алқап көлемін ұлғайту арқылы ауыспалы егістікті жетілдіре түсуге болады. Бұл алқапқа азотты тыңайтқышты аз қолдану есебінен қаржы үнемделеді. Оның үстіне топырақтың құнарлығы сақталады. Ауыл шаруашылығында бұл бағытты қолдау еліміздің экспорттық әлеуетін көтереді. Мол пайда табу жасымық дақылы өндірісін кеңейтуге жол ашады.
Кенже АБДУЛЛАЕВ,
А.И.Бараев атындағы Шортанды
астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік
орталығының директоры.