Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу - АРҚА АЖАРЫ

Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу

Қазақстан Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының үгіт-насихат жұмыстары Ақмола облысында жалғасты.

Жергілікті Азаматтық қоғам институттарының өкілдерімен кездескен Штаб мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасымыздың ең сенімді серігі және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан тұлға екеніне назар аударды.
– Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясатымызды қалыптастырып, мемлекеттік шекарамызды шегендеу ісінде үнемі Елбасының жанынан табылып, тәуелсіздігіміздің нығаюына үлкен үлес қосты. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартып, әлемдік қауымдастықтың сеніміне ие болуына да кандидатымыз тікелей атсалысты. Сондықтан, Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаевты еліміздің тұрақты дамуын әрі қарай жалғастырып, мемлекет тізгінін ұстауға лайық тұлға деп атады, – деді Республикалық қоғамдық штабтың басшысы Мәулен Әшімбаев.
Көпшілік алдында Ақмола облысының атынан сөз алған «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кезінде Парламент Сенатының 5-6 шақырылым депутаты болған Жабал Ерғалиев «Бірге» акциясы кезінде жиналған ақмолалықтардың адал ниеті, арман-тілегі мен аманаттары салынып, Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа арналған қасиетті тұмарды Республикалық қоғамдық штабтың басшысы Мәулен Әшімбаевқа табыс етті.
– Тұмар халқымыздың қасиетті бұйымы. Бұл тұмарда Қараөткел мен Көкшетау өңірлері халқының Президенттіктен үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевқа деген баталары мен ыстық ниеттері, ізгі тілектері мен ұсыныс ойлары бар. Осы Тұмарды біздің кандидатымыз Тоқаевқа елдің атынан табыс етуді Сізге аманаттаймыз,– деді Жабал Ерғалиұлы.
* * *
Қазақстан Республикасы Президентіне үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штаб мүшелері «Көкшетау минералды сулар» акционерлік қоғамының еңбек ұжымымен кездесіп, үміткердің Сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарына тоқталып өтті.
– Кандидатымыздың Сайлауалды бағдарламасы «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу», – деген негізгі үш қағидаға табан тірейді. Сол арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы саясатын әрі қарай жалғастырып, ел дамуын қамтамасыз етуді, баршаға ортақ игілік қалыптастырып, экономикалық жетістіктерімізді әр қазақстандықтың сезінуіне жағдай жасауды және заман көшіне ілесіп қана қоймай, оның алдыңғы легінде жүруге ұмтылып, үнемі өрлеп, өркендеуді көздеп отыр, – деді Мәулен Әшімбаев.
* * *
Қазақстан Республикасы Президентіне үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында Көкшетау теміржол қызметкерлерімен кездесті.
– Теміржол қызметкерлері, партияластар бүгін біздің өңірімізге Қазақстан Республикасы Президентіне үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сенімді өкілдері келіп отыр. Біз бүгінгідей тарихи кезеңде маңызды шешім қабылдап, еліміздің болашағы үшін дауыс беретін боламыз. Алдағы сайлау егемен еліміздің бірлігі мен елдігін нығайтар, болашағын айқындар саяси науқан екендігі сөзсіз, – деп кездесуге төрағалық еткен облыстық штаб басшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Серік Әкпенұлы Аяғанов алғысөзден соң, Республикалық қоғамдық штабтың мүшелерімен жеке-жеке таныстырып өтті. Кездесуде алғаш сөз алған Республикалық қоғамдық штабтың мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов:
– Құрметті қатысушылар, теміржолшылар сіздермен осындай сындарлы сәтте кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Теміржол мен жолдарға бәрі де байланысты. Ол біздің еліміздің экономикасының күретамыры. Сондықтан, еліміздің бүгінгі жеткен жетістіктері де сіздердің арқаларыңыз. Баршаңыз ақпарат құралдарынан естіп, біліп жатқандай біздің Республикалық қоғамдық штаб мүшелері алдыңғы күні Қарағандыда, кеше Павлодарда болып, бүгін Көкшетау өңіріне келіп тұрған себебіміз еліміздің әлемге танымалдығы, еліміздегі тұрақтылық пен ауызбіршілік осының бәрі Елбасының үлкен саясатының арқасында екені белгілі. Біздің Тұңғыш Президентіміз 30 жылдың ішінде осындай мемлекет құруына өзі атсалысып, бүгінде Н.Назарбаев Қазақстанды әлемге танымал етті. Біз бүгін кезектен тыс президент сайлауы алдында сіздермен кездесіп, кандидатымыз туралы мәлімет беруге арнайы келдік. Кандидатымыз бірінші күннен бастап Елбасымен бірге қызметтес болды. Мен өзім де Қ.К.Тоқаевты 20 жылдан астам уақыт жақсы білемін. Ол кезінде үкіметті басқарғанда мен білім, ғылым саласында қызмет етіп, ол кісімен Қазақстанның бірнеше өңірлерінде іссапармен болып қайтқанмын. Оның қандай жұмысты болса да тиянақты атқаратынына кәміл сенемін. Қазір сенатта қызметтес болып, әр мәселеге терең үңіліп, қабылданған заңдарға бейжай қарамайды. Дәл осы жерде бір айтпағым, сіздердің жерлестеріңіз Жабал Ерғалиев «Әке туралы ой толғау» деген Кемел Тоқаев туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы жазған кітапты тамаша баяндап берді. Ол кітапты баршаңызға оқуға кеңес беремін. Онда әкеге деген баланың сүйіспеншілігі, әкеге деген баланың рахметі, өзінің соғысқа көзқарасы, одан кейінгі әсіресе, қазақтың басына түскен қиын кезеңдері келтірілген. Осындай әлем деңгейіндегі дипломат, саясаткер, жан-жақты білімді кандидатымызға дауыс берейік және Қасым-Жомарт Кемелұлына дауыс беру еліміздің болашағы үшін дауыс беру деген сөз. Біздің еліміз талай ғасырлар мен асулардан өтіп, талай қиындықтардын бағындырып келеді. Сондықтан, барша Ақмола жұртшылығы, құрметті көкшетаулықтар, біздің теміржолшылар осыны түсініп, сіздерді біздің кандидатымыз Қасым-Жомарт Кемелұлын бізауыздан қолдауға шақырамын, – деп сөзін аяқтады.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Михайл Михайлович Бортник, «Nur Otan» партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева, мемлекет және қоғам қайраткері Сергей Кулагин, Қазақстан Респуб-
ликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Айзада Құрманова, Еуразиялық медицина қауымдастығының вице-президенті Надежда Михайловна Петухова, Республикалық қоғамдық штабтың мүшесі, «Dasco Consulting group» ЖШС-ның басқарушы директоры Дәрмен Сәдуақасов,
театр және кино актері Нұрлан Баянғалиұлы Әлімжанов, «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісовалар сөз сөйлеп, пікірлерімен бөлісті.
– 2019 жылдың 9 маусымында өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысып, әр азамат сайлауда дауыс беру арқылы мемлекеттік билікті қалыптастырады. Сондай-ақ, өзінің және өзінен кейінгі өскелең ұрпағының мүддесіне шешім қабылдайды, – деген Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Роза Арыстанқызы да жерлестерін Елбасының сарабдал жолын жалғар Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дауыс беруге шақырды.
***
Қазақстан Республикасы Президентіне үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде жастармен кездесіп, ой бөлісті.
Оқу орнында профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездескен Штаб өкілдері Қ.Тоқаевтың өзінің Сайлауалды бағдарламасында білім беру сапасын арттырып, бәсекеге қабілетті маман даярлау ісін жетілдіруге және жастарға тұрақты қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлгенін айтты.
– Бағдарламада «Президенттік кадрлық резерв», «Жас кәсіпкер» сияқты жастарды қолдауға арналған бастамалар қарастырылған. Бұл жастарға өз идеяларын жүзеге асырып, әлемдік биікке көтерілуге беріліп отырған үлкен мүмкіндік, – деді М.Әшімбаев.

Одан бөлек, Республикалық қоғамдық штаб мүшелері облысқа сапары барысында Щучинск қаласында туризм саласында еңбек етіп жүрген шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар