Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Арайлымның бақыты!.. - АРҚА АЖАРЫ

Арайлымның бақыты!..

…Көзі ілініп бара жатқанына қарамастан, ерікке қоймай өлең де тілге орала бергені шала-шарпы есінде қалған. Таң атқасын кішкентай қызы Арайлымға, «Анашым, сіз түнімен өлең оқыдыңыз» деді. Өлең киелі ғой. Соңғы кезде Арайлымның көңілсіз жүргенін сезген болар. Жыр жанына маза бермеді. Жүрегін сөз жеткізгісіз тылсым сырға бөлеген сол бір алапат сезімнің күшін өзі де сезетін. Таңнан тұрып, тағы да өлең жазды. Осы жолы жүректегі жазуды бірден ақ қағазға көшіруді жөн көрген.

Шолпыдай сыңғырлы күлкісі,
Мейірім тұнғандай нұр жүз.
Көзіме қарайды наздана,
Өзімнен аумаған бір кісі!

Мінезі, қылығы аумаған,
Жанымды осылай баураған.
Әлемді іздесем табылмас,
Өзіңнен ең жақын жан маған…
Пысылдап ұйқы құшағында алаңсыз, бейқам жатқан балаларын оятып алмайын деп, демін ішіне тартып, ақырын иіскемекші болып ұмтыла бергенінде, сүйкімді Сырғалымы кіп-кішкентай қолдарымен оны дереу қапсыра құшақтап, бетінен шопылдатып сүйіп жатыр, сүйіп жатыр…
Бір-ақ сәтте жан дүниесін төңкеріп, жүрегін шексіз шаттыққа бөлеген мына бір тылсым сезім үшін Аллаға сансыз шүкір етті ол! Сол бір сәтте осынау бейопа тірліктің сансыз күрмеулі мәселелері де, қол жеткізбес қазынасы да осы санаулы секундқа татымайтынын жүрегімен ұққан. Ананы жадырататын да, уайымға салатын да бала! Себебі, бала бақытты болса ғана ана бақытты!
Балаларымен қимай қоштасып жұмысқа жол тартты. Көппен бірге аялдамада тұрып, неге екені белгісіз анасынан безінген балалар туралы ой мазалай берді. «Иә, ана баланы шексіз сүюі керек. Басқаша болмауы тиіс!»,–деді іштей Арайлым. Іштей қайталаған сияқты болып көрінгенмен, жанында өзі сияқты автобус күтіп тұрған көп келіншектің бірі мұның жүзіне отты жанарын қадағанда ғана артық сөйлеп қойғанын сезе қалды. Тегі іштей қайталап айттым дегені бекер болды. «Кеше теледидардан шақалақты қоқысқа лақтырып кеткен бір ана туралы сюжет көріп…»,–дей берді ақтала Арайлым. «Дұрыс айтасыз, әлеуметтік желі арқылы тарайтын сұрапыл, сұмдық оқиғаларды ана жасады деп айтуға ауыз бармайды. Оларды ана деуге болмайды! Өз баласына қастандық жасаған адамды қылмыскер деген дұрысырақ шығар. Әке баласынан безсе де, ана безбесін. Қыздар осыны ұғуы керек! Себебі, анасы жоқ бала тұл жетім»,– деді жанында тұрған келіншек Арайлымның ойын жалғап.
«Баладан безген ана бәрібір бақытты бола алмайды!». Арайлымның түйгені осы. Шүкір, шүкір дегенді қайталай берді іштей…
Р.S: … Бүгін жұмыстан әдеттегіден кеш оралған. Түн жарым болғанына қарамастан балапандары күтіп жүр екен-ау. Оларға арнап әкелген базарлықтарын да үлестіріп жатыр. Үйге кіргені сол еді, жатын бөлмеден анасының үйге киетін киімін үш жасар балдырғаны сүйреп әкеле жатыр. Бәрі де кішкентай қыздың қылығына сүйсініп, күлуде. Балаларын ортаға алған Арайлым да балаша мәз болып, марқайып отыр. Ана бақыты деген осы-ау, шамасы!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар