Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Діни сауаты төмен елдің ертеңі бұлыңғыр - АРҚА АЖАРЫ

Діни сауаты төмен елдің ертеңі бұлыңғыр

Иегінде кішкене шоқ сақалы бар жап-жас жігітті Алланың үйі – мешітте жолықтырдым. Намаз оқысы да маған ерсілеу көрінді. Әлсін-әлсін қолын иыққа дейін көтеріп қояды. Құлшылықтың соңында ол дұға тілеп, қол жайған жамағатты аттап өтіп жүре берді.

Қазақ әу бастан бабалар жолынан адасып көрген емес. Кешегі кеңес заманында да дәстүрлі діннің қағидаттарын берік ұстанды. «Бір ұлт – бір дін» тағылымын жүректеріне түйіп, оны кейінгі ұрпағына да мұра етіп қалдырды. Ал, енді ше?
Жаңағы жас жігіттің бабалар жолынан алшақтап, өзінше басқа соқпақтың жалғыз аяқ ізімен кетіп бара жатқаны қатты қапаландырды. Иә, ол жалғыз емес, бір шоғыр жастар өзінше жол іздеп, осылай көптің көзіне түрткі болып көрінеді. Бұл – қазақтың ұстанған имани бағыты емес, исламды жіліктеп бөлгісі келгендердің жат ағым жолы.
Әбу Ханифа мазһабында өзін басқадан биік ұстаушылық мүлде жоқ десе де болады. Керісінше, мұсылман атаулыны ортақ мүддеге жұмылдырады. Ізгілік пен мейірімділікті көбірек насихаттайды. Ал, өздерін сәләфиміз деп жүргендер қазақтың дәстүрлі діни ұстанымына көз қиығын да салмайтыны өкінішті.
Бәлкім, бұл жігіт те үйірінен безген бәзбіреу ме, әлде?. Сөйлесіп, емен-жарқын әңгімелесіп, ойын білмек болып сыртқа шықтым. Бірақ, ол менімен шүйіркелесуді қаламады. «Жөнсіз жерге пышақ ұрмаңыз» деп дайын жауабын да алдыма тосты. Оның қандай ағымда екені емес, жаңағы намаз аяқталмай жатып, бәрімізді адам құрлы көрмей, сыртқа беттегені мұсылмандыққа жатпайтыны айдан анық еді.
Жуырда Сириядағы қантөгіс алаңынан қаншама қазақтың жастары оралды. Сәбилерін құшақтарына басқан жас аналар да аз емес екен. Жарайды, ер адам адасып барды делік, мына сәбилерін жетектеген аналар не бетімен барды?!.
Жиһад жасау дегенің, қолыңа қару алып, соғысқа аттануды ғана білдірмейтінінен мына адамдардың хабарсыз болғаны ма, сонда. Жоқ болмаса, ислам қаныпезерліктің діні еместігін саналарына түймеген бе?! Меніңше, бір дінді ағымға бөлу адасудың негізі. Осының бәрі жетпіс жыл атейстік заманның салып кеткен қанды ізі. Азаттық алысымен аталар жолынан алшақтаған жастар сырттан ағылған миссионерлердің жетегіне ерді. Ақыры айналасы отыз жылдың ішінде мазһаб ұстанатын және ұстанбайтындарға бөлініп, енді біріміз асыл дінімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын теріс ағымдардың жетегіне түсіп, тал түсте адастық. Бұған кінәлі кім?
Бүгінгі қоғамды толғандырып отырған да осы мәселе. Ғаламторға үңілсең, ұлттық дәстүрді тәрк етіп, өзінше тон пішкен діндарсымақтардың арандарына оп-оңай түсесің. Яғни, діни экстремизмнің апанына ең алдымен имани сауатсыз жастар көбірек түседі. Алғашқы намаз оқуды үйренуден басталатын ислам жолына олар көбіне-көп толық діни таныммен келмейді.
Шын иманды жүрегімен түйсініп барып, мұсылман жолына түскендер ешқашан басқаның жетегіне ермейтіні анық. Ал, өзі де ештеңені білмей, дінді көбірек білетін біреудің соңына еріп, соқыр сезімге берілу нағыз адасушылықтың алғашқы қадамы екенін біреу білер, біреу білмес.
Жалпы, діни сауатсыздықтың астарына үңілсек, ондай жандар ұлттық дәстүр, өз Отанын сүю, туған жерінің тарихын білу сияқты құндылықтардан бас тартатынын жиі байқаймыз. Қазақтың байырғы тарихынан ешқашан басқа елге барып, жаулап, басқыншылық жасауға тәрбиелемейтінін білеміз. Ислам дінінің де негізгі қағидасы өз туған жерін қорғау және ұлтының төл тарихын қастерлеу, асыл дінін ұлықтауды мақсат етеді.
Қазір діннің тереңіне әлі бойламаған жас-
тарды экстремизмнің қақпанына түсіру қиын емес. Бұл жерде ғаламтордағы экстремистік сайттар да ерекше үлес қосып жатыр. Қарапайым ғана бір мысал, шет елдердің бірінде мұсылман мешітіне баса-көктеп кіріп, қарапайым адамдарды қырғынға ұшырату оқиғасы берілді делік. Оны лезде әлеуметтік желіні былай қойып, әлемдік ақпарат құралдары да жарыса жазады. Міне, мұндай елдің көңілін күптеп, қайғының қара бұлтын төндірген оқиғаны экстремистік ұйымдар өз мақсатына ұтымды пайдаланады. Исламды алға тарта отырып, оның жауларына қарсы қауқар қаракет жасауға үгіттейді. Бірақ, бұл оқиға әлгіндей жекелеген ұйымдарға ғана емес, барша адамзат үшін қасіретті оқиға екенін жоққа шығармасақ керек. Бұдан ұтқан кім, ұтылған кім?
Мемлекет кез келген экстремистік көріністерді болдырмауға барынша алдын алу қаракеттерін жасайды. Ғаламтордағы экстремистік тұрғыдағы сайттарға да тыйым салуды ойластырады. Бірақ, күніне мыңдаған арна арқылы әлеуметтік желіні жаулаған ақпараттар ашық қарулы қақтығысқа шақырмаса да, жымын білдірмейтін жолдармен адамдардың санасын улауда.
Мысалы, қасиетті ораза айында жаңадан ауыз бекіткен жандар білместіктің салдарынан қаншама қиындыққа кезігеді. Діни сауаты мол болмағандықтан, ауырып-сырқап қалған кезде де оразаны бұзуға болмайды делінген деректерді оқып, не істерлерін білмейді. Жаңағы ғаламтордағы ақпараттарда оразаны орта жолдан тоқтату аса ауыр күнә екені алға тартылғандықтан, екі оттың ортасында қалады. Негізінде, біздің дініміз ізгілікті көбірек насихаттайды ғой. Адамдарды қатаң тыйымдармен қорқытып, үркітпейді. Қатты сырқаттанып қалған адам оразаны кейінірек өтеп, жеңілдік алуға болатынын сауаты бар әр адам біледі. Бұл қарапайым ғана мысал, ал иман мәселесінде бұдан да тереңірек үңілетін жайлар көп. Сондықтан, дін қызметкерлерінің бұл жерде белсенді жұмысы аса қажет екенін көреміз.
Діни сауаттылық заманның тамырын дөп баса білетін саналық құндылықтар арқылы да жандана түседі. Егер отбасында діни сауат ашпаса, білім ордасында лайықты білім берілмесе, біз жастарды имани тұрғыда сауатсыздыққа ұрындырамыз. Жалған жат ағымдардың, экстремистік топтардың белгілерін ажырата алу мәселесінде жұмыстың ақсағанын көреміз.
Мен мешіттердің жанындағы сауат ашу курстарында дәріс алып жүрген қыз шәкірттердің ислам діні жайлы танымдық сауалнама жауаптарымен танысып шықтым. Бұл бір ғана мешіттің айналасындағы ақпарат болса да, онда шәкірттердің дені намаз оқуды өз отбасындағы ата-ана нұсқауымен емес, басқаларға еліктеу арқылы бастағанын айтады. Кейбір оқиғаларда ата-аналар оларға тыйым салып, ислам жайлы әңгіме қозғауға рұқсат бермейді екен.
Осы көрініс енді ғана қалыптасып келе жатқан тұлғаның діни сауатын ашуға кері әсерін тигізетіні айдан анық. Мәселе, ол балалардың намазды ерте бастан оқығанында да емес, отбасында діни тәрбиенің берілмеуінде. Осындай әртүрлі тыйымдарға қарамастан жаңағы бойжеткендер тығылып намаз оқып, ақыры өз ата-анасын да осы жолға түсіреді.
Білім ордаларында дінтану сабақтары өте бастағанына да бірсыдырғы уақыт болды. Меніңше, бұл пән жастардың діни сауатын ашуға толықтай мүмкіндік туғызды десек, қателесеміз. Әлі де біржақты жалпылама тұрғыда дін тағылымы жайлы деректер ұсынылады. Ең бастысы, заманның талғам-тілегімен орайлас келу жағы кемшін жатыр. Осы тұрғыдан бұл дінтану пәніне толықтыру енгізу қажет-ақ.
Экстремизммен ымырасыз күрестің ең бір басты шарты – осы ұғым туралы қоғам мүшелерін тереңірек хабардар ету, шынайы ақпарат беру. Бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілердің құзырын кеңінен пайдалану аса маңызды. Ал, «бізде бұл бағытта қарымды жұмыс бар ма?» – деген сауал әркімді ойландырары хақ. Тағы да ғаламторға көз салсаң, діни сауаттылықты ашудан гөрі, керісінше, адамдар санасына кері әсер беретін ақпараттар көп.
Жұма күні сөзімнің басында әңгіме еткен жас жігітті тағы көрдім. Бұл жолы оны мешіттегі имамдардың бірі ертіп бара жатты. Мұндай жолдағы намазхандар дін қызметкерлерінің сөзіне құлақ аспайды деп естуші едім. Өзінің ұстанған бағытының дұрыс-терісіне қанығуды қалаған екен ғой деген ой келді маған.
Қазақтың ұлттық мүддесі де ортақ, асыл діні де бір, олай болса, сан ағымға бөлінбей, ынтымақ-бірлікте өмір сүргенге не жетсін!

Бақыт СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар