Тұлымды қыз кезінде үзіліп түскен моншақтай әсем Жөкей көлінің жағасында қыдырғанды ұнататын. Желді күні тостағандай шап-шағын көлдің беті кәдімгідей буырқанып кетуші еді. Ақбас толқындар бірін-бірі басып озғысы кеп, аптыққан ағынын баса алмай жарысып жататұғын. Адам ғұмыры да дәл солай екен ғой. Толқындай толықсып, тебірене теңселіп әлдеқайда алып-ұшып тұрады. Көкірегін әдемі арман әлдилейтін.
Жоғары сыныптарда оқып жүргенде анасы экономист болған соң өзінің де осы мамандыққа аңсары ауатын. Болашақты болжаған бір сырласуда өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, абзал ана ақыл қосқан.
–Қызым,–деген ол,–ең абзалы дәрігер болу. Қаншама адамға қуаныш сыйлайсың. Ал, балалар дәрігері болсаң, тіпті жақсы. Баладан асқан бақыт жоқ қой.
Ана сөзі аманат іспетті. 1986 жылы Казгородок орта мектебін бітіргеннен кейін Целиноград мемлекеттік медицина институтында білім алды. Облыстық балалар ауруханасында табан аудармастан 18 жыл қызмет еткеннен кейін еңбек жолы қалалық емханада жалғасты. Осы жылдар ішінде мол тәжірибе жинақтады, білімін байытты.
Сол тәжірибесіне сүйенген балалар дәрігері Әлия Шартиновнаның айтуына қарағанда, балалар бойындағы дерт жыл маусымына байланысты бірде азайып, бірде көбейіп тұрады екен. Мәселен, тыныс алу органдары, өкпенің қабынуы қақаған қыс айларында жиі кездеседі. Көктемнің де өз ерекшелігі бар. Кей жылдары белгіленген тәртіп бойынша жылу беру маусымы аяқталғанымен, жадыраған жаздың шуағын төгуі кешеуілдейді. Бұл енді біздің солтүстік өңірге тән жай. Қала пәтерлері қоңыржай салқын болған соң балалар ауруға жиі шалдығады. Ендігі бір мәселе осы жұқпалы дерт бой көтеріп, ауру белең алған тұста, онымен күресудегі қиындық. Маманның айтуына қарағанда, балалар дәрігері жетіспейді. Әрқайсысының жүктемесі екі-үш еседен келеді. Кадр тапшылығына негізгі себеп, жалақының жарытымсыздығы, баспананың жоқтығы, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың нашарлығы.
–Бұрын жоғары оқу орнын бітіріп келген жастар бір жүктемемен істейтін болса, айлығы 60 000 теңге шамасында болатын,–дейтін балалар дәрігері,–енді міне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша назар аударып, қамқорлығына алуының арқасында жалақымыз өсіп отыр. Бәлкім осыдан кейін мектеп бітіріп жатқан жас толқын адамзат үшін ең адал мамандық – дәрігерлікке бетбұрар.
Дәрігердің пайымдауынша, әсіресе, қала балалары жазғы маусымда жеткілікті демала алмайды. Бұл мәселеге де мықтап көңіл бөлу керек. Әрине, әрбір ата-ана бала қамын ойлауын ойлайды ғой, бірақ, суға шомылып, көкорай шалғында аунап-қунап дегендей бой жазғанға не жетсін.
Қазір балалар арасында ең жиі кездесетін ауру түрі – тыныс органдары екен. Күні-түні көк түтіннен арымайтын қаланың ауасы да кесірін тигізіп жатқаны анық. Бір-біріне сабақтасып жатқан қиындық атаулыны кешенді түрде шеше алсақ, келер ұрпақ дерттен ада, тәні сау, мықты ұрпақ болып қалыптасар еді.
–Балғын ұрпақ – ел болашағы, болашағымыз мықты болуы үшін де осы бастан ұзақ жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді көп болып бірлесіп шешу керек,–дейді Әлия Гайнутдинова,–қазір мемлекет тарапынан тым жақсы қамқорлық жасалып отыр. Біздің емхананың жанында күндізгі стационар бар. Емделуі, дәрі-дәрмегі тегін. Ай сайын ондаған бала емделіп, құлан-таза жазылып шығады. Рас, кадр жетпеген соң уақытпен санаспай, жұмыс істеуге тура келеді. Біз оған еш ренжімейміз. Өйткені, баладан асқан бақыт жоқ қой.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.