Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жақсы атауын «Жоқ су» атауынан шыққан деп пайымдау қате... - АРҚА АЖАРЫ

Жақсы атауын «Жоқ су» атауынан шыққан деп пайымдау қате…

Бұған дейін де аудандық газетіміздің қазақшасының аздығына, тілінің жұтаңдығына «жабуды жаба тоқып», көрсек те көрмегендей болып келгеніміз рас еді. Мысалы, Наурыз мейрамы туралы материалдарда да «құнан бәйгені» «құлан бәйге» деп ұсынғандарын қазақ тілді корректордың жоқтығынан болған жағдай ретінде қабылдаған еді оқырман. Бірақ, 19 сәуірде жарияланған «Путь от жок су до жаксы» атты мақаланы оқығанымызда еріксізден жағамызды ұстадық. Автор көнекөздердің айтуынша, кезінде ауылдың аты «Жоқ су» аталған деп пайымдайды.

Екі дауысты дыбысты басқа екі дауысты дыбыспен ауыстыра отырып, бір сөзден екі сөз ойлап тауып қиналған мақала иесі өзінің қазақ тілін, оның сөйлем құрамын, сөз тіркестерін, ең құрығанда, бастауыш пен баяндауышты мүлдем білмейтінін, тілді түсінбейтінін көрсетеді. Атамыз қазақ жазбаша да, ауыз екі тілде де зат есімді алға қоя сөйлеген ғой. Мысалы: «Су бар ма?», «Тұз бар ма?», «Шылымың жоқ па?» –
деп сұрап, «Су жоқ», «Тұз бар», «Темекі шекпеймін»-деп жауап берсе керек еді. «Бар тұз», «Жоқ су» деген құлаққа жат, жағымсыз тіркестерді ешқашан қолданбаған.
Расында да Жақсы ауылы геодезиялық, географиялық тұрғылардан да алып қарағанда, ауданымыздағы ең биік орналасқан елді мекен. Мақала авторы ауылдың «Жоқ су» аталуына ешбір мұрағаттық тұжырымдама жоқ екендігін мойындай отырып, «осы төңіректе судың жоқтығы (жетіспеушілігі емес. Т.М.) туралы тарихи дерек бар» деген жаңсақ пікірді қалың оқырманға жайып жібереді. Оның үстіне, тағы да «көнекөздерге» сүйене отырып, бұл маңда су көздерінің жоқтығынан жаз айларында малды Көкшетауға айдаған кездері болған деген жалған ақпаратты қыстырады. Соның салдарынан сол замандарда қасымыздағы Есіл, Терісаққан, Қалмақкөл суалып қалды ма екен, әлде баяғының байлары осы өзен-көлдер жайлы білмеген ғой, Көкшенің жері де бос жатқан ба деген сан-сақ ойлар амалсыздан адамды мазалай береді.
Енді ауылымыздың, ауданымыздың атауына байланысты бізге мәлім тарихи деректерге аз-кем көз жүгіртсек. Танымал тарихшы, өлкетанушы Баянбай Хұсайынұлының «Есіл өңірі: тарих және тағылым» атты кітабында келтірілген «тайға таңба басқандай» мәліметтерге сөзбе-сөз сүйенсек: халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, артына өшпес мұра қалдырған ғұлама ғалым, акамедик Әлкей Марғұлан Жақсы-Жаңғызтау орны Иван Шангиннің 1816 жылғы экспедициясының назарына іліккенін, оның күнделігінде көрсетілгенін атап айтады.
Иван Шангин жергілікті топонимикаға көңіл аударған. Қазақтардың табиғи географиялық объектілерді өте дәл сипаттауы оны таң қалдырады. Жақсы – Жаңғызтау туралы жазғанында: «Это гора Якши – Янгизтау (в переводе: одна из лучших гор) истинно прекрасна» – деп, ішкі сезімін жасыра алмаған. Ғалымның ойы бұрмаланбауы үшін саналы түрде сол түп нұсқа түрінде – орыс тілінде беруді жөн көрдік. «Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының аяғы-қырқыншы жылдарының бас кезінде Қарталы – Ақмола темір жолы құрылысының аяқталуына байланысты жолдың бойына шаңырақ көтерген стансаға «Жақсы» атауының берілуі «Жақсы – Жаңғызтау» атауына байланысты ма деген ойға жетелейді», – деп тұжырымдайды марқұм Баянбай Хұсайынұлы. Осыдан 200 жүз жыл бұрын, темір жол, тың игеру болмаған заманда терістік етегінде Байегіз, Қызылсай шығысында Аққайрақты ағып жатқан Жақсы – Жаңғызтауға Шангиннің сондай сүйсінгеніне еш таңқалмаймыз.
1940 жылдары ашылған таудың басындағы метеоорталықтың әлі күнге дейін сол уақыттағы аудан көлемінде орналасқан Казгородок, Донское метеоорталықтарымен бірге Жақсы – Жаңғызтау аталатынын еске сала кеткеніміз жөн. Басқа алып-қосарымыз жоқ. Дегенмен, біз зайырлы, толерантты, көп ұлтты мемлекетте өмір сүріп жатқаннан кейін кез-келген ұлттың тіліне, дініне, әдет-ғұрпына түсіністікпен һәм сыйластықпен қарағанымыз абзал.
Мәскеудегі «Адам құқықтары» баспасынан жарық көрген «Журналистерге арналған қолданбалы шиеленістердің шешімдері» («Прикладная конфликтология для журналистов») деген кітапта баспалардың, журналистердің кәсіби деңгейінің сай болмауы этностардың арасындағы шиеліністерді тудыруы немесе қоздыруы әбден мүмкін деп айдан анық жазылған. Осы зымыраған заманда ешкім ешкімді үйретуге тырыспағаны жөн. Әйтпесе, «Қолың көтермейтін шоқпарды беліңе байлама» дегеннің кері келеді.
Біз біраз жасадық, біразды көрдік. Ең бастысы, осындай көпе-көрнеу қисық ұғымдар енді ғана ел болып, етек-жеңімізді жинап жатқан кезімізде тал шыбықтай өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасын улап, қиянат жасайтынын әрдайым есімізде ұстап, қателіктерге жол бермеуіміз керек. Осындайда көрнекті қоғам қайраткері, ел ағасы Мырзатай Жолдасбековтың «Өз тіліңді өзің үшін, өзгенің тілін күнің үшін үйренесің» деген бір сөзі еріксіз еске түседі.
Тарғын МАҚЫЖАН.
Жақсы ауданы.

Суреттерде: ауданның сулы жерлері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар