Көкшетау қаласының тарихы музейінде Марина мен Анастасия Цветаевалардың Александров қаласындағы әдеби-көркем музейінің тақырыптық жылжымалы көрмесінің тұсаукесері болып өтті.
Екі елдің арасында әріптестік байланысты, мәдениаралық серіктестікті нығайту мақсатында ұйымдастырылған көрме «Александровское лето Марины Цветаевой» деп аталады.
Бұл көрменің Көкшетау қаласында өткізілуі кездейсоқтық емес. 2016 жылы танымал жазушы, мемуаршы Анастасия Цветаеваның Көкшетауда болғанына 50 жыл толуына орай, аталмыш музейде шағын экспозиция ашылған болатын. А.Цветаеваның «Кәрілік пен жастық» атты повесі де осы Көкшетау қаласында жазылған. Бұл повесьтің алғашқы атауы «Көкшетау» болатын. Аталмыш көркем туынды ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында орыс әдебиетінде шебер туынды ретінде бағаланған. Анас-
тасия Цветаеваның Көкшетау қаласының тарихы музейіндегі экспозициясы негізін Цветаев-Трухачевтар архивінде сақталған жәдігерлер құрайды. Бұл құнды жәдігерлер А.Цветаеваның Мәскеу қаласында тұратын немересі Ольга Трухачевадан алынып, жергілікті ақын, публицист Рена Жуманова мен павлодарлық ақын Ольга Григорьева музейге табыс еткен еді.
Көкшетаудағы көшпелі көрмеге апалы-сіңлілі Цветаевалардың 1915-1917 жылдардағы Александров қаласында өткен өмірлерін сипаттайтын сыр тұнған көне суреттері мен құнды құжаттар қойылған. Айта кету керек, осы кезеңде Марина Цветаеваның «Ахматоваға» және «Мәскеу туралы өлеңдер» циклының көп бөлігі, сонымен қатар, ақынның «Дым, дым и дым…» атты прозасының екінші кітабы жазылған болатын.
Көрменің ашылу салтанатында Александров қаласындағы Марина мен Анастасия Цветаевалардың әдеби-көркем музейінің ғылыми хатшысы Эльвира Калашникова, сондай-ақ, ақын Рена Жұманова мен Көкшетау қаласының тарихы музейі қор бөлімінің меңгерушісі Гульчехра Шамсидинова сөз сөйледі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.