Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Нұрлан Жаров, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының директоры: «Емдеу саласында жаңа технологияларды енгізуге жете көңіл бөлінеді» - АРҚА АЖАРЫ

Нұрлан Жаров, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының директоры: «Емдеу саласында жаңа технологияларды енгізуге жете көңіл бөлінеді»

Заманауи технологиялар денсаулық сақтау саласына да кеңінен енгізілуде. Газетіміздің тілшісі Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының директоры Нұрлан Қайырұлы Жаровпен осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелескен болатын.

– «Триаж» жүйесінің сіздерде енгізіліп, жұмыс істеп жатқанынан хабардармыз. Жүйе қаншалықты нәтижелі жұмыс істеуде?
– Бұл Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан елімізде қолға алынып жатқан үлкен маңызы бар жобалардың бірі. Біздің көпбейінді облыстық аурухана республика көлемінде осы жобаны қабылдау бөлімшесіне арнаулы қанатқақты жоба ретінде енгізіп, жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Жаңа жүйенің жұмысын меңгерту мақсатында бірқатар мамандарымыз бен дәрігерлерімізді шетелге арнайы оқуға жіберген болатынбыз. Оған қоса, қабылдау бөлімшесінің жұмысын жаңашаландыру бағытында дабыл жүйесі орнатылды. Осы арқылы науқастарға қандай көмек керек екендігі дер кезінде анықталып, тиісті шаралар ұйымдастырылып отырады. Жедел көмек көрсету арқылы ешкімді күттірмеуге тырысамыз. Мұның бәрі медициналық қызметтің сапасын көтеретін жоба.
«Триаж» жүйесі дегеніміз – сұрыптау. Қабылдау бөлімшесіне келген науқастар осы жүйеге байланысты үш топқа бөлінеді. Алдымен шұғыл түрде келген науқастарға зертхана арқылы сараптамалар жасалады. Сонымен бірге, медициналық көмек, жоспарлы түрде түсетін науқастар, амбулаторияға, яғни, емханаларға жіберілетін науқастарға көмек көрсету қарастырылады. Оларды стационарға жатқызбай-ақ ем-шаралар жасауға болады.
– Облыстық ауруханада цифрландыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Оның тиімді тұстары бар ма?
– Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Барлық дәрігерлерді компьютерлендіру жұмыстарымен қамтамасыз еттік. Жалпы, бізде медициналық құжаттың 100 пайызы электрондық нұсқаға енгізілген. Ауруханада тәулік бойынша 700-ден астам науқасқа қызмет көрсетіледі, олардың бәрінің құжаттарын басшы ретінде мен өз компьютерімнен қарап, бақылауға мүмкіндік бар. Қандай ем-шаралар жасалып, қандай диагноз қойылды, соның бәрі бақылауда ұсталады. Одан бөлек, жолда іссапарда жүрген кезімде де жұмыс барысын смартфонымнан қарап, қадағалап отырамын. «ДамуМед» жүйесі тез қарқын алып келеді. Осы қысқа мерзім ішінде ол өзінің тиімділігін анық көрсетті.
– Енді аурухананың жалпы жұмыстары, материалдық-техникалық және мамандармен қамтылу жайы туралы айта кетсеңіз.
– 2018 жылдың маусым айында төрт облыстық мекемелер біріктіріліп, қайта құрылған болатын. Сөйтіп, бұрынғы Ақмола облыстық ауруханасы, облыстық онкология диспансері, облыстық перинаталдық орталығы және тері аурулары диспансері біріктіріліп, көпбейінді облыстық аурухана болып ұйымдастырылды. Қазіргі күні ауруханамыз 775 орындық, оған қоса, 123 күндізгі стационар бар. Облыстағы ең үлкен медициналық мекеме болып саналамыз. Көпбейінді ауруханада қазіргі күні 1558 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 238-і дәрігер болса, 680-і орта медициналық қызметкерлер. Дәрігерлердің 80 пайызы санатты мамандар, оның 40 пайызы жоғары санатты. Облыстағы ең алдыңғы қатарлы білікті мамандар бізде қызмет істейді десем, артық айтқандық болмас. 28 клиникалық бөлімшеміз бар. Оның ішінде хирургия, ортопедия, нейрохирургия, кардио және инсульт орталығы және басқалары бар. Сонымен бірге, 22 пароклиникалық бөлімшелер жұмыс істейді. Олардың арасында зертхана, физиотерапия, массаж, компьютер, эндоскопия қызметтері бар. Міне, осындай тоғыз сала бойынша жоғары медициналық-технологиялық қызмет көрсетеміз. Бұрын ондай қызмет тек ғылыми орталықта ғана көрсетілетін. Қазіргі уақытта біздің өңірдің тұрғындары үшін бұл өте тиімді болып отыр. Мұның бәрі техникалық прогреспен және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен, екіншіден дәрігерлеріміздің біліктілігімен тығыз байланысты.
Бүгінгі күні анестезиолог, реаниматолог, акушер-гинеколог, кардиолог мамандары жетіспейді. Сондай дәрігерлер әлі де керек. Ал, енді аурухананың материалдық-техникалық базасына келетін болсақ, бұл саладағы жетістіктеріміз аз емес. Жалпы, ұжымның әлеуеті өте жоғары. Біздің негізгі мақсатымыз – медицинаның сапасын көтеру, яғни, облыс тұрғындарына жақсы, сапалы медициналық-стационарлық қызмет көрсету. Сондықтан, жаңа технологияларды енгізу арқылы қызмет сапасын көтеруге үлкен көңіл бөлеміз. Дәрігерлеріміз өз білімдері мен біліктіліктерін жетілдіруге де үнемі назар аударып отырады. Ресей мамандарымен және кардиохирургия саласы бойынша Литва дәрігерлерімен көп жылдардан бері тәжірибе алмасулар жүргізілуде.
Сондай-ақ, тәжірибелі мамандардың да бірқатарын атап кеткім келеді. Мысалы, кардиология саласынан Райхан Әбжанова, неврология бөлімінің меңгерушісі Макшарап Мартазанов, хирургия саласынан Бауыржан Ахметов, инсульт орталығының маманы Светлана Романенко, ортопедиядан Владимир Цой, травмотология-
дан Мұратбек Бекмұханбетов, перинаталдық орталықтан Айымгүл Маханова, Болат Шайзада, онкологиядан Михайл Алексеев, Мәрлен Атамбаев, кожвенерологиядан Наталья Соколова, білікті маман Алма Раева тағы басқа көптеген қызметкерлердің еңбектерін мақтанышпен айтуға болады. Бәрі де ауыз толтырып айтатын білікті мамандар. Оған қоса, облыстық аурухананы дамытуға көп үлесін қосқан, қандай да бір жетістіктеріміз болса, сол мамандармен байланысты болған ардақты ардагерлеріміз Болат Жанәділов, Айрик Акопян, Кенжебай Мұқышев, Виталий Малышенко, Серік Аяғановтарды айрықша атауға болады.
– Күрделі оталардың жасалуына және аудандармен әріптестік байланыстарыңызға қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Әлбетте, біздің көпбейінді облыстық аурухана тоғыз мамандық бойынша жоғары медициналық-технологиялық қызмет көрсететінін жоғарыда айтқан болатынмын. Соған орай, жасалатын күрделі оталардың бірі аортокоронарное шунтирование. Біздің ауруханада осындай 200-ден астам ауыр оталар жасалады. Одан бөлек жүрек клапондарына арналған оталар да өте ауыр оталардың бірінен саналады. Ал, рентгенэндоваскулярная хирургия – бұл отада жүрек тамырларына стенд қойылады. Ол сан артериясынан басталып, жүрек тамырларына дейін, егер ол бітеліп қалса инфаркқа әкеліп соқтырады. Сондықтан, тамырларды кеңейту үшін стенд қояды. Ондай оталар өте көп кездеседі. Жалпы, жыл сайын 2000-нан астам оталар жасалады. Нейрохирургиядан да оталар жасай бастадық. Иммобилизация, нейрохирургиялық стентинг, ми тамырларына арналған оталар, ортопедиядан буындарды ауыстыру оталары – жамбас буынының түйілуі, тізе буындары, ортроскопиялық ота, офтольмологиядан көп оталар жасалады. Осының бәрі біздің ақ халатты абзал жандардың еңбектерінің жемісі.
Жалпы, біз облыс бойынша барлық медицина мекемелеріне ұйымдастырушылық-әдістемелік көп көмек көрсетеміз. Біздің білікті бас мамандарымыз аудандарға арнайы іссапармен шығады. Аудандық дәрігерлер арасында оқыту жұмыстарын жүргізеді. Өткен жылдың өзінде аудандарда 18 іс-шаралар ұйымдастырылды. Оған қоса телеконференция өткізіп, аудандық дәрігерлерге кеңес беріп отырамыз, яғни телемедицина арқылы концелиум жасаймыз. Сондай-ақ, егер аудандық ауруханалардың мүмкіншіліктері шектеулі болса, ең ауыр науқастарды санавиация арқылы өзімізге алдырып, оталар жасап, емдейміз. Сондықтан, біздің көпбейінді облыстық ауруханамыз заманауи құрылғыларымен қамтылған деп айтуға толық негіз бар.
Сөзімнің соңында құрметті әріптестерімді, кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық пен облысымыздың тұрғындарының денсаулығын сақтау мен нығайту бағытында еселі еңбек ете беріңіздер демекпін.
– Келелі әңгімеңізге көп-көп рахмет.

Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар