Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өмір өріне туын тіккен - АРҚА АЖАРЫ

Өмір өріне туын тіккен

Тыным таппай, жылдам жүрісіне басып, көбіне көшеде кездесіп қалатын осы бір ағамыздың адам баласына бір-ақ рет берілетін мына өмірге құштарлығы, жасының қай тұсында да тынымсыз қарекеті, еңбекті, қимыл-қозғалысты серік етіп, «шауып» жүретіндігі жалғыз менің емес, талайдың көңіліне жылы ұялағалы қашан дейміз әуелі. Ал, енді бұған жанының емен-жарқындығын, адамның іші-сыртына аялай қарататын өзіндік жан-дүниесі, отты жанарының аясын қоссаңыз, Құмарғали Досов деген көпке белгілі дегдар азаматтың түр-тұлғасы, болмыс-бітімі де біршама айқындала түседі.

Жылы ықыласы, жөн сөзімен әрдайым жаныңды баурап тұратын кейіпкеріміздің өткен-кеткен өмірі, жүріп келе жатқан сан тарау жолдарынан сол сәтте бірден сыр аңдай алмауыңыз да мүмкін. Бірақ, былай бұрыла беріп, оны білетін қай замандасынан да бір-екі ауыз сөз суыртпақтасаңыз, осы бір жақсы адамның жан сұлулығы мен азаматтық биік тұлғасы жайлы көкейіндегі ізгі ойды ақтарып-ақ тастайды. Бұл не? Бұл – Құмарғали Досов ағамыздың сексенге табан тіреген осы жасында іргелі ісімен де, есейіп, ат жалын тартып мінгелі өмірінің бағдары етіп ұстанған кісілік-кішілігімен де көптің сенімінен шығып жүргендігінің нақты белгісі. Аға туралы толғанысымызды алдымен осы бір ойымызбен әдіптеп жатқанымыз да тегін емес. Сол ә дегеннен арды ту етіп, айналасын өмірге деген түзу көзқарас, ізгі ниетпен аңдаған Азаматтың биік тұлғасын оқырманға бір білгізіп алсақ деген ниет.
Ал, әр жағы, бұғанасы қатқалы босаңсуы жоқ сексеніне дейінгі аралықтағы бар өмір бедері, жылдарының жылы да мағыналы айшықтары 2009 жылы баспа бетін көрген өзінің «Ат үстіндегі азамат» атты кітабында да кеңінен жан-жақты баяндалған екен. Бұл кітап туралы білмеппіз. Ал, білген адам, оқыған адам өкінбейтініне, яғни, тұшынып отырып, бір қала, бір ортада жүрген соң көз алдымыздан ұзай қоймайтын Құмарғали ағамыздың мағыналы ғұмырының талай-талай өрі мен қырына, шырайлы да шынайы сипатына қанығатынына қапысыз бәс тігердей боласың. Қарап отырсақ, бұл ағамыздың тағдыры, тұтастай өмірі бүкіл қазақ даласын, қазақ баласын бір-бірімен етене жақындастырып, бір бүтінге сыйғыза түсетіндей ой-қырды көп шарлаған, көп жүріп, көп тұрған тынымсыз ғұмыр екен. Басынан өткен неше бір хикаялар, тұйыққа тірелгендей болған сындарлы сәттердің өзінде ақыл-ойы, епті қимылы мен ет тірлігі, ақ самалдай аңқылдаған аппақ көңілі сол қиындықтан алып шыққан алыс-жақын сапарлар Құмарғалидай ағаның бүкіл болмысын одан әрі ашып, қандай азамат, қандай қазақ екендігіне көзіңді де, көңіліңді де әбден жеткізе түсері бар.
Осылай өмірде біз көріп жүрген жайсаң жан мен кітаптағы әр болған оқиғамен қадірі арта түскен кейіпкер өзара тоғыса келе, сізге адам деген ұлы тіршілік иесінің бар жақсы қадір-қасиетін жайып салғандай болады. Ал, бойындағы сол ізгілік иірімдері, тиянақтылық, тынымсыздық дағдысы әу баста қай топырақта тамыр көктетті десеңіз, көз алдымызда ойша сонау Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының Пятимар (Бесқалмақ) ауылы тұра қалады. Ол ауылды біз көрген жоқпыз. Бірақ, Құмарғали Досовтай ел азаматтарын дүниеге әкеліп жатса, осал ауыл болмағаны ғой. Шыр етіп жарық әлемді көрген жылы соғыстың алды болатын болса, бұл кісі де сондағы бәрі майдан үшін, Жеңіс үшін деген алапат күннің ыстық-суығын сезбеді, білмеді дегенге келмес. Соғыс біткеннің өзінде ес біліп қалған алты жастағы бала екен. Демек, Құмарғали ағалар да іргедегі Көшім өзенінің ақ сазан балығымен бірге өсіп қана қоймай, майданнан қара қағаз келген аналардың да көз жастарына бірге дағдарып, қайғының қасіретімен жетілген қара домалақтардың санатынан ғой.
Сол зұлматтың кішкентай баланы да тағдыр тәлкегіне салғанына бір ой жүгіртіңіз. Әкесі Жайым қан майданға соғыс басталысымен-ақ аттанып, арада небары екі ай өтер-өтпесте қара қағаз келеді. Әкесінің ағалары Қайрел мен Аққали осы от жалыннан бірі аяқсыз, бірі қолсыз оралғанда, «менің әкем неге сендермен бірге келмеді?» деп қиғылықты салған да осы Құмарғали ағамыз. Өзі емес, соғыс қой бала көңілін осыған барғызған.
Міне, осындай өмір тауқыметі бір есейтсе, ұшқыр ой-қиялы, өзі қолында өскен ұлы әжесі Рахиланың тәрбиесі екі есейткен ағамыз күндердің күні ер жеткенінің де белгісіндей мектебін аяқтап, одан әскер қатарына алынады. Қасында арқа сүйейтін әке жоқ, бір өзіне ғана сенуі керектігін білген соң да жастайынан еті тірі еді. Көз ашып көрген бір ортасы – ауылындағы Буденный атындағы Пятимар жылқы зауыты. Сол зауытта майданға үйретіліп жататын жылқылар бар аңсарын билеп, Құмарғалиды да жалы қайырылған асау биелер мен аттарға жиі көз салдыртып қоятын. Өмірінің бір мәні мен сәні жылқыға деген құмарлығы осылай оянып, осылай біржола қанына сіңіп қалды.
Сол біз айтқан соғыстан кейін «оқу оқимын» деп бірден ҚазГУ-ге ат басын бірақ тіреген Әзілхан Нұршайықов ағамыздың «Махаббат қызық мол жылдарындағы» Ербол сияқты Құмарғали Досов та әскерден жұлқынып отырып, Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтынан бір-ақ шықты. Жол-жөнекей үш жыл көкірегінде сағынышпен құндақтаған туған ауылына да соқпастан. Таңдап алған мамандығы да баяғы жүрек түкпіріндегі жылқы малына деген ынтызарлығымен дөп келген. Сол оқуға жолдама алу үшін де барын салып, әскери борышын адал өтеудің қандай бір өнегесін танытпады дейсіз.
Ару Алматы студенттік өмірдің баянды қызығын ғана емес, өмірлік жарын да сыйлады. Ол – сұлу Көкшенің есті де көрікті бір қызы Қадиша еді. Өзіндей студент. Бұл кезде ағамыз өзіне тән сегіз қырлы, бір сырлы мінезімен осы ортаның да ұңғыл-шұңғылына етене бойлай түскен. Күндердің күні штанга көтеріп, спорттық додада топ жарған жігіт Мәскеудегі КСРО халықтары жазғы спартакиадасына лексін. Бұл 1963 жылдың нақ өзі еді. Аз уақытта Әбілсейіт Айханов, Әбдісалан Нұрмаханов, Амангелді Ғапсаттаров, өзіндей ауыр атлетші Степан Ульяновпен танысып, тіл табысып кетті. Мәскеуде де қарап жүрмей, өзі қатарлас жігіттерге бас-көз болып, жеңіске жігерлендіріп, соларға жанкүйерлік етіп, өзі де кезегі келгенде барын салып, үлкен әсер, тың таныммен оралды.
Соңғы мемлекеттік емтихан алдындағы практикасы таяғанда, өзі сүйген жарым бола ма деп жүрген Қадишасының еліне де жолы түскенін іркіп қалуымызға және болмас. Осы алты айлық практика жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына кіріп шыққаннан кейін сол кезде аты дүрілдей бастаған Щучье құс фабрикасына, одан оның бөлімшесі саналатын Қарабауыр ауылына барады. Тура сол ауыл, Қадишаның ауылы. Көңіл де қобалжулы. Оның үстіне студентке тұратын пәтер керек болып, бөлімше басшысы Нұрсейіт Хасенов «осы үй ыңғайлы-ау» деп Қадишаның ата-анасының үйінен бір-ақ шығарады. Оны кейін біліп, қысыла түскен Құмекең осылай қалыңдығына үйленбей тұрып, оның әке-шешесінің сынынан да өтіп алған нағыз азамат дерсің.
Сол бетімен оқудан кейін де көкшелік болып қалды. Әуелі сол Щучье ауданының Дорофеевка ауылында зоотехник қызметі бұйырды. Әсіресе, жылқы малын қапысыз сүйетін, ешкімге жаттығы жоқ ақ көңілімен айналасын өзіне үйіріп алатын жас маман бірден білек сыбана іске кірісіп, жемісті еңбегімен басшылардың да, былайғы жұрттың да ойынан шыға түсті. Алматыда алған жоғары білімімен сол орнын өзі олқысынбаса да, сәті келген күні тағы да сол ауданның «Жамбыл» қой шаруашылығына бас зоотехник болып тағайындалды. Бұл 32 мың қой, 2500 жылқысы, 2000 ірі қарасы бар кеңшарда ер жігіттің және бір қызмет бабында сыналуы еді. Онда да осы қыруар малды шашау шығармай, қайта біреуін екеу етіп, өзінің жүктелген сенімге бекем екенін көрсетті. Мұны жалғыз өзінің еңбегі деуге келмес, әрине. Бұл жолда шаруашылық директоры Асқар Мұқышұлы Күсесов, басқа жөн білетін азаматтар мінезі шыңдалып, тәжірибесі толысуына ағалық ақыл-кеңестері, жанашыр ықылас-пейілдерімен игі ықпалдарын молынан тигізді.
Әрине, өмір, тіршілік барда адам да бір орында жүре бермейді, тағдыр, дәмнің жазуы анда-мында жетелей түседі. Бұған дейін ауылда тұрып, ауылда еңбек еткен Құмарғали ағамызбен де солай болып, 1973 жылы Көкшетау ет комбинатының мал қабылдау бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Кезінде көзіміз көргеннен кейін ол жұмыстан біз де ептеп хабардармыз. Шаруашылықтардан алдын-ала белгіленген кестемен етке тапсырылатын мал үздіксіз келіп жатады. Тоқсан, жарты жылдықтардың аяғында, жылдың соңында жос-
парды орындау үшін жанталас басталғанда, ағылатын малды көрсеңіз. Ондай күндер Құмарғали ағамыз бастаған жігіттерге де сын. Дамыл таппай, келген малды жайғастыру, оны тездетіп, сою цехына жіберу бүге-шігесіне тоқталсақ, көп әңгіме. Кестемен үйлесіп, үлгеру үшін де үлкен іскерлік керек. Осы қызметті жеті жыл атқарып, сол бұрынғы ұйымдастырушылық қабілетінен танбаған абзал азамат енді өзін тағы бір жаңа істе сынайды. Яғни, 1980 жылы жаңадан құрылған Көкшетау арнайы су құрылысы тресінің жабдықтау бөлімінің бастығы қызметіне келіп, осы ұйымның керек-жарағы үшін бүкіл кеңестер одағын айналып шығады. Жұмыс бабымен бірде Мәскеудегі Главкаға, бірде қиырдағы Хабаровск пен Красноярск өлкелеріне сапар шеккен Құмарғали ағамыздың бұл қызметте де жолы болмаған кезі жоқ. Кейін су шаруашылығындағы облыс қажетіне асқан талай бағалы жабдықтар осы кісінің қолымен келген. «Берсең жолыңнан, бермесең қолыңнан» дегендей солардың кейбіреуін небір дөкейлерге өзінің ет тірлігімен, өткірлігімен сөзін өткізіп тұрып, бетін бері қарай бұрып алып келетін. Сөйтіп, кіммен болсын тіл табыса білетін дипломатиясы мұндай шаруаларға осындай жылдам, аяқ-қолы жеңіл адамдардың керектігін сан мәрте дәлелдеп берген.
1986 жылы Көкшетау облыстық агроөнеркәсіп кешеніне бас мал маманы болып ауысқаны кейіпкеріміздің жоғарыда біз айтқан жылқы малына деген ынтызарлығын және бір еселеп, аңсағаны алдынан шыққандай болды. Сол кезде осылай тұтас бір аймақтың мал шаруашылығы саласына жауапты тұлғаның бірі болуымен қатар, Щучье ауданының Мәдениет ауылындағы шопандардың дәстүрлі слеті өтіп келген Аққайың деген жерде «Батыр Баян» фильмінің түсірілуіне де баға жеткізгісіз үлесін қосты. Олай деп отырғанымыз, Алматыдан келген осы фильмнің түсіру тобына күніне мың шақты адамды, мініс аттарын, киіз үйлері мен басқа да керек-жарақтарын тауып беріп отыру оңай ма? Оның үстіне ол кезде халық қазіргідей бос та емес, көбі жұмыста. Әрі тарихи кино болғандықтан, массовкаға білекті жігіттер керек. Бірақ, ежелгі әдетімен мұндайда сыр берер тағы Құмекең бе?! Бұл жүктелген міндетті де абыроймен атқарып, оған қоса, Ерейментаудағы Бөгенбай батырға, Қарағандыдағы Бұқар жыраудың 325 жылдығына арналған қос ас пен Семейдегі ұлы Абай, Алматы облысындағы Жамбылдың 150 жылдық тойларының барысында облыс басшылары ауыл шаруашылығы басқармасына тапсырған шаруалардың да бел ортасынан көрініп, сол жаққа киіз үй, бәйге аттарын апару, оларды жайғастырып, бәйгеге дұрыс қосу, қай іс болсын, үнемі сенім биігінен көрінген тынымсыз еңбегі де неге тұрады?!
Бәрімізге арман болған тәуелсіздігімізді алардың алдында, одан кейін де өзіміздің Көкше жерінде өткен дәл осындай дүбірлі тойларда да осы бәйге аттарының басы-қасында жүрген Құмарғали ағамыз әртүрлі қашықтықтарға ат жарыстарының ойдағыдай өтуіне лайықты үлесін қосты. Соның біразында бас төрешілікті қоса атқарып, талай желдей ескен жүйріктің құдыретін көз алдынан өткізді. Бұл арада бүкіл елге сауын айтылған ұлы Абылай хан бабамыздың 280 жылдық, Кенесары ханның 180 жылдық тойларын қалай еске алмайсың. Сол кезден бастап кең-байтақ қазақ даласында өткен талай тойларға ат спортынан облыс құрамасын бастап апарған да осы ағамыз еді. Ат жарыс десе елең ете түсетін халыққа түр-тұлғасы, атшабардағы шалт қимылы етене таныс көпті көрген, қай салада қызмет атқарып, қай істің тізгінін ұстаса да, ел сенімінен шыға білген осы бір ақжарқын ел ағасы әлі де солай жылқыдай қасиетті түліктің қадірін асқақтата берер деген ойдамыз. Оған еңбегімен алған «Қазақстан Республикасының спорт жөніндегі ұлттық төрешісі» атағы мен «Қазақстан Республикасының дене тәрбиесі мен спортына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі де әбден айғақ боларлықтай.
Ал, енді осы ағамыздың сонау 1990 жылдардан бастап өз жүрек қалауы, рухының беріктігі, намысқойлығымен ұлтына сіңіріп келе жатқан рухани еңбегі де бір төбе. Бұл ұлтжандылығының бір қыры 1990 жылы Көкшетау қаласындағы Боровской шағын ауданында көршілес тұратын 9 қазақ отбасы бірлесіп, халқымыздың бүкіл салт-дәстүрін өмір салтына енгізген «Бурабай» ауылын құрып, оның басшысы болып Құмарғали Досов ағамыз сайлануынан көрінген еді. Кезінде бұл бастама жергілікті басылымдарда да насихатталып, көпшілікке үлгі-өнеге ретінде ұсынылған болатын. Әсіресе, ұлтымыздың баянды болашағын ойлаған Алаш идеясына жан-тәнімен берілген ағамыз сол тоқсаныншы жылдары өзін ерекше танытқан осы аттас қозғалыс кезінде білек сыбанып, талай елдік істердің бел ортасында жүрді. Алаш партиясының Көкшетау қалалық ұйымын басқарып, қазақтың Сәбетқазы Ақатай сияқты күрескер ұлдарымен мұраттас, пікірлес болды. Көкшетауда өз жиындарын өткіземіз деп өңмеңдеген казактарға осы партияның белді өкілдері Жанат Қасым, Қажыбай Қабыл-Фазыл, Жеңіс Темірхан сияқты азаматтармен тізе қосып, батыл тойтарыс бергендердің қатарында тас-түйін ширығып, осы Құмарғали ағамыз да жүргені әлі есімізде.
Мал төресі – жылқыға деген іңкәрліктей ағамыздың жан дүниесі де жақсылықтан, сырбаздықтан көп сыр ұққызғандай. Ер мінезі, мәрттігі тұла бойын өзгеше тұлғаландырып тұрады. «Өмірім, еңбек жолым керек болса, мынау «Ат үстіндегі азамат» деген кітабым» деп қолыма ұстатты да, кете барды. Тағы да асығыс, өзіне ғана мәлім бір шаруа алып-ұштырып тұр.
–Астанаға барар жолдың бойында Құлагерді орнатқан Сәдібек Түгел осы сайлауда Президенттікке кандидат қой. Сол үміткердің шаруасымен мекемелерге бара жатырмын,–дегенінен ғана мән-жайды ұқтық.
Иә, Құмарғали ағамыздың бүгінгі сексенінде де бір басында қоғамдық жұмыстары жетіп артылады. Ауыл шаруашылығы министрлігі ардагерлер кеңесінің Ақмола облыстық филиалының төрағасы, «Ұлы дала қырандары» республикалық мәдени-әлеуметтік қозғалысы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, Ақмола облысы ат спорты федерациясының жауапты хатшысы… Осы тұрғыдағы болмыс-бітімін ажарландыратын көп жұмысы бұл мақаладан тыс қалды. Өзі ұсынған кітапты қарай отырып, өз баяндауымызбен өмірінің басты-басты тұстарын ғана алдық. Ал, азамат дидарымен тұтастай таныс-біліс болу үшін осы «Ат үстіндегі азамат» кітабын, оның ішінде жазушы-ақын Серік Жетпісқалиевтің ой-толғамын оқуды ұсынар едік.
Біздің пайымдауымызша, жылқыжанды Құмекең өз өміріне риза. Ордалы Оралда туып, жер шоқтығы Көкшеде өмірін өткізіп, еліне елпілдеп жан аянбай қызмет етіп келеді. Шүкір, марапаттарының да сол елдік сипаты басым. Ұлттық спорт қоғамдастығының «Құлагер» орденімен, «Құрметті ардагер» төсбелгісімен наградталған. Сүйген жары Қадиша, бала-шаға, немерелері жанында. Тек күйеу баласы Дәулеттің ғана мезгілсіз өмірден өтуі жанын жүдетеді. Сонда да Құмарғали ағамыз тіршіліктің осындай сынына мо-
йымай, нағыз азаматтықпен өзі ұмтылған өмір биігіне одан әрі өрлей түсуде.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар