Ақмола облыстық әкімдігінің мәжіліс залында өңірімізге жұмыс сапарымен келген Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафинаның қатысуымен «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу кезеңіндегі сайлау комиссияларының жұмысы туралы» семинар болып өтті.
Семинарға аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, электораттық оқытудың сертификатталған жаттықтырушылары мен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Семинар барысында Сәбила Сапарқызы қатысушыларды сайлау заңнамасындағы өзгерістермен, сайлау науқанының негізгі кезеңдерімен, кандидаттардың сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру шарттарымен, сайлау комиссияларының сайлау-ды әзірлеу мен өткізу жөніндегі өкілеттіктерімен, аумақтық сайлау комиссиясының және жергілікті атқарушы органдардың мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерімен таныстырды. Сонымен қатар, семинарда сайлау науқанын қаржылық қамтамасыз ету және Ақмола облысы сайлау комиссияларының мүшелерін каскадтық және қашықтан оқыту әдісімен электораттық оқыту мен тестілеуді ұйымдастыру мәселелері кеңінен айтылды.
Одан әрі Ақмола облыстық әкімі аппаратының басшысы Бауыржан Ғайса сайлаушылардың тізімдерін жасау бойынша жүргізілген жұмыс, сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру және мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайларын қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.
Семинар барысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов сайлау науқанын өткізудің ағымдағы жағдайы, сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығы туралы хабарлама жасады. Сондай-ақ, электораттық оқытудың сертификатталған жаттықтырушысы Вера Прокопьевна Пытьева сайлау комиссияларының дайындық кезеңін және тікелей дауыс беру күніндегі қызмет мәселелеріне нақты тоқталып өтті. Сонымен қатар, қатысушыларға семинар шеңберінде дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссияларының жұмысы туралы Орталық сайлау комиссиясы дайындаған оқыту фильмі көрсетілді.
Семинар қорытындылары бойынша өзара пікір алмасу жүргізіліп, сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сол күні Сәбила Сапарқызы жоғары және орта оқу орындарының жастар ісі жөніндегі комитеттері төрағаларымен кездесті.
Кездесу барысында жастардың сайлау процесіне қатысу, жас сайлаушылардың құқықтық мәдениетін және электораттық белсенділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.