Құрметті мәдениет қызметкерлері мен өнер қайраткерлері! Қадірлі сала ардагерлері! Кәсіби мерекелеріңізге орай шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар! Бұл күн – шығармашылық мамандықтың, мәдени-тарихи мұраны сақтаушылар мен насихаттаушылардың барлық өкілдерін біріктіретін күн. Сіздер жоғары рухани, гуманистік құндылықтарды асқақтатып, сұлулықты көріп, тануға көмектесесіздер.
Ақмола облысы – ұлттық музыка өнерінің алтын бесігі. Бұл өңірде қайталанбас поэтикалық шығармашылықты асқақтатқан ұлы ақындар Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ дүниеге келді. Берекелі өлке Сәкен Сейфуллин, Шахмет Құсайынов, Ілияс Есенберлин сияқты көркем сөздің данасы деп танылған кемеңгерлерді өсірді. Бүгінгі таңда аймақта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы жүргізілуде. Ұлттың мәдени және тарихи құндылықтарды сақтау және молайту мақсатында, Ақмола облысында ашық аспан астында «Ботай-Бурабай» этнографиялық-сәулет мұражайы ашылды, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Мәлік Ғабдуллин шығармаларының 11 томдық жинағы басып шығарылды, киелі нысандар қалпына келтірілуде.
Өзінің ерен еңбегімен және жігерлігімен қоғамның рухани дамуына қомақты үлес қосып отырған мәдениет саласының дарынды өкілдеріне шексіз алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Сіздердің жоғары біліктіліктеріңіздің, сүйікті істеріңізге шексіз берілгендіктеріңіздің нәтижесінде мәдениет пен өнер саласы халық игілігіне риясыз қызмет етуде.
Алдағы уақытта да осындай биік белестерден көрініп, төл істеріңізде табысқа жете беріңіздер. Сіздерге осы жолда зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасында бақ-береке тілеймін!