Бүгінгі таңда жиырма алты мыңдай зейнеткердің басын біріктіріп отырған Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі – облыстағы ең үлкен үкіметтік емес ұйым. Осыған орай жылдан-жылға жұмыс ауқымы да кеңейіп, қарияларымыздың қоғамдық жұмыстағы белсенділігі арта түсуде. Ардагерлік қозғалысты онан әрі дамыту мақсатында алда тұрған ауқымды міндеттер жайлы ой бөлісу үшін қалалық кеңестің төрағасы Шияп Шарапұлы Әлиевті сөзге тартқан едік
►– Кешегі күні майданда қан төгіп, елін қорғаған ерлермен бірге бұғанасы бекімей жатып тылда қажырлы еңбек еткен қарияларымыздың бүгінгі тұрмыс жағдайы, оларға көрсетілер материалдық көмек пен әлеуметтік қолдау кімді болмасын бей-жай қалдырмас. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан шаралар жайлы айтып берсеңіз?
– Иә, өте көкейтесті мәселені қозғап отырсың. Өкінішке орай жылдан-жылға бұл санаттағы ауылдардың да қатары сейіліп барады. Қазіргі таңда қаламызда Ұлы Отан соғысына қатысушы – 15, тылда еңбек еткені үшін марапатталған – 77, марапатқа ие емес – 1582, майданда қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері – 57, концлагерьдің кәмелетке толмаған тұтқыны – 12, Ленинград блокадасының тұрғыны болған 1 адам тұрады. Биылғы жылы көп балалы 1010 анаға 12625 теңгеден жалпы сомасы 12,7 миллион теңге, 191 ауғандық интернационалист-жауынгерге 50,5 мың теңгеден жалпы сомасы 9,6 миллион теңге көмек жасалды. Ал, Жеңіс күніне орай 15 майдангер мен мүгедекке 505,0 мың теңгеден, тыл еңбеккері мен соғысқа қатысушымен теңестірілген басқа санаттағыларға жалпы сомасы 25,9 миллион теңге бөлінсе, табысы аз 1383 адам 50,8 миллион теңге әлеуметтік көмек алды. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 1 мамырына 8,0 миллион теңге тұрғын үй көмегі көрсетілді.
Жергілікті және республикалық бюджет қорынан мүгедектерге қолдау көрсету бағдарламасы бойынша биыл 758 адам гигиеналық құрал-жабдық алса, сөйлеу қабілеті төмен 95 адамға арнайы мамандар көмек көрсететін болады. Өткен жылы облыстық бюджет есебінен 692 адам санаторлық-курорттық ем алса, 108 адам 146 орындық-коляскамен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, 3 майдангер мен 22 мүгедек бала есту аппаратын, 1-2 топтағы мүгедектер мен он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға 255 тифложабдық сатып әперілді. Ағымдағы жылдың бес айында 7 адамға протездік ортопедия көмегі көрсетілсе, 70 адам «Инватакси» қызметін пайдалануда.
Қалалық мәслихаттың 2018 жылғы 6 сәуірдегі №С-20/4 шешіміне сәйкес онкологиялық сырқатпен ауыратын 960 адам 34,6 миллион теңгенің, төтенше жағдайға душар болған 246 отбасы 17,7 миллион теңгенің көмегін алды. Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанындағы бес бөлімше қызметкерлері жекебасты адамдар мен жалғыз тұрып жатқан қарттар мен мүгедектердің үйлеріне барып әлеуметтік көмек жасайды. Қазіргі таңда мұндай көмек алушылардың саны – 504 адам.
►–Ардагерлер кеңесінің жүйелі жұмысы көп жағдайда бастауыш ұйымдар мен тұрақты комиссиялардың үйлесімді іс-қарекетіне байланысты. Бұл бағытта жинақталған озық тәжірибе барын жақсы білеміз?
– Әлбетте кез-келген ұжымның үйлесімді қызметі бастауыш құрылымдармен тығыз ынтымақтаса жұмыс істеудің нәтижесіне байланысты. Сол себепті де, біз күнделікті қызметімізде 144 бастауыш ардагерлер ұйымына иек артамыз. Тек қана соңғы екі жылдың өзінде осындай 10 жаңа ұйым құрылды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Қолжеткен жетістіктерді одан әрі баянды ету мақсатында өзара тәжірибе алмасу практикасын жиі қолданамыз. Осы мақсатпен 23 мамырда бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағаларымен семинар-кеңес өткіздік. Жиын барысында іс-қағаздары мен есеп беру карталарын қалай толтыру жөнінде ұсыныстар таратылды.
Бұл бағытта облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы мен жоғарғы техникалық мектеп бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары Алтай Нұрғасымов пен Халима Қожабаева әкімшілікпен бірлесіп зейнеткерлердің әлеуметтік мәселесін шешу, жастарға патриоттық тәрбие беру жөніндегі іс-тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, биыл құрылғанына 20 жыл толғалы отырған ауыл шаруашылығы басқармасының ардагерлер ұйымының есебінде 67 зейнеткер тұрады. Әкімшіліктің қолдауымен мұнда айына 50-80 мың теңге мөлшерінде атаулы көмек көрсетілуде. Мерекелік шараларға басқарма басшылары қатысып, сый-сияпат жасайды. Ауыл шаруашылығы өндірісінің майталмандары Е.Қадыралин, В.Корябкин, С.Балтабай, М.Ысқақов, А.Бекқожин, М.Қиықов өздерінің еңбек жолдары жайлы кітап жазды. Соңғы бес жылдың ішінде он сегіз зейнеткерге «Еңбек ардагері» атағы, алты адамға «Құрметті ардагер» медалі тапсырылды. Әріптесіміз Халима Шәріпқызы, міне, 40 жылдай жоғарғы техникалық мектепте оқытушы болып істейді. Сонымен бірге, осындағы бастауыш ардагерлер ұйымына жетекшілік етеді. Өмірден түйгені мол ұлағатты ұстаз көкірегі ояу, көзі ашық, жүрегі таза ұрпақ тәрбиелеуде жаңа заманауи ақпараттық технологияларды тиімді пайдалануға жете мән беруде.
Краснояр селолық округінің ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Вера Попова іс-қағаздарымен жұмыс істеу жөніндегі іс-тәжірибесімен бөлісті. Мұндағы барлық ақпарат көрнекті жерлерге ілінген. Ұйым есебінде тұратын әр зейнеткермен жеке жұмыс жүргізудің нәтижесінде олар өздеріне қатысты барлық мәліметтерді оп-оңай таба алады. Қалалық кеңестің алқа мүшесі Валентина Соломина ардагерлердің демалысын ұйымдастыруға байланысты «Ақбұлақ-Родник» және шахмат-дойбы клубтарының жұмысы жайлы толық ақпарат берді. Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Қали Ахметов қарт адамдардың құқықтары мен мүдделерін әлеуметтік қорғау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жайлы егжей-тегжейлі айтып берді.
►–Ардагерлердің күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға белсене қатысуына қарағанда семинар-кеңес жұмысы көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты. Өйткені, баяндамашыларға қойылған сауалдар бүгінгі қоғамда жиірек айтылып жүретін көкейтесті мәселелер екендігін аңғардық.
–Иә, шын мәнінде солай. Мәселен, Теңбай Ыбыраевтың тыл еңбеккерлеріне куәлік беру жөніндегі ұсынысы көңілге қонымды. Алайда, бұл мәселе үкімет құзырында болғандықтан нақтылы шешім таппай отырғандығы қатты алаңдатуда. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар мен ауғандық жауынгердің де статусы заң жүзінде нақтыланбаған. Чернобыль атом станциясындағы апатты жою зардаптарынан қаза тапқандардың жесірлері де тиісті дәрежеде материалдық көмек ала алмай отыр.
«Еңбек ардагері» атағын қалай алуға болатындығы жөнінде сауалдар бізге де көп түседі. Бұл мәселе салалық министрліктердің құзырлығында болғандықтан өтінішіміздің қанағаттандырылуы тым баяу. Дегенмен, кей облыстар медаль мен куәліктерді өздері жасап, жергілікті әкімдік деңгейінде шешімін тауып жатқан сыңайлы. Бұл әрекет заңды қадам болса, онда үкіметтің тарапынан тиісті шешім қажет сияқты. Тағы бір өткір мәселе – ауыл-селолардан қалаға көшіп келген зейнеткерлерді есепке алу. Былай алып қарағанда оп-оңай сияқты болғанымен, оларды пәлендей ұйымға тіркеу үшін жарғыны өзгерту керек екен. Мәселен, ауыл шаруашылығы басқармасы бастауыш ардагерлер ұйымының жарғысында қатардағы еңбек адамдарын есепке алу мүлдем қарастырылмаған. Кезінде осы санаттағы адамдар үшін жеке ұйым құру жөнінде талпыныс та болған. Алайда, прокуратура бұл әрекетті заңсыз деп тапты.
►–Жас ұрпақ өмірлік тәжірибесі мол, көкірек көзі ояу қазыналы қарттардың ақыл-кеңесіне зәру. Сол себепті, ардагерлерімізді қоғамдық жұмысқа белсендірек тарту қажет. Көпшілікті жұмылдыратын мәдени-көпшілік шараларды да көбірек өткізу керек сияқты.
–Менің де ұстанымым осындай. Міне, бірнеше жылдан бері асық ату жарысына қатысып жүрміз. Әу баста: «Қарт адамға асық ойнаудың қанша қажеті бар», –деп сын айтушылар да болды. Уақыт өте келе бұл пікірдің жалғандығына көздерін жеткізуге тырыстық. Батагөйлер сайысы да зейнеткерлер тарапынан үлкен ықылас туғызуда. Бильярдтан былтыр өткен жарысқа үш-төрт адам қатысса, биылғы сайысқа Көкшетау қаласынан басқа тоғыз ауданның өкілдері келді. Қала намысын қорғаған төр ойыншының ішінен суырылып алға шыққан Марат Досқожин чемпион атанды. Алдағы уақытта тоғызқұмалақ, теннис үйірмелерін ашу да ойымызда.
Келесі жылы «Ақбұлақ-Родник» клубына 20 жыл, шахмат-дойбы клубына 15 жыл толады. Ұлы Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында осы клубтардың жұмысымен облыс әкімі Ермек Маржықпаев танысып, материалдық көмек жасалатындығын айтты. Ал, Көкшенің өр тұлғасы, халқымыздың біртуар асыл перзенті Еркін Әуелбековті еске алуға арналған грек-рим күресінен турнир 20-22 маусымда «Бурабай» спорт сарайында өтеді.
1920 жылы халқымыздың қаһармандығы мен өжеттігіне сын болған Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл толады. Осыған орай, аға ұрпақтың ерлік және еңбек дәстүрлерін кеңінен насихаттап, арамызда тірі жүрген санаулы майдангерді шынайы қамқорлыққа алуымыз керек. Ол үшін өкілетті және атқарушы органдармен, әскери комиссариатпен, тиісті үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе арнайы жұмыс жоспарын жасайтын боламыз. Қалалық кеңестің, бастауыш ұйымдардың атқарған жұмысын қорытындылай келе айтпағым, қарияларымызға құрмет көрсету жолында пәрменді іс-қимыл таныта беретін боламыз.
Сұхбатты жүргізген
Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
журналистика ардагері.